Қазақтың тұңғыш ғарышкері – Көкшеде

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің салтанат залында тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш ғарышкері, ұлы даланың біртуар перзенті, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен кездесу өтті.

Жер кіндігі Байқоңырдан самғай ұшып, күллі әлемге ғарыш кеңістігінен көз тіккен батырдың ұшқыр ойларын, ғұмыр жолындағы өзіне ғана тән ерекше естеліктерін тыңдауға қаламыздағы оқу орындарының студенттері, ұлағатты ұстаздар қауымы келді. Тереңнен толғап, үлкен ықыласпен сөз бастаған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров Тоқтар Оңғарбайұлын білім ордасына келген құтты қадамымен құттықтады.
– Университетімізде білім алып жүрген біздің студенттеріміз сіздің ғарыш айлағында биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасағандағы, сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеудегі, жұлдызды, аспандағы астрофизикалық бақылау жұмыстарын жүргізгендегі ғылыми зерттеулеріңіз жөнінде өз аузыңыздан естуге қызығушылық танытып отыр, – деді өз сөзінде университет ректоры.
Өз кезегінде әлемнің үздік он ұшқышының сапында, тікұшақтың талайының топшысын сыпырып, сұңқардай самғаған Тоқтар Оңғарбайұлы жастарға өздерінің аға буынға қарағанда әлдеқайда бақытты екенін, бос уақыттың барлығын білім алуға жұмсағаннан абзал дүние жоқтығын айтты.
Кездесу барысында ғарышкер ағамыздың 1997 жылы оқу қабырғасына тұңғыш рет келген сапарынан бейнефильм көрсетілді. Келелі жиыннан кесекті ой мен сөз күткен жастардың рухын көтеруге мұның да септігі тигені сөзсіз.
Алаштың атын аспанға көтеріп, рухын айдан әрі асырған сол ғарыш сапары қатпарланған көнекөз тарих алындағы толағай төңкеріс еді. Тоқтар Оңғарбайұлы дәуірінде дүбірі басылмай, кең әлемде қуатты елдердің көшін бастаған Кеңес Одағы кезінің өзінде-ақ 50-ден астам әскери ұшақтың көк жүзіндегі тұсауын кескен атақты ұшқыш болды. Жарықтан һәм дыбыстан да жылдам ұшатын кемені сынақтан сәтті өткізіп, әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына енді. Айдарлы ұлдан айбарлы батырға айналу жолындағы тұлғалық келбеттің табанды қасиеті, қажырлы еңбегі біздің жастарымызға өнеге, рухани мектеп болады. Жаңалық пен жақсының бәрі батыста деп ұғынып, еліктеп өсіп келе жатқан ұрпаққа көкке ғана көз жіберіп, даланы мектеп тұтқан өз ұлтының игі жақсысы үлгі болуы тиіс. Даладан асқан шексіздік, аспаннан асқан тұңғиық жоқ. Тек осы екеуінің бейнесін бойына сіңірген ұрпақ бар. Қазақ «ұлы» деген сөзін өзі жайлаған далаға, даланы билеген даңқты дарабоздарға қиған. Біздің ұрпаққа ұлы болу мақсат емес, бірақ, тұлға болу парыз. Ұлы деген теңдессіз болса, тұлға деген даралық емес пе?!
Қонағын кәдесіз қайтармаған қазақтың дәстүрімен Тоқтар Оңғарбайұлына университет атынан сый-сияпат ретінде өзінің зерлі суреті табысталды. Ал, ол суретті ғарышкер ағамыз арнайы қолтаңбасын қойып университет музейіне тарту етті. Көтеріңкі көңіл-күйді сақтаған бір сағат сырғып өтіп, кеш соңы суретке түсу рәсімімен тәмамдалды.

Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *