Ұмытылмас екі кездесу

Кешегі қызыл империяның тұсында қағажу көріп қалған ана тіліміз әлі күнге дейін өз тұғырына нықтап қона алмай келеді. Осындайда қазақ тілінің үлкен жанашыры, сол үшін отқа да, суға да түскен Шона ағамды, кәдімгі Шона Смаханұлын еске аламын. Сонау қылышынан қам тамған кеңестік дәуір насихатына қарамай, өз ойларын жиналған жерде, баспасөз беттерінде ашықтан-ашық айтып өткен нағыз қазағымның ері еді. Оның осы пікірлері қазақ мектептерінің жабылмауына, жабылса, қайта ашылуына, орыс мектептерінде қазақ сыныптарына қол жетуіне дәнекер болып, іс ілгері басқан еді.

Арғы жылы қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімінің, ана тілінің сақталып қалуына жан аямай жұмыс жүргізген осы Шона ағамыздың туғанына 90 жыл толып, біртуар азаматымызды еске алу мақсатында жер-жерде біраз шаралар өткізілді. Баспасөз беттерінен де көптеген мақалаларды оқыдым. Көзі тірі кезінде өзім де бұл кісімен екі рет кездесіппін. «Ештен кеш жақсы» демекші, сол кездесулер туралы ойымды оқырмандармен бөлісуге ниет білдіріп отырмын.
Менің туған ауылым Игілік ауылы. Алпысыншы жылдардың бас кезінде «Калачевский» совхозының бөлімшесі болған. Табын-табын сиыр, отар-отар қой, үйір-үйір жылқы баққан ауыл. Тың өлкесі құрылып, Шевченко атындағы мал бордақылау сов-
хозы болып, өз алдына шаңырақ көтерген жылдары ауылда қазақ орта мектебі, байланыс бөлімшесі, мәдениет ошағы, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық көмек беру орындары болды. Арада бірер жыл өтпей, бала саны аз деген желеумен мектеп жабылып, жоғары сыныпта оқитын мен сияқты балалар Есіл қаласында орналасқан №511 қазақ орта мектебінде оқуымызға тура келді. (Мен әскерде жүрген 1966-1969 жылдары ол мектеп те жабылып тынды).
Ол кезде адам тасымалдайтын автобус жоқтың қасы. Менімен оқитын балалардың көбі ағайын-туыстарын жағалап, кейбіреуі мектеп жанындағы интернатқа орналасып, оқуларын одан әрі жалғастырды. Аудан орталығы мен ауылдың ара қашықтығы алты-жеті шақырым. Қалған отыз бес шақты баланы (арамызда қыз балалар да бар) жа-
уын-шашыны көп күз айларында, қыс көзі қырауда артына тіркеген бөткесі бар ДТ-75 тракторы тасымалдады. Сол жылы көктем шыға, бізге ағаш кабиналы «Урал ЗИС» автомашинасы бөлініп, жағдайымыз біраз жақсарып қалды. Қаланың аты қала ғой, сабақтан ерте босаған күні орталықтағы дүкендерді аралауды әдетке айналдырдық. Сондай күндердің бірінде қолыма «Қу түлкінің сыбағасы» деген шағын кітапша түсіп, ішін ашып оқи бастадым. Сықақ, шымшыма, достық әзілдер екен. Авторы Шона Смаханұлы. Л.Толстойдың «Бейбітшілік және соғыс» романының қазақшасын қоса сатып алдым. Қалтарыста шегім қатып күліп, оқып тұрғанымда жаныма орта бойлы, дөңгелек жүзді жігіт ағасы келіп амандасты. Қолымдағы кітапшаға қарап:
–Қалай ұнай ма? – деді күлімсіреп.
–Ұнағанда қандай, аға, жаңа ғана кітап дүкенінен сатып алдым. Енді ауылға қайтуға көлік күтіп тұрмыз. Мына балалар да менімен бірге ауылға барады, – дедім.
Сөзден сөз шығып, ауылдағы қазақ мектебі қалай жабылғанын, енді трактормен қатынап, осы аудан басындағы қазақ мектебінде оқып жүргеніміздің барлығын айтып бердім. Ол кісі төс қалтасынан қаламын алып, жаңағы «Қу түлкінің сыбағасы» кітапшасының екінші бетіне «Қымбатты інім Амангелдіге! Ағалық көңілден» деп қолын қойып, маған қайта ұсынып тұрып:
–Ертең мектептеріңде боламын, сонда кездесейік, – деп жымия күліп жүре берді.
Сол күнгі қуанышымды көрсеңіз. Үйге келісімен әкеме (анам Бикамал марқұм болып кеткен), ағаларыма көрсетіп, төбем көкке сәл-ақ жетпей қалғаны есімде.
Келесі күні түстен кейін мектепте Шона Смаханұлымен кездесу болып өтті. Оған жоғары сыныптың оқушылары, мұғалімдер, мектеп директоры Сейітжан Омаров, сынып жетекшісі Тоқтауыл Таласбаев ағалар және аудандық оқу бөлімінің қызметкерлері қатысты. Бұл 1964 жылдың ақпан айы еді.
Шона ағамыз өзінің шығармашылық еңбектеріне тоқтала келіп, ауылдарда қазақ мектептерінің жабылып жатқанын, енді осы Есіл қаласындағы №511 қазақ орта мектебінің жабылып қалмауы жолдарын қарастыруды айтты. Жиын соңында өз кітабын сатып алған мені мысалға келтіріп, қазақ жазушыларының шығармаларын оқитын оқырмандардың саны көбейе беруіне сенім білдіріп, ден қойып тыңдағанымызға ризашылығын жеткізді. Бұл Шона ағамен бірінші рет кездесуім еді. Сол кітапты жанымнан тастамай сұрағандарға оқуға беріп, соңынан іздеп жүріп әрең тауып алушы едім. Ауылда мереке күндері көркемөнерпаздардың күшімен шағын концерт дайындайтынбыз. Осы көңілді кештер Шона ағамыздың сықағынсыз, мысалдары мен адам бойындағы жағымсыз жәйттерді әшекерлейтін шымшымаларынсыз өтпеуші еді.
Шона ағамен екінші рет 1971 жылы қыркүйек айында кездестім. Ол кезде мен Есіл ауданы Красивинский селолық Кеңесінде қызмет істейтінмін. Бір жыл бұрын Торғай облысы ашылған. Таңертең жұмысқа келген бетім еді, аудан орталығына Алматыдан жазушылар келіпті, сендер жаққа барып қалуы мүмкін, ауылдан ұзама деген хабар алдық. Айтса айтқандай-ақ, түс ауа ауылымыздағы 250 орындық мәдениет үйі халыққа лық толды. Арасында бөлімшелерден шақырылған қазақтар да бар. Мұны айтып отырған себебім, кеңшар орталығы Красивое селосы тұрғындарының дені неміс ұлты болатын. Сахна төріне төрт бұрышты стол, айналасына орындықтар қойылған. Бір кезде ауылдық Кеңес төрағасы бастаған үш кісі орындықтарға келіп жайғасты. Өз көзіме өзім сенбегендей жағдайда болдым. Арасында Шона Смаханұлы ағам көзіме оттай басылды. Сол күлімдеген көзі, қара торы жүзі, осыдан оншақты жыл бұрын кездескен ашық-жарқын бейнесі. Жиын біткенше тағат таппадым. Жиналғандар жаңа ашылған облысымыздың жетістіктеріне тоқталып, әрнені сөз етті. Бір кезде Шона ағамызға сөз беріліп, соңында екі-үш әзілдерін оқып берді. Неміс ұлтының арасында да қазақша білетін азаматтар баршылық еді. Күлкіге кенелдік те қалдық. Жиын бітіп, келген қонақтар басқа бөлмеге еніп кеткенде, мен де соңдарынан ілесе кіріп, «Ассалаумағалейкүм, Шона аға» деп сәлем бердім. «Мен Амангелді деген ініңіз боламын, осыдан біраз уақыт бұрын Есіл қаласындағы №511 мектепте болып, «Қу түлкінің сыбағасы» деген жинағыңызға қолтаңбаңызды қойып бергенсіз» деп өзімді таныс-
тырып жатырмын. «Есілдегі мектепте болғаным рас, енді есіме түсіп тұр, әлгі менің кітабымды құшақтап жүрген бала екенсің ғой, жарайсың қалқам» деп арқамнан қақты. Әлгі жерде сол кітапты жоғалтып алғанымды да мойындауыма тура келді. Ол кісі «Ой, тәйірі, онда тұрған не бар, мына кітабымды қалдырайын» деп, бір кітабын алып, оған да тілегін жазып, қолыма ұстатты. Бәрінен қызығы, сол арада «Қу түлкінің сыбағасы» жинағынан бір шымшымаларымды есіңе түсіре аласың ба?» демесі бар емес пе. Мен сәл ойланып тұрдым да:
Жұрынбай есінеп еді аузын ашып,
Екі шыбын еніп кетті тайталасып, –
деп қалдым.
–Жарадың інішегім, сондай шымшымам бар екені рас. Рахмет, – деп жаны таза, ақкөңіл ағамыз ризашылығын білдірді. Көбін жатқа білуші едім, біреуін құдай аузыма салған шығар, оған да тәуба дедім.
Мен осылай тағы бір кездесіп, Шона ағамның өз қолынан екінші кітабын алдым. Бұл 1971 жылдың 14 қыркүйегі еді. Сондағы «Ұр, тоқпағым, ұр!» мысал, сықақтар мен шымшымалар жинағы үйімде әлі де сақтаулы. Бас жағымдағы сандықшадан орын алған. Інілерім, балаларым оқып шықты, енді қазақша мектепке баратын кейінгі немерелерім оқып жүр. Шона атасы мен өз атасын мақтан тұтады. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт, оған да 44 жыл өте шығыпты.
Сондағы ас үстінде Шона ағам өте көңілді отырғанымен, мәселе қазақ тіліне, оның сол кездегі жай-жапсарына тірелгенде, бір түрлі қабағы түсіп қалатынын байқадым. Сонда да бір сәтте:
Бәрекелді, інім Естаев,
Осы ісіңнен кете көрме еш тайып, –
деп тақпақтап кетті.
Жиналған жерлерде, жолдастарымның арасында Шона ағамның достық әзілдерін айтудан жалықпайтынмын. Соның бір-екеуін келтіре кетейін:
Бірінші кітап «Ақ Жайық»,
Екінші кітап «Ақ Жайық»,
Үшінші кітап «Ақ Жайық»,
Жайыққа Жайық қосылып,
Суға кетіп қалмайық.
Бұл – Хамза Есенжанов ағамызға арналып жазылған, ал, мынау Қалтай Мұхамеджановқа достық әзілі:
«Бөлтірікті» өлтіріп,
«Құдағиды» келтіріп,
«Қуырдақты» жеп алып,
Жатырмысың дем алып.
Осыларды жиналған жерде тақпақтай жөнелгенімде, жолдастарым аң-таң қалатын. Сонда төс қалтамдағы «Ұр, тоқпағым, ұр!» кітапшасын алып шығып, бұл Шона ағамның жазғаны деп бо-
йымды мақтаныш сезімі кернеуші еді. Әлі де солай.
Шона ағамыз жалғыз әдебиет майданы, оның сын-сықақ жанрында ғана емес, кешегі қызыл империяның зымиян саясатынан қазақ тілін сақтап қалу тұрғысында да аянбай еңбек етті. Жатпай-тұрмай сол кездегі республикамыздың астанасы Алматыда түп-тұқиянынан құрып бара жатқан қазақ мектептері мен бала бақшаларын ашып, қашан көзі жұмылғанша «тілім, ділім» деумен өтті. Бүгінде ақынның бұл жанкешті еңбегін тіл жанашырлары жақсы біледі. Сондай тұлғамен өз өмірімде екі мәрте жүздесіп, сөзін тыңдауым, қадір-қасиетіне бойла-
уым мына толғауы тоқсан тіршіліктегі үлкен олжам деп ойлаймын. Сосын да оқырман қауыммен осы естелігіммен бөліскенімнің артықтығы жоқ шығар. Шона ағамыздай жақсыларымыз ортамыздан әлі де шыға берсін.
Амангелді ЕСТАЙ,
зейнеткер.
Есіл ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *