Әркім өзі сақтануы керек

Тұмау – вирусты жұқпалы ауру. Әдетте біз тұмауға жеңіл-желпі қарай саламыз. Алайда, бұның соңы денедегі өзге де созылмалы ауруларды өршітіп, асқынуға әкелуі мүмкін дейді мамандар.

Облысымыздағы эпидемиологиялық жағдай қандай деңгейде, тұмаудан қалай сақтануға болады? Алдын алу шаралары тұрақты жүргізіледі ме? Біз осы сауалдарды Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Әсем Төлеубаеваға қойып, мәселенің мән-жайын сұрап білдік.
–Тұмаудың алдын алу жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіледі. Алғашқы белгілері байқалған адамнан өзгелерге жұқпауы үшін бірден оқшауландырылады. Ол үшін емханаларда арнайы фильтр бөлмелері ұйымдастырылған. 2017 жылдың 1 қазанынан бері облыста ЖРВИ-дің 14954 көрінісі тіркелді, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда аурудың 1,7 есе азайғандығын аңғартады. Әйтсе де, соңғы үш аптада сырқаттанушылардың саны көбейіп, орта есеппен алғанда 1,5 есеге өсті, олардың негізгі үлесі 14 жасқа дейінгі балалар. Тұмаудың алдын алудың тиімді әдісі вакцина. Елімізде тұмауға қарсы екпе тегін жасалады. Ағымдағы жылы облыс тұрғындарының 12 пайызы екпемен қамтылған. Былайша айтқанда, 94887 облыс тұрғынына екпе жасалды, –дейді Әсем Төлеубаева.
Вакцинациядан басқа тұмаудан қорғанудың тағы бір тәсілі бар. Бұл аурудың алдын алу. Жасырары жоқ, тұрғындар тұмау ауруына аса мән бермей, жеңіл-желпі қарап, дәрігер нұсқауына назар аудармайды. Мамандардың айтуынша, тұмаудың алдын
алу үшін анаферон, интерферон, виферон сияқты дәрілер мен қатар вирусқа қарсы жақпамайларды, атап айтсақ, оксалин, антивир және поливитаминдер қолдану керек. Қазақ халқы «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген емес пе.
Біз облыс орталығындағы эпидемиологиялық жағдайды білмек ниетпен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына хабарластық. Дәрігер-статист Дина Серікқызының айтуынша, аталмыш мекеме 150 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Оның 36 мыңы балғындар, 13 санитарлық бекет тәулік бойы жұмыс істейді. Жедел жәрдемнің көмегіне тәулігіне 400-дей адам жүгінеді. Қазіргі таңда Көкшетау қалалық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері «Адис» ақпараттық жүйесінің көмегімен жұмыс істей бастады. Яғни, диспетчерге түскен барлық шақыртулар компьютерге енгізіледі. Бағдарлама өзі-ақ барлығын реттеп, қай жерде, қай жедел жәрдем шақырту түскен мекен-жайға жақын жүргенін немесе бос екенін анықтап, жіберіп отырады. Соңғы жылдары емханалардың уақытылы, әрі сапалы қызмет көрсетуінің арқасында жедел жәрдем көмегіне жүгінетіндердің қатары азайған. Көкшетау қаласының тұрғындары мен жақын маңдағы елді мекендерге бір жедел жәрдем станциясы және екі қосалқы станция жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті, сондықтан, ең дұрысы респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге бару керек.

Ұлмекен Шаменова.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *