Қыздар қолғап түйістірді

Щучинск қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнованың жүлдесі үшін қыздар арасында бокстан халықарлық турнир өтті.

«Жақсы» спорт кешенінде өткен байрақты жарысқа Қазақстан, Үндістан, Украина, Ресей, Қырғызстан, Вьетнам және Қытай елдерінен барлығы 82 былғары қолғап шебері бақ сынады. Медальдар жиынтығы тоғыз салмақ бойынша сарапқа салынды. Алғашқы болып шаршы алаңға шыққан 2016 жылғы Әлем чемпионы Дина Жоламан 54 келі салмақта Гүлмира Баймановадан айласын асыра білді. Сонымен қатар, Карина Ибрагимова мен Римма Волосенко да алғашқы кездесулерін жеңіспен аяқтады. Ал, 60 келі салмақта жұдырықтасқан Назым Ищанова жеңіліс тапты. Сондай-ақ, екі дүркін Әлем чемпионы Назым Қызайбай 51 келі салмақта өнер көрсетті. Жалпы, бұл турнирде шаршы алаңға Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасы сапындағы боксшы қыздардың кіл мықтылары шыққан еді. Турнир 7 наурызға дейін жалғасты. Осы орайда, Қызылорда облысының тумасы Марина Вольнова жайлы қысқаша тоқтала кетсек, былғары қолғапты өмірлік серік еткен боксшы қыз Берік Маржықпаевтың жетекшілігімен талай биікті бағындырған. Оның әлемдік әйелдер
боксына сіңірген еңбегін Қазақстанның бокс федерациясы мен АИБА ғана емес, сондай-ақ, Халықаралық олимпиада комитеті де атап өтуде. Биылғы жылдың басында Маринаның Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бахтың қолы қойылған арнайы
дипломмен марапатталуы соның айқын дәлелі. Марина Вольнова қыздар
арасында Олимпиада ойындарының жүлдегері болған қазақстандық тұңғыш боксшы.
Бурабай ауданы.
Суретте: жерлесіміз Дина Жоламан мен Гүлмира Байманованың кездесуі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *