Қорытынды жасалып, міндеттер белгіленді

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, аудан әкімі Мереке Мұстафиннің өңірдің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2018 жылға белгіленген міндеттер туралы тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты.

Аудан активіне облыстық департаменттер, басқармалар және ведомствоның басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары, жергілікті кәсіпорындардың, ауыл шаруашылығы құрылымдарының, шағын және орта бизнес өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі баяндамасын өңір экономикасында елеулі орын алатын ауыл шаруашылығы саласының дамуынан бастады. Аграрлы ауданда егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да қарқынды даму үстінде. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 34570,5 миллион теңгені құраған. Нақты көлемі индексі 123 пайызға жетіп, аудан бұл көрсеткіш бойынша облыста алдыңғы қатардан көрініп отыр.
– Биылғы жылы аудан диқандары агротехникалық шараларды ұтымды қолданудың арқасында егін орағы уақытында аяқталып, гектар түсімі 21,3 центнерден айналды, – деп атап өтті Мереке Мұстафин өз сөзінде.
Сонымен бірге, мал азығын да-йындау мәселесі де сөз болды.
Аудан шаруашылықтары мал қыстатуға әзір. Бір жылға қажетті жемшөп қоры толық әзірленген. Аграрлы ауданда мал шаруашылығына зор көңіл бөлініп келеді. Дегенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл ірі қара, жылқы және қой мен ешкі саны сәл кемігені байқалады. Есесіне шошқа және құс саны артып отыр. Жыл бойына аудан бо-йынша ет өндірісі 10,7 мың тоннаны және сүт өндірісі 50,6 мың тоннаны құрады. Өнеркәсіп саласында да ауыз толтырып айтар оң нәтижелер баршылық. Бұл салада негізінен алтын өндірумен айналысатын «Алтынтау Көкшетау» серіктестігі ауданда көш бастап тұр. Ал, жалпы осы саладағы өндірілген өнімнің көлеміне келетін болсақ, былтырғы жыл қорытындысы бойынша 222879,7 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 187,6 пайызды құрады.
Аудан әкімі атап өткендей ауданда инвестициялық жобалар да қолға алынуда. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында, 2017 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасына Қонысбай селолық округіндегі «Блик Терминал» серіктестігінің құс фабрикасы жобасы енгізілді. Бұл жобаның құны 1 миллиард теңгеге бағаланып, 2018 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Кәсіпорынның жылдық қуаты 250 тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, ауданда құны 5,4 миллиард теңгеге «Арай Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің каолин өндіретін тау-кен комбинатының құрылысы жүргізілуде.
Ауданда кәсіпкерлік те кең қанат жаюда. Бұл ретте биыл пайдалануға берілген «Сөгетті» мейрамханасы мен жаңадан салынып жатқан «Аңсат» қонақ үй кешені және «Бибі Сара» демалыс аймағын айта кеткен жөн.
Ал, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 80 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға «М.Ғабдуллин-Қанай би», «Ақкөл-Қазақстан», «Березняковка-Көкшетау-Қостанай» тас жолы учаскелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса, «Бурабай-Зеренді» тас жолы да жөнделуде. Бұл жол ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған, Сондай-ақ, «Елікті» шаңғы базасына апаратын жолды қалпына келтірудің де бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Осы бағытта Ортақ, Павловка, Серафимовка, Симферополь, Приречное, Исаковка, Қостомар және Қонысбай ауылдарына тартылған су құбырлары жөнделді. Абаттандыру, санитарлық іс-шаралар, қоқыс шығару бағытында да біраз шаруаның басы қайырылған.
Кездесуде жиналған жұртшылық арасынан шығып сөйлегендер де болды. Соның бірі «Викторовка» серіктестігінің директоры Владимир Андрюхин ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәселесін көтерді. Оның сөзінше, өткен жылы мол әрі сапалы астық жиналғанымен оны сатуда біраз қиындықтар туындаған. Өйткені, соңғы жылдары бидайға деген сұраныс төмендеп, майлы дақылдарға керісінше артқан. Сол себепті, бір ғана бидайға қарап отырмай майлы дақылдардың көлемін арттыру қажет.
Сонымен қатар, ол жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық колледждерде кәсіби мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттер мен оқушылардың ауылдық жерлерге барғысы келмейтінін айтып, қынжылды.
Жиын барысында бұдан өзге де тұрғындар аудандық әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.
Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы Мәлік Мырзалин ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын шығара келе, алдағы міндеттерді белгіледі.
– Тұтастай алғанда, Зеренді ауданы 2017 жылдың қорытындысы бойынша жаман жұмыс істеген жоқ. Ақмола облысы өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалауға сәйкес, аудан он тоғыз өңірдің арасында бірінші орыннан көрінді. Бағаланатын он бір көрсеткіштің ішінен бесеуі жоғары, бесеуі орташа динамикаға ие болды, – дей келе облыс әкімі биылғы Жолдауда айтылған міндеттерге тоқталды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында он бағыт бо-йынша міндеттерді айқындап берді, олар экономиканы одан әрі нығайтуға, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын талқылай отырып, осы міндеттерді орындау бағытында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес саласы көрсеткіштерін жақсартуға, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде анықталған жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет, – деді облыс әкімі қорытынды сөзінде.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *