«Қас-қағым» тағы да бас жүлде алды

Астана қаласында «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Театрлар ассоциациясы ұйымдастыруымен Қайрат Сүгірбеков атындағы республикалық жас режиссерлердің 1-ші фестиваль-форумы болып өтті. Осы фестивальде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының бесінші және алтыншы шақырылымдарының депутаты, жерлесіміз Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясын ұсынды.

Драматург Жабал Ерғалиевтің бұл драмасы 2015 жылы 19-23 қазан күндері аралығында Қырғызстан Республикасы V Халықаралық «ART ORDO» театрлар фестивалінде «ең үздік қойылым» аталымы бойынша бас жүлдемен марапатталған болатын. Бұл фес-
тиваль Бішкек қаласында заманымыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туған күні құрметіне жыл сайын дәстүрлі өткізіліп тұрады.
Енді міне, сол драмалық шығарма тағы да бас жүлдені иеленді. Астана қаласында «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Театрлар ассоциациясы ұйымдастыруымен өткізілген республикалық жас режиссерлердің 1-ші фестиваль-форумында, яғни, еліміздің 13 театры қатысқан режиссерлер фестивалінде осы спектакльді қойған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері Елік Нұрсұлтанға бас жүлде табыс етілді.
Фестивальге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров төрағалық етті. Өнертану магистрі Мирас Әбіл фестивальдің қазылар алқасына басшылық жасады. Құрамында кәсіби мамандар, театр саласының білгірлері мен театр қайраткерлері Гүлсина Мерғалиева, Дулыға Ақмолда, өнертану кандидаты Анар Еркебай, Ш.Руставели атындағы Тбилиси Мем-лекеттік театр және кино университетінің ректоры, режиссер Гиорги Маргвелашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр сыншысы Әлия Бөпежанова және журналист Әсия Бағдәулетқызы бар сарапшылар құрамы «Қас-қағым» драмасын және оның қойылымын үздік деп таныды.
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен бұл фестиваль өмірден ерте кеткен жас та жаңашыл режиссер Қайрат Сүгірбековті еске алумен басталды.
Елік Нұрсұлтан – бес-алты спектакль қойып үлгерген, өз қолтаңбасы қалыптасып келе жатқан режиссер. Оның Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» драмасындағы режиссерлік шешімдері тосын, мизансценалары ешкімге ұқсамайтындығы атап өтілді. Режиссер жақсы ізденген. Сценографиядағы төртбұрышты рамалар бір қалыптан шыға алмайтын бүгінгі сіз бен біздің «қабығымыз» іспеттес. Әр рамаға ілінген шамдарды кейіпкерлер біресе жандырып, біресе сөндіріп, сол арқылы режиссер философиялық терең ойды астарлайды. Актерлік ансамбль де шымыр, бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлерді шынайы сомдайды. Бұл орайда, Азамат Сатыбалдының психиатр Сәбиті, оның пациенті – Зарина Кәрменованың үнемі о дүниелік болған сүйіктісінің елесін көретін Жазирасы, Айдос Бектеміровтің бар адамның тағдыры өз қолында деп ойлайтын бастығы, Дәрия Жүсіптің – дүние мен мансап жолында жалғыз қызын құрбандыққа шалған күйеуіне қарсы келе алмай, іштен тынған Сәулесі – ерекше атап өтуге тұрарлық образдар.
Драматург Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» спектаклін жазудағы қолтаңбасы өз алдына бір төбе. Автордың «Жан шырылы», «Есігімді қаққан кім?..», «Жетім тағдыр» драмалары республикамыздың әр облыс-
тарында сәтті сахналанып келеді.
Біз де үнемі ізденісте жүретін драматург-жазушының қажыр-қайратына тәнті бола отырып, денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерде: Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры қойған «Қас-қағым» драмасынан сахналық көріністер.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *