Қандай тамақ ішіп жүрміз?!.

Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Азамат Дүйсеновтың төрағалығымен 2017 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен 2018 жылдың негізгі міндеттеріне арналған алқа отырысы болып өтті.

Бейне конференция түрінде өткен отырысқа департамент басшысының орынбасарлары мен аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының және «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының аудандық бөлімдерінің мамандары қатысты.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардың қызметіндегі маңызды міндеттердің бірі сатылған өнімдер мен тауарлардың қауіпсіздігіне қатысты техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын бақылау және қадағалау болып табылады.
2015 жылдан бастап жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер санының азаюы байқалады. Егер 2015 жылғы зерттеу нәтижесінде өнімдерінің 38,4 пайызында сәйкессіздіктер анықталса, 2016 жылы ол 24,1 пайызында, ал, өткен жылы 17,2 пайызында анықталған. Сәйкес келмейтін өнімдердің айналымын анықтау мен оны болдырмау бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылады, бұл үшін халыққа сатылатын өнімдерге қауіпсіздік мониторингі ай сайын жүргізіледі, сондай-ақ, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары жоспарлы түрде тексеріліп тұрады.
Өткен жылғы сараптама нәтижелері бойынша сатып алынған үлгілердің 17,2 пайызы қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмеді. Оның ішінде мәселен, азық-түлік тауарлары – 11,8 пайыз болса, балалар ойыншықтары – 8,7, балалар мен жасөспірімдерге арналған киім мен аяқ киім – 5,8, парфюмерлік және косметикалық құралдар, ауыз қуысы гигиенасының өнімдері – 6, синтетикалық жуғыш заттар мен тұрмыстық химия өнімдері – 1, майлар және арнайы сұйықтықтар – 0,7 пайызды құрады. Ал, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі таңбалау бойынша 91,4 пайыз, микробиологиялық қауіпсіздік көрсеткіштері – 7,7 пайыз, физика-химиялық көрсеткіштер бойынша – 4,8 пайыз сәйкессіздіктерді көрсетуде. Сатылымға шығарылған 5 тоннадан астам тауар, оның ішінде 324 келі азық-түлік өнімдері мен 3 тоннадан астам химиялық және мұнай-химия өнімдері тәркіленді.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша 162 бұйрық шығарылып, 23 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.
Нарық аймағында сапасыз өнімдердің айналымын анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары үнемі жүргізіледі. Халыққа сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін ай сайын бақылау, сондай-ақ, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын жоспарлы тексеру жолға қойылған.
Алқа отырысында сондай-ақ, бруцеллез, құтырма ауруларына қатысты мәселелер қаралды және облыста жүргізіліп жатқан эпидемияға қарсы іс-шаралар жайлы айтылды. Зеренді аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметіне кешенді тексеру жүргізу мәселесі жеке қарастырылды.
Департамент басшысы А.Дүйсенов қалалық және аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары басшыларының алдына 2018 жылға арналған нақты міндеттер қойды.
Облыс тұрғындары өздеріне қажетті өнімдерді таңдаған кезде аса сақ болулары керек. Әсіресе, жапсырмадағы таңбалауды мұқият оқып шығып, құрамдас бөліктердің, қоспалардың болуын жете зерттеу керек. Себебі, кейбір қоспалар аллергия тудыруы да мүмкін. Яғни, шығарылған күніне, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына және тағы басқаларына назар аудармай болмайды.
Жалпы, тұтынушылар тауарлардың сыртқы түрі немесе таңбалануы сәйкес келмеуі, сауда желілерінде тасымалдау немесе сақтау шарттары бұзылған, әрі құжаттар болмаған жағдайда бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау органдарына хабарлауларына әбден болады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *