Өндірістің қуаты артады

«ENKI» кірпіш зауыты таяу арада Көкшетауда тағы бір кірпіш шығаратын зауыттың құрылысын жүргізу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кәсіпорын басшысы Мырзабай Әбдіхалықов мәлімдеді.

– Биылғы жыл біз үшін өте сәтті қалыптасты. Біздің зауыт Қазақстанның үздік тауарлары конкурс-көрмесінде «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша дипломант атанды. Қазір Көкшетау қаласында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Онда түгелге дерлік біздің керамикалық кірпіштер қолданылуда. Қазір жылдың аяғында да кірпішімізге тапсырыс толастар емес. Зауыт жылдық қуаты бойынша бір жылда 60 миллион дана кірпіш шығарады. Алайда, бүгінгі күнге дейін біз 61 миллион дана кірпіш саттық. Бұл зауыт іске қосылғалы бұрын-соңды болмаған көрсеткіш,– деді ол сөзінде.
Зауыттың келер жылға жоспарлары да айтарлықтай. Мұнда Греция-дан келіп түсетін қондырғылардың көмегімен зауытты модернизациялау қолға алынбақшы. Оның барысында өндіріс кеңейтіліп, еуропалық стандарт бойынша жаңа кірпіш түрлерін шығаратын желі іске қосылатын болады. Қазір кәсіпорында 40 түрлі кірпіш шығарылуда. Ал, меже – кірпіштің 50 түрін шығару.
Зауыт басшылығы Грецияда болып, ол жақтан бүгіннің өзінде жаңа құрал-жабдықтар күтіліп отыр. 2018 жылдың бірінші тоқсанында жаңа желі іске қосылғанда өндіріс қуаты 30-40 пайызға артпақшы. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға да қолайлы мүмкіндік туғызады.
Мұнымен бірге, жуырда серіктестік Застанционный кентінің аумағында балшық алатын жаңа карьерге де қол жеткізді. Бұл кірпіш бағасын түсіруге мүмкіндік береді.
– Біздің жоспарымызда Көкшетау қаласында кірпіш шығаратын екінші зауыт құрылысын салу да бар. Бұл кірпішке деген үлкен сұраныстан туындап отыр. Бір жылдың немесе екі жылдың көлемінде біз бұған қол жеткіземіз деп ойлаймын,–дейді өз сөзінде Мырзабай Әбдіхалықов. Осы заманғы автоматтандырылған «ENKI» зауыты қазақстандық кірпіш өндірушілер арасында осындай бірден-бір ең ірі зауыт болып табылады.

«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *