Ұлылар үндестігі

немесе Адамзаттың данышпаны Абайдың «Толық адам» және Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Адами капитал» идеялары туралы

Жер шарында халық саны көбейген сайын білім-ғылымға деген құштарлық пен сұраныс арта түсіп қана қоймай, жеделденген ақпарат пен ғылымның жаңалықтары баршаны ойландырып-толғандыру үстінде. Ал, экономикалық табысты көздейтін компаниялар мен корпорация, холдингтер заманауи мамандарға деген талаптарын күшейту үстіне күшейтіп келеді. Кәсіби мамандардың өз кәсіптерінің шебері болудан бөлек, шет тілдерін, компьютерлік бағдарламаларды меңгеру, жұртпен тілдік қатысымда компания есесін жібермеу және өздері істеп отырған құрылымның имиджін көтеру сынды көзге көрінбейтін талаптарды қоятыны жасырын емес. Бұл – жас маманның бойында мамандықтан да бөлек, бірнеше қасиеттер тоқайласуы керектігі өз-өзінен көрініс беруде. Мұнда Елбасымыздың «Рухани жаңғыруы» мен Абайдың гуманистік ойлары да келісім тауып жатқанын ескерген жөн.
Жуырда ғана Мемлекет басшысы халыққа жасаған Жолдауында 10 басымдықтың жетіншісі, сөз етіп отырған, болашаққа әмбебап маманды әзірлеудің ең тиімді жобасын ұсынды. Елбасы Н.Назарбаевтың айтқан сөздерінде әмбебап, кәсіби маманның сұлбасы ғана емес, ұлт құндылықтарын бойына сіңірген, адамзаттық гуманистік құндылықтарды да ұмыт қалдырмау керек сынды ойлары («Адами капиталы») – Абайдың «Толық адам» идеясымен үйлесім тауып жатқанынан дерек береді.
ХІХ ғасырда өмір сүрген ұлы дана Абай Құнанбайұлы адамды «Толық адам» болуы үшін, ең алдымен, бес нәрседен қашық болып, бес нәрсеге асық болуды аса көркем тілмен айшықтап, айтып кеткені баршаға аян. Аталған «бес нәрседен қашық бол» дегені «өсек», «өтірік», «мақтаншақ», «еріншек», және бостан-бос «мал шашу» атты адам бойына жабысатын кереғар қасиеттер. Бұл жағымсыз белгілер – адам баласын кері тартудан бөлек, мақтаншақтық, даңғойлық Һәм екіжүзділік нашар қылықтарға жетелейді. Ал, оптимистік, білім-ғылымға ұмтылу – дүниенің бар білгірі, жаңалық ашуға құштарлықты ояту үшін адам бойынан табылуы тиіс қастерлі қасиеттер дей келе, ойын былай сабақтайды:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз, –
дейді, ұлы хакім. Әрине, бұл – ұмтылғыштықты оятуға ықпал етуші ең қадірлі қасиеттер. Абай жоғарыда келтірілген пәлсапалық ойларды антонимдік сипатта өрбітеді. Дүниеде жаман мен жақсының, ақ пен қараның, ыстық пен суықтың, аштық пен тоқтықтың бар екені сияқты, адам бойында жақсы мен жаман қасиеттер жарыса жүретінін жасырмайды. «Толық адамның» негізгі сұлбасын жасауға ұмтылады немесе бағдарламасын ұсынады. Жетілген, толыққанды кәсіби маман немесе белгілі сала жөніндегі тамыры терең ғалым болудың баспалдағы етіп көтерген мәселесін соңына жеткізудің жолын былай көздейді.
Ғалым болмай, немене,
Балалықты қисаңыз,
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Міне, поэзия тілімен, өзі реформалаған қара өлең ұйқасымен жеткізген Абай ұсынған ғалым болу үшін жөн сілтеген көрсеткіші.
Енді, Елбасының халыққа Жолдауынан дана Абай айтқан ойлармен біте қайнасып жатқан үндестік нақты-нақты тізбелеп атасақ: балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру; жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өнеркәсіптік технологиялық ортаға ұтымды кірістіру; қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерту; қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату; латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау; 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін ағылшын тіліне көшіру; үш тілді меңгерту арқылы азаматтық қоғам құрылатынын айтады.
«Озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады», – дейді Елбасы өз Жолдауында. Ел Президенті Абай заманында көтерілген кең ауқымдағы шешімі аса күрделі мәселені, еліміз етек-жеңін жия бастаған тұста, заманауи тұрғыдан шешудің және оны іске асырудың жолдарын практикалық тұрғыдан көрсетіп берді. Мұндай, аса ауқымдағы білім саласын жетілдірудің жолдары түгілі, қазақтың ояну дәуірінде «алашшыл» әдебиет өкілдері:
А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Әуезов, Ш.Құдайбердіұлы тағы басқа тарихымыздағы аса ірі тұлғалардың, алғашқы оқу-жазу сауаты тым терең өкілдердің де интеллектісімен үйлесім тапқанын айтпасқа болмайды. Тек қана айтып қана қоймай, іске асырудың нақты тармақтарын көрсете отырып, Үкімет пен сала министрлігіне және тұтас ұстаздар қауымына үндеу тастады. Мемлекет басшысы атаған нақты мәселелер қаншама болашақ данышпанның жұлдызын жағып, ел ғылымын өрістетуге жол ашатыны айдан анық.
Отаршылдық пен орыстандыру саясаты өз күшіне мініп тұрған тұста, қазақ құндылықтарынан оқшауландыруды көздеген империяның идеологиясының иірімдерінен «мыңмен жалғыз алысып» жүрген тұста, Абайдың шырмалып шыға алмай қойғанын тамаша түсіндіруге болады. Ал, қазіргі тәуелсіз ой дербестігі заманында Н.Назарбаевтың ұлт құндылықтарын бір сәтте ұмытуға болмайтынын Жолдаудағы мына жолдардан аңғаруға болады: «Барлық жастағы азаматтарға қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» және «Латын әліпбиіне көшу мен қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату» керек дегендерінен – таза ұлттық құндылық пен рухани жаңғыру менмұндалайды. «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандықтардың біздің қоғамымыздың идеялына айналуға тиіс», деген тұсы Абай ойымен үйлесе кетеді. Ұлттық ментальдылықты негіз ете отырып, елімізде тұратын жүз отыздан аса ұлттың да интеллектісі «қазақстандық» деген біртұтас ұлттың өзегін ортақ байлық деп таниды. Мұны Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және сүй хақ жолы деп әділетті», – дегенімен үйлесім тауып отырғанын, бабалар ойы мен адамзаттық ордалы идея-лар діңгегінің ділмарлығын қозғайтынын атаған жөн.
Ыбырай ТҰРАНОВ,
Целиноград ауданындағы №2 Қараөткел орта мектебінің жоғары санатты мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *