Қажыбай Қабыл-Фазыл

Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ,
Сау күнде өсектен аманы жоқ.
Абай.

Бұл есімде әлдебір тылсым күш бар! Бұл есімді естіген біреулердің қуанары да, біреулердің тыжырына қалары да бар. Кімге қалай екенінде шаруам жоқ, алайда, мен үшін бұл есімнің қымбаттылығын бәрінен де жоғары қоямын. Өйткені, ақиқат пен адалдық үшін алысып өткен, сатқындық пен аярлыққа қасқая қарсы тұра білген жан еді ол. Өз басын бәйгеге тігіп, ешкімнен де ығынбай турасын айтар Қажыбай Қабыл-Фазылдай жан иесін әзірге білмеймін де, кездестірген де емеспін.
Туа бітті турашыл қасиетінен айнымай өткен Қажекеңнің тұла бойында әлдебір тектілік, әлдебір қасиет болатын. Аппақ шашы мен талғаммен киген киімі өн бойына жарасып, өткір жанарлы сұлу жүзі оны өз ортасынан даралап тұратын. Жеке басының мәдениеті мен жүріс-тұрысының өзінде ерекше бір сән-салтанат байқалатын. Үстіне кіршік түсірмейтін бекзаттығы және де болатын. Ол өз тіршілігінде сол жан тазалығынан да, сол тән тазалығынан да бір айнымай кетті.
Мен білетін Қажыбай Қабыл-Фазыл өте сауатты адам болатын. Қазақша да, орысша да жазуға келгенде оның алдына жан баласы түсе алмайтын. Табиғатынан жүйрік болатын. Көкшетаудағы №3 қазақ мектебін медальмен бітірген, одан кейін Алматыдағы С.М. Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) университетінің журналистика факультетін ойдағыдай бітіріп, журналистік қызметін Павлодардың теледидарында бастаған Қажекеңнің бұдан кейінгі бар ғұмыры білім мен ғылымға арналды. Жоғары оқу орындарында студенттерге дәріс оқыды. Көп уақыты қоғамдық істерге жұмсалды. Көп оқитын. Әсіресе, тарих пен философияны терең зерделейтін. Ойлы болатын және логикалық ойлау қабілеті де жоғары еді.
Жақсы қарым-қатынаста болдық. Қажекеңмен жақсы аралас болғанымнан маған да сенімсіздеу әрі күдікпен қарайтындар да бар еді. Мен Қажекеңе арқа сүйедім. Өйткені, ол сатпайтын және жеме-жемге келгенде дұшпаныңа таба қылмайтын. Сол мінезі үшін күліп тұрып ту сыртыңнан қанжар жұмсар екіжүзділерден де, бетіңе қасқайып қарап тұрып айтып салатын Қажекеңді таңдадым. Ол маған пана болды. Дұшпандарымның өсегі мен жапқан жалаларынан қорғай білді. Бірақ, шалт басқан кезімде мені де талап тастайтындығын бұрын да айтқанмын. Кісі танитын. Танитын да бірден айтатын. «Әй мынауың кім? Мынауың адам емес қой»,– деп айтып салары да бар еді. Кезінде «сенбе оған» деп Қажекеңнің атын атап, түсін түстегендердің біразының «кісілігін» кейін көріп, осы күндері түңілген де жайымыз бар.
Заманының айдағанына жүрмей, адамының алдағанына көнбей, өмірден адал жол мен ақиқат асуын іздеп өткен Қажыбай Қабыл-Фазылдың көп сырын білемін. Әрине, өзінің айтуымен. Біразы қағазға да түсірулі. Солардың әзірге айтуға болады-ау дейтін кейбірін ғана осы жолы баяндайын.
Әлқисса, кезінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогика институтында ұстаздық етіп жүрген кезінде, сол тұстағы оқу орны басшыларының кейбір шовинистік қылықтарын сынап жазғаны үшін басы дауға қалып, ақыры партия қатарынан шығарылады. Партиялылығын қалпына келтірмек үшін, Мәскеуге дейін барған кезі болған-ды. Совет Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің
партиялық бақылау комиссиясының алдынан өткені жайлы:
– Саяси Бюроның мүшесі Соломенцев басқаратын комиссияның алдына кіргелі тұрмын. Қабылдау бөлмесіндегі қартаң тарта бастаған орыс әйелі ақырын ғана «балам, сенің партиялығыңды қалпына келтірмейді. Бір ауыз қарсы сөз айтушы болма. Комиссияның шығарған шешіміне келіспейтін болсаң, шыға берісімен есіктің алдынан сені бірден «психушкаға» алып кетеді» деді. Кірдім. Соломенцев басқарған өңкей қаусаған шалдар бірер минуттың аралығында «Қазақстан Компартиясының шешімі дұрыс, соны қолдаймыз. Айтарыңыз бар ма? – деді. Жоқ, рахмет сіздерге деп, шығып жүре бердім. Кейін сол партия да адыра қалды ғой,–деп күлуші еді жарықтық.
Әлқисса, ана бір жылдары сол кездегі Көкшетау облысы билігінің тізгінін ұстап отырғандар Қажекеңді тура үйінде отырған жерінен тұтқындатып, Ақмола (қазіргі Астана) қаласына жеткіздіріп, сондағы түрмеге қамап, одан кейін этаппен Алматыға айдалғаны да бар. Алматыда ақыл-есі ауысқандар жататын жерге жатқызып, Қажыбай Қабыл-Фазылға «есі дұрыс емес» деген таңба басқысы келгендер де болды.
Расында да ол кезде ақыл-есі бүтін адам билікке, биліктің басында отырған жан баласына қарсы шығып, қарсы сөз айтар ма еді? Ол айтты! Айтқанда да өзі үшін емес, өзгелер үшін шырылдап отқа түсті. Жазықсыз істі болған, жаламен бәленбай күн түрмеде зардап шеккен азаматты жаладан арашалап қаламын деп, сол үшін шырылдады. Бұдан өзге де жәбір-жапа шеккендер де, әділетсіздікке тап болғандар да Қажыбайды іздейтін, үйіне баратын, тіпті үйінен шықпай отырып алатындар да болатын еді.
Солардың барлығына да жағдайласып, арыз-шағымдарын жазып беретін. Кей жағдайда өзі де сол іске араласып, сол жәбір көрушіні соңынан ертіп алып, сонымен бірге түрлі мекемелердің есіктерін қағып, небір басшылардың алдына баратын, кейбірімен жүз шайысып та қалатын. Сонан соң түрлі ақпарат құралдарының беттерінде құлаш-құлаш мақалалары басылатын. Өзі ұйымдастырып, «Орда» деген газет те шығарып жүрді.
Кімнің кім екендігін және атын атаудан да тайсалмайтын, жөнсіз ісін айтудан да жасқанбайтын. Сол ақиқатты ақырып тұрып айта алатын және де жер-жеріне жеткізіп жаза да алатын Қажыбай Қабыл-Фазылдан қулар мен сұмдар сыртынан жүруге тырысатын. Қарсы келе қалса сырт айналатын. Сол сыртынан пыш-пыштайтын, атарға оқтары болмай сыртынан кіжінетін. Бірде-біреуінің Қажекеңе бетпе-бет келуге дәттері шыдамайтын, жүректері дауаламайтын. Іштерінде, яғни, жан дүниелерінде ақиқат деген ардың қалқаны жоқтар Қажекеңнің арыстандай айбатты от шашқан қос жанарына тіке де қарай алмайтын еді.
Сол жолы да екі ай бойы Алматының «психушкасы» бар түрмесінде жатып, ақыл-есінде ешқандай ауытқушылық жоқтығын дәлелдеп, өзінің Көкшесіне оралды. Болған жайды айтты. Өзінің ренішін де айтты.
– Қазақ үшін күресіп едім. Көңілім қалды. Әттең шешен болып тумаған екенмін. Ендігі атысып, не өлі болып жатар едім, не тірі болып жүрер едім,–деп өзінің баласындай жап-жас қазақ жігіттерінен көрген мазағы мен азабын жаны күйініп отырып айтып еді жарықтық. Сол кезде кешегі Сәкендердің мұртын түрмеде істікпен жұлғандардың әрекеті көз алдыма келгені болды. Бетін аулақ қылсын деңіз…
Қажекеңнің «қазақ үшін күресіп едім» дегені ақиқат сөз. Көкшетауда ұлттың мүддесі үшін сонау Компартияның тұсында шырылдап, партия қатарынан шығарылып, одан кейін горбачевтік жариялық заманында да «Азат» қозғалысының қатарынан табылып, сол қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі болды. Қазақтың тәуелсіз ел болуы үшін күрескендердің қатарында жүрді. Көкшетауда жатқан Қажыбай Қабыл-Фазылды Алматыдағы алаш қайраткерлері Сәбетқазы Ақатаев, Батырхан Дәрімбетов, Хасен Қожа-Ахмет жақсы білді, адалдығын таныды, ұлт мүддесі жолындағы күрескерлігін мойындады, ақылшы тұтты. Солармен аралас-құралас болды. Алматыға да жиі барып, елдік істердің қатарынан табылатын. Сөз сөйлейтін. Ойын ашық айтып, ашық жазатын.
–Қайтесіздер, біз жасқанып бұғып қалып, айта алмайтынды осы Қажекең қасқайып айтып жүр ғой, – деп ол жайлы ғайбат сөйлегендерді сабырға да шақыратынмын. Қасқайып қарсы тұрар жерде тұра алмайтын, ащы да болса ақиқатты ақыртып тұрып айта алмайтындар, ал енді Қажекеңнің орны бос осы күндері.
Айтпақшы бүгін Қажыбай Қабыл-Фазылдың туған күні! Жарықтық тірі болса сексенге толар еді…

Жабал ЕРҒАЛИЕВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *