Үміт үзілмесін, аутизм айықпас дерт емес

Балалары аутизммен ауыратын көкшетаулық ата-аналардың бастамашы тобы 2008 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында бекітілген аутизм мәселелерін ақпараттандырудың 2 сәуір халықаралық күніне орай шара ұйымдастырды.

Мамандардың пікіріне қарағанда, жап-жақсы дамып келе жатқан балалардың өзінде аутизм дертінің белгілері пайда болуы мүмкін. Мұндай қауіпті кезеңге 1,5 және 3-ке дейінгі мерзім жатады. Ер балалар қыздарға қарағанда төрт есе кем ауыруы мүмкін. Түбегейлі зерттеудің түпкілікті нәтижесінен белгілі болып отырғанындай, әдетте аутистер арасында тарих, әдебиет, математика, география және музыка саласының талантты өкілдері көп. Солай бола тұра, ағзаның дамуындағы кемістік қарапайым өмірде көзге ұрып тұрады. Қазіргі күні осы тақырыпта өте көп жазылып, сан талай пікірлер айтылуда. Солай бола тұра, біздің еліміздің қоғамында аутистер интеграциясының жүйесі қалыптаспай отыр.
Дерттің пайда болу себептері әлі толық зерттелген жоқ. Әзірге белгілісі отбасындағы мәселелер. Осындай диагноз қойылған балалар қатары аз емес. Қазір дертпен күресу бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Облыстық білім басқармасы, инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі облыстық кеңес жанды қолдау көрсетуде. Таяу арада осындай дертпен ауыратын балаларға көмек көрсету үшін қоғамдық бірлестік ашылмақ. Қазіргі күні ата-аналардың арасында балаларымызды қалай оқытамыз, олармен кім айналысады дейтұғын өзекті сауалдар бар. Өткен жылдың қыркүйек айында өткізілген ата-аналар кеңесінде осы дертке шалдыққан балаларды емдеуге, жетілдіруге, сырқатпен күресуге байланысты өзекті мәселелер көтерілген болатын. Қазір бұл жұмысқа облыстың іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Дәмелі Қойшина да жете назар аударып, бастамашыл ата-аналар тобына зор көмек көрсетіп отыр. Ол сұхбат алаңдарын ұйымдастырып, балалардың демалысын ұйымдастыруға қол ұшын беруде. Әйтсе де, осындай іс-шараларға тиісті орындардың жете көңіл аудармауы ата-аналардың жандарын жабырқатуда. Шынында да аутизм мәселесін бірлесіп шешкен жөн. Өйткені, мұндай балаларға мүгедектіктеріне байланысты жәрдемақы төлеу мәселесі қарастырылмаған. Әрі өздерінің жеке балалар бақшасын ашу мәселесі де әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр.
–Барлық мәселелерді кешенді түрде шешіп, мұндай балалардың ата-аналарына барынша көмек береміз,–деді Ақмола облыстық инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Ыбыраев.
Дәл осы күні Ақмола облыстық педагогикалық отрядтардың жетекшілері флэш-моб ұйымдастырып, жұрт назарын өзіне аударды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *