Үйіңізде де емделуге болады

Туберкулезбен күрес жөніндегі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, 2012 жылдан бастап Ақмола облысында да бактерия бөлмейтін науқастарды амбулаторлық емдеуге көше бастадық. 2020 жылға қарай осынау жұқпалы дертпен сырқаттанушылардың 50 пайызы осындай жағдайда емделуі тиіс. Әрі қарай көрсеткіш 75 пайызға апарылуы керек.

Амбулаторлық ем қабылдау дегеніміз пациенттің өз денсаулығына қажетті дәрі-дәрмек пен процедураларды алу үшін емханаға тұрақты келіп отыруы дегенді білдіреді. Өкпе туберкулезін емдеуді алсақ, бұл айтарлықтай ұзаққа созылатын, әрі емделушіден дәрігердің ақыл-кеңесін бұлжытпай орындауды талап ететін процесс. Арнайы дәрілерді қабылдаудан, тексерістерден уақытында өтіп отыруға, тиісті күн тәртібін сақтауға адамның үлкен ерік-жігері керек. Олай болмаған жағдайда, науқас өз денсаулығына немқұрайлы қарағанда дәрігерлердің ұмтылысы өз нәтижесін бермеуі мүмкін.
Амбулаторлық емдеудің артықшылығы мынада. Біріншіден, науқас стационарлық жағдайда дертті қайта жұқтырмайды. Пациент психологиялық және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етіледі. Оның күн сайын үйінде болуы көңілін көтеріп,
аурудан тез жазылуына игі әсерін тигізеді. Емделуші емханаға өзі қалаған уақытында келеді. Қажет жағдайда қосымша әлеуметтік көмек алуына болады. Арнайы комиссияның шешімімен емделу курсы жақсы өткен жағдайда жұмысына шыға алады.
2017 жылы осылай бацилла бөлмейтін науқастардың жаңа анықталған бөлігінің 38,9 пайызы амбулаторлық емге жолдама алды. Бұл – 110 науқас деген сөз. Емдеу тиімділігі 85 пайызды құрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да әлем елдеріне дәл осы көрсеткішті басты бағыт етіп ұсынып отыр. Аурудың көптеген дәріге төзімділік танытатын түрін емдеуде тиімділік бізде ДДҰ ұсынған 75 пайыздың орнына 86 пайызға тең болды.
2012 жылы бірден емдеудің неғұрлым оң нәтиже беруі үшін үйде стационар ұйымдастыруды қарастыратын «Спутник» бағдарламасы енгізілді. Ол да өз нәтижесін беріп келеді. Осы емдеу түрін бақылау үшін Глобальдық Қор жобасы бойынша былтыр көктемде арнайы көлік бөлінді. Ай сайын емдеумен 15 адам қамтылады. Пациенттердің бұл емдеу түріне өкпе-реніштері жоқ. Амбулаторлық емге науқастар орталық дәрігерлік бақылау комиссиясының шешімімен жіберіледі. Мұндағы басты шарт ем алушы бактерия бөлмейтін болуы керек. Үйінде болатын сырқат күн сайын емханаға немесе тубкабинетке дәрі алу және ішу үшін келеді. Сондайда мұндай адамның көкейінде бірнеше сауалдар туындауы мүмкін. «Мен басқаларға өз ауруымды жұқтырмаймын ба?» деген сұраққа келсек, науқас стационардан шығып, үйде ем қабылдап жатқанда айналасындағылар үшін қауіпті болып саналмайды. Өйткені, ол туберкулез таяқшаларын бөлмейді. Бірақ, тыңғылықты емделу қажеттілігі айтпасақ та түсінікті.
Үйде болғанда аурудан сауығудың және айналаға залалсыз болудың бір жолы ретінде күн сайын бөлмені сулап сүртіп алу және желдету артық болмайды. Сондай-ақ, жеке бөлмеңіз, ыдыс-аяғыңыз, орамалыңыз болғаны жөн. Дәріні үйде ішпей, бұл үшін күн сайын ауруханаға бару туралы айтсақ, дәрігердің бақылауымен медициналық процедуралар бұлжытпай орындалатыны айдан анық. Себебі, оны бірде ішіп, бірде ішпесе, МЛУ-туберкулез немесе аурудың дәріге төзімділігі қалыптасуы мүмкін. Ал, ол емдеуді қиындата түседі.
Енді жұмысқа шығу мәселесін де бір-ақ ауыз сөзбен түйіндесек, емдеу курсы аяқталып, бәрі дұрыс болғанда науқас та өз сүйікті ісіне қайта орала алады. Олай болса, туберкулезбен ауырған адамның отбасы мен туыс-туғандарына да айтарымыз: әрдайым отбасы мүшесіне дәрі ішетін мезгілдің болғанын айтып, өздеріңізге қымбат жандарды қолдай біліңіздер.

Анастасия ВАСИЛЬЕВА,
Қ.Құрманбаев атындағы
Ақмола облыстық туберкулезге
қарсы күрес диспансерінің
статист-дәрігері.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *