Өнер көгінде қанатың талмасын!

Таяуда Астана қаласында «Жұлдыз достарын шақырады» атты жас музыканттар мен орындаушы аспапшылардың республикалық байқауы болып өтті. Аталмыш өнер додасында Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінің 4 «ә» сынып оқушысы, балалар музыка мектебінің шәкірті, қобызшы Ясмина Сүлейменова Бас жүлдені иеленіп, өз мерейін өсіріп, облыс абыройын аспандатты. Балғын қобызшының осындай дүбірлі додаларда топ жаруы оның қанына біткен табиғи дарыны деп бек сеніммен айта аламыз.

Біз өнерпаз қыздың бұған дейін де облыс орталығында өткен Манарбек Бексейітов атындағы І облыстық жас музыканттар байқауында жүлделі ІІ орынды, Қарағанды қаласында өткен ІV-ші «Тұлға» халықаралық байқау-фестивалінде жүлделі ІІ-ші орынды иеленіп, тағы басқа өнер додаларында топ жарып жүргенін білеміз.
Музыка мектебінде Ясмина ұлағатты ұстаз Назгүл Қайратқызынан тәлім алады.
Анасы Әлияның айтуынша, қызы жастайынан өнерге жақын болып өссе керек.
– Баламның жан-жақты тұлға болып қалыптасуына барынша көңіл бөлуге тырысып келемін. Оқудан тыс уақытта түрлі үйірмелерге апарып қабілетін ашуға көмектестім. Моншақ өру, би үйірмелеріне де қатысты. Би үйірмесіндегі апай бірде маған қызымның сахнаны жақсы көретіндігін тілге тиек етіп, бойындағы қабілетін әрі қарай дамыту керектігін баса айтты. Сол себепті, қызымды облыс орталығындағы балалар музыка мектебіне апарып, домбыра сыныбына беруді ұйғардым. Алайда, мектептегі мұғалімдер Ясминаның қабілетін ескеріп, оны қобыз сыныбына беруіме кеңес берді. Шебер ойнауға машықтандырып жүрген ұстазы Назгүл Қайратқызына зор алғыс
білдіргім келеді, – дейді анасы ағынан жарылып.
Бір қараған жанға мінезі біртоға, томағай тұйық болып көрінетін жауқазын қыздың спорттың хоккей түрімен де айналысатынын бірі білсе, бірі білмейді…
Ізденімпаз, еңбекқор, өнерпаз қыздың алар асуы, шығар биігі алда. Біздіңше, өнердің киелі ордасы атанған Көкшетау дейтін қасиетті өлкенің атағын аспандатып, абыройын асыратын, өз өнеріне әлем сахнасын мойындата алатын Ясминадай жас өскіндер. Олай болса, өнер көгінде қанатың талмасын, жарқыным!
Р.S: Редакцияға талабы мол талантты қыз қобызын ала келіпті. – Құлыншақ, бір күй ойнап берші,– деп біз де өтіндік. Беу, шіркін, қобыздың бебеулеп сөйлегені бөлек қой, шіркін! Арқаның самал желіндей бірде cыңсып, бірде сарнап, бірде уілдеп көңілді тебірентіп, қобыздан боздап, шырылдап төгілген мұңлы әуен жан жүректі шымырлатып жіберді…
Тылсым сырға толы сазды әуенге үйлесіп құс болып қалықтаған көңіл де шарықтап барады. Ілесіп сол көңілмен ән жүректі аялап тербейді!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *