Қысқы Олимпиадада Ақмола облысынан 6 спортшы өнер көрсетеді

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің тікелей тапсырмасымен Алматы қаласындағы AIBA бокс академиясында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына баратын Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы ақмолалық спортшылардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда
Патюткина мен спортшылардың жанкүйерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Надежда Патюткина облыс басшысы Мәлік Мырзалиннің жеделхатын оқып берді. Онда «Сіздерге шынайы спорттық жетістік, жоғары көрсеткіш және үлкен жеңіс тілеймін. Біз сіздерге сенеміз!», – деп жазылған.
Баспасөз мәслихаты барысында спортшылар өздерінің дүбірлі дода алдындағы көңіл-күйлері, жаттығу процестерімен бөлісті.
– Шынымен де, ел намысы ортаға салынатын жарыста жанкүйерлеріміздің жылы сөздері мен шынайы тілектері біз үшін маңызды. Біздер үшін бүкіл республика, оның ішінде Ақмола облысы халқының қолдау білдіріп отырғаны белгілі. Сондықтан, намысты қолдан бермеуге тырысамыз, – деді биатлоннан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Валерий Польховский өз сөзінде.
Баспасөз мәслихатында айтылғандай, байрақты жарыс ағымдағы жылдың 9-25 ақпан аралығында өтеді. Онда әлемнің 92 елінен жиналған 2500 атлет қысқы спорттың 15 түрі бойынша 102 комплект медальді сарапқа салады. Қазақстандық спортшылар іріктеу бәсекесінде ұтып алған 57 олимпиада жолдамасына сәйкес спорттың 9 түрі бойынша сынға түспекші. Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасы сапында ақмолалық 6 спортшы ел намысын қорғайтын болады. Олардың арасында биатлоншы Алина Райкова, Роман
Ерёмин, Тимур Хамитгатин және шаңғышылар
Евгений Величко, Валерия Тюленева, Денис Волотка бар.
Байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғайтын спортшыларымызға жеңіс тілейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *