Ұлы Жеңістің Көкшетаудағы салтанаты

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналып Көкшетау қаласында өткен салтанатты шараларға қатысып, барлық ақмолалықтарды, соғыс және тыл ардагерлерін құттықтады. «Мәңгілік жасақ» шеруінің алдыңғы сапын бастаған өңір басшысы даңқты жерлестеріміз Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдинов ескерткіштеріне, Даңқ аллеясындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. 1942 жылы майданда қаза тапқан көкшетаулық жауынгер Әбілқасым Жаманбаевтың жетпіс алты жылдан соң Жеңіс мерекесі қарсаңында табылған медалі және есімі жазылған медальонын құрметті күзет жұртшылықтың алдына алып шықты. Сол күні жауынгердің сүйегі Көкшетаудағы мұсылмандар зиратына жерленді.

Көктем туғалы қабағы түксиіп тұрған зеңгір аспан жылы шуағын мөлдіретіп құйып тұр. Жұрт арқа-жарқа. Жеңіс деген жалғыз ауыз сөз неткен құдіретті еді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығын атап өтуге облыс орталығындағы Абылайхан алаңы мен Мәңгілік алау монументінің жанына жинала бастаған қала тұрғындарының жүздері бал-бұл жанады. Әр көкіректе ата-бабаларының көзсіз ерлік істеріне деген мерейлі мақтаныш пен таусылмас құрмет бар. Жеңіс – мұң араласқан шаттық, қайғы дәмі сезілетін қуаныш. Ұлы Жеңіс біздің байтақ даламызға сыңар аяқ, молақ қол, жалғыз көзді жауынгер болып оралған. Жеңіс – майдан даласынан ағайынның қырық қабырғасын сөгіп, отыз омыртқасын опыратын, қайғы арқалаған көбелектің қанатындай ғана «қара қағаз» болып жеткен. Әлі де сол күндердің азабы мен тозағы ұмытылмағандай. Қарақұрым халықтың ішінде бұрыннан көзтаныс Әбілсейіт Жапаров ақсақалды жолықтырдық. Жеңіс мерекесімен құттықтап жатырмыз.–Біз соғысты көрген жоқпыз, азабын көрдік. Сол соғыстың ажалын көрдік. Майдан даласынан жарымжан болып оралған жауынгерлер ұзақ ғұмыр сүре алмады. Менің әкемнің де жауырынында снарядтың жарықшағы ұзақ уақыт жүрді. Жарықтық сұм соғыстың белгісін өзімен бірге қара жердің қойнауына ала кетті. Мына жүрген сәбилер соғыс дегеннің не екенін білмейді ғой. Ылайым білмесінші, көрмесінші ондай сұмдықты,–дейді ақсақал.
Жасы жер ортасынан асқан ақсақалдың ізгі тілегі аталы сөз, ақжарма бата. Соғыс сұмдығы арада қанша жыл өтсе де, ұмытылмайтын шығар, ал, майдангерлерге құрмет мәңгілік. Алаңдағы радиогазет майданның шерлі шежіресін шертіп тұр. Құлақ салып тыңдаған жанның көз алдынан сол бір қаһарлы күндердің отты оқиғалары тізбектеліп өтіп жатқандай. Абылайхан алаңы мерекедегідей әсемделіп, безендіріліпті. Алаң шетінде тақырыптық бағыттағы шағын архитектуралық мүсіндер. Олардың өзі де ортақ тақырыпқа мазмұн үстеп тұрғандай. «Көкшетау» қонақ үйі мен «Қазпошта» мекемесі ғимаратының ортасында үлкен экран орнатылған. Ал, мінбеге Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері жайғасыпты.
«Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс!» тақырыбындағы театрландырылған көріністер шеруі басталды. Алғашқысы «Үзілген арман» деп аталады. Алаңда ұзын-ырғасы елуге жуық адам қазақ вальсінің ырғағымен билеп жүр. Соғысқа дейінгі мамыражай, бейбіт кезең. Жастар би билеп жүр. Енді біреулер жайбарақат кітап оқып отыр. Әлі сұрапыл дауыл көтерілмеген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт мезгіл. Дәл осы бейбіт уақытты дауысы жер жарған атақты Левитанның үні бұзды. Тыңдаған жанның тұла бойын шымырлататын сұмдық хабар. Іле қайғының қара бұлты торлаған қара аспаннан ажал сеуіп бомбалар түсе бастады. Қара жердің қыртысын қопарған снарядтар жарылуда. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген бойжеткендер бас сауғалап жатса, бозбалалар оларды өз денелерімен қалқалап, оқтан қорғауда. Көріністің қуаттылығы сондай, мерекеге жиналғандар да тұла бойлары түршігіп, селт етпей тына қалған. Кәдімгі анық, нақ майдан даласындағыдай сұрапыл көріністің шымылдығын А.Александровтың «Вставай, страна огромная» деп аталатын атақты әні кейін серпіді. Өне бойы асқақ айбарға, патриоттық сезімге тұнып тұрған неткен қуатты ән еді. Құлағынан кіріп, жүрегіне жеткен әркім де қолына қару ұстап, бақыт тұнған байтақ даласын қорғауға, сол майданда жан қиюға әзір іспетті. Іле даңқты жерлесіміз Рамазан Елебаевтың майдан даласында өмірге әкелген «Жас қазақ» әні орындалды. Отан қорғау жолындағы қасиетті жорықта ата қазақтың өшпес ерлігін сипаттайтын, сол жолда жанын қиған жас батырдың тағдырын көз алдыңа келтіретін өнер құдіреті осы екен ғой, шіркін. «Арай» халықтық ансамблінің мизансценасында қызыл костюм киген қыздар қанға бөккен майдан даласын нәп-нәзік қимылдарымен, ишара-ымдарымен көрсетсе, жорыққа аттанған солдаттардың сап түзеуі мәңгі өлмес ерліктің ұлы мұратын ұқтырып тұрғандай. Ал, ана мен баланың қоштасуы жүрек қылын дір еткізе түсетін мөлдір мұңға малынған сәт.
Келесі көрініс «Азап жолы» деп аталады. Арсылдай үрген ит дауысы. Әлдекімді қызыл қанға бөктіріп, қанжоса етіп талағысы келген жауыздық деп ұқтық. Сол жауыздықтан зәрезап болған сәбидің өкси жылаған үні соғыс сияқты сұрапылдың тұла бойыңды түршіктірер суық лебін соқтырып тұрғандай. В.Вагнердің «Ажал тангосы» композициясы орындалды. Қандықол қарақшылар бейнесі қылаң берді. Адам азабынан ләззат алатындай. Титтей кінәсі болмаса да, қорласа, азаптаса, ұрып-соқса, жазықсыздан жазықсыз иманын қасым етсе, дәл содан ешбір адам түсіне бермейтін қанағат сезімі пайда болатындай. Шынында да, бұл көрініс анық азаптың нақ бейнесі еді. Немересін бауырына басып, қымтай көтерген ақсақалдың мазмұнды монологы оқылды. Театрландырылған көрініс «Біздің оныншы десант батальоны» деп аталатын көріністермен сабақталды. В.Окуджаваның «Десятый наш десантный батальон» деп аталатын әнін «Достар» мәдениет сарайының «Дархан» тобы орындап шықты. Алаңда майдан даласындағы көріністер қылаң берді. Соғыс кезінде пайдаланылған әскери техникалар ел назарын аударды. Бұрын-соңды мұндай мерекелерде көріне қоймаған тағы бір жай, тосындығымен ерекшеленді. Алаң үстінен самолет ұшып өтіп, құттықтау хаттарын жаудырды.
Енді бір сәтте барлық әскер түрлері сабақтаса сараланып, билері орындалды. Ортақ идея ұлы достыққа ұласқан. Жау бетін қайтаруға, басқыншыдан азат етуге тірек болған да, демеу болған да осы бауырластық, бірлік. Ал, майданнан хат көрінісі әсіресе аға буынды селт еткізді. Қиян шеттегі ел іші майдан даласынан келетін бір жапырақ хатты ақсарыбас атап, тілек тілеп тосқаны анық. Үшбұрыш хаттар үміт отын жалғап, тіршілік шырағын жаққан.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *