Өнім сапасы алтынмен бағаланар

«Родина» Агрофирмасы» өңірлік аумақта ғана емес, республикалық деңгейдегі үлгілі ауыл шаруашылығы кәсіпорны саналады. Оның жоғары сапалы өнімдері Қазақстаннан тыс жерлерге де танымал және бұл өнімдерді тұтынушылар үлкен сұраныспен пайдаланады».

Елбасының «Алтын сапа» жүлдесін
тапсыру кезіндегі құттықтауынан.

Тұтынушылар қандай сүтті қалайды? Әрине, сапалы сүтті. Осылай деп тақ еткізгенімізбен, оның астарындағы пәлсапаны білмесең, ағарғанның табиғатын түсінбесең сапа дейтін ұғымның кең шеңберіне бойлай алмайды екенбіз. «Сүттің тарихы адамзат тарихымен сабақтас, – дейді Целиноград ауданындағы «Родина» Агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, экономика ғылымдарының кандидаты Иван Сауэр. – Ғұламалар жаратылыстың өзін сүтпен байланыстыратыны тегін емес. Оның құрамында екі жүзден астам пайдалы қоспа бар. Яғни, кез-келген жастағы адам организмінің өсіп-жетілуі мен дамуы-на қажетті заттардың бәрі табылады. Ол денсаулықты нығайтумен қатар, кеселдің алдын алу мен қорғаныштық міндетті де атқарады. Мәселе саумал сүтті өндіре білуде, қастерлі қасиетін сақтай білуде». Міне, осындай ойдың адамдарының қолынан шыққан өнім сапалы болмай қайтсін.
Қазіргі таңдағы ең жоғары өндірістік баға – «Алтын сапа». Родиналықтар 2006 жылғы республикалық бірінші байқауға қатысып жеңімпаз атанса, бүгіндері мерейлі жүлдені үш рет иемденіп, арнайы кубокпен марапатталды. Былтырғы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің «Қараөткел» көрмесінің қорытындысымен «Алтын белгі» медалі мен дипломына да ие болды. Салалық министрліктердің, тұтынушылар мен әріптестердің Алғыс хаттары қаншама. Бұл жай ғана көрсеткіш емес, баршамыздың басты мақсатымыз саналатын сұраныстың өскендігі, маңдай тердің ақталғандығы, еңбектің жанғандығы, жалпыхалықтық мойындау, алғыс-рахмет деп, тоқтаусыз толғануға тұрарлық бағам.
Ендігі кезекте басты тұтынушы –талғамы биік Астана тұрғындарының ниет-тілектерінен таратып, нақтырақ сөйлелік. Агрофирма соңғы үш жылда елорда дастарханына 4000-нан 5200 тонна аралығында, ал 2017 жылдың бедерінде 5500 тонна сүт өнімдерін жеткізіп отырған. Жоғары сұраныстағы өнімнің барлығы бас қаланың 200-ден астам дүкенінде сатылып, 50 мектеп пен балалар бақшасының, 10 денсаулық сақтау мекемесінің игілігіне жаратылыпты. Астананың азық-түлік белдеуін толықтыру, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы мерейлі жүктің жауапкершілігіне адалдықты аңғарамыз бұдан. Облыс орталығы мен аудан тұрғындары да родиналықтарға абырой, табыс тілеп отыратыны сондықтан.

Сапа дегеніңіз осы. Шаруашылыққа 2010 жылы «Голштейн» тұқымды ірі қара өсіруге бағытталған асыл тұқымды зауыт мәртебесі берілген. Қазіргі заманғы жабдықтар орнатылған цехта сүт өнімдерінің он бір түрі шығарылады. Бұлардың барлығы СТ РК ИСО 9001-2009 сапа менеджменті жүйесімен сертификатталған. Азықтық тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі СТ РК ИСО 22000-2006 және СТ РК 1733-2007 сертификаттары талаптарына сай сүтті 120 сағат, ал айран, қаймақ, сары май, сыр, ірімшік пен сүзбені 7 тәулік бойы алаңсыз сақтай аласыз. Сапа менеджментінің халықаралық негіздерге сай келуі шаруашылықтың әлемдік деңгейдегі өнім шығаруына мүмкіндік ашып отыр. Айналып келгенде, жоғарыда аталған сертификаттар жиынтығы барлық өндірістік және басқару үрдісін халықаралық ISO 9001:2008 стандарттары талабында жүргізуге кепілдік береді.
Астана қаласынан 70 шақырымдағы шаруашылық күн сайын негізгі тұтынушыларының дастарханына 15-17 тонна сүт өнімдерін жеткізіп жүр. Ой жүгіртсек, «сүт бұлағы» дейтіндей деңгей. Бірақ, Иван Адамовичтің айтуынша, бұл сұраныстың 50 пайызы ғана екен. Осы жетпей жатқанның өзі дұрыс па деп қаласың кейде. Өйткені, «Родина» қазір іргелі ізденістер, ұланғайыр өзгерістер құшағында. Былайша айтқанда, замана талабындағы жоспар, жобалар тетігі тезірек айналуда.
Серіктестікте 2007 жылы қанатқақты жоба негізінде сүт-тауарлы шаруашылығы кешені құрылып, жаңа 20 жұмыс орны ашылды. Осы жылы Канададан 752 бас «Голштейн-фриз» тұқымды ірі қара сатып алынды. Қазір оның саны 2500 басқа жетіп, асыл тұқымды зауыттағы әр сиырдан алынатын өнім 7200 литрге жеткен. Түбінде шаруашылықтағы барлық мал осы тектес сиырлардан құралатын болады. Селекциялық сұрыптау жұмыстары, малды өз төлі есебінен өсіру қадамдары бұл мақсаттың орындалатынына шәк келтірмейтіндей. Инновациялық және сандық технологияны ұстанатын кешендегі бүкіл жабдық Германиядан алдырылса, өндірісті автоматтандыру, компьютерлік басқару мен бақылау қол ұзартып отыр. Жалпы, мұнда өндіріске қаржы құю бірінші кезектегі мәселе саналып, тартынып қалу қайтарымды әлсіретеді деген ұғым қалыптасқан. Яғни, тиімді бизнес арқылы кәсіпорынды дамытудың стратегиялық бағдарламасы болашақтың өскелең талабынан өзек тартады деуімізге болады.
–Біздің шаруашылық табиғи шикізатты бірінші кезең сатысында өңдейтіндіктен, өзге әріптестерге қарағанда елеулі артықшылық жағдайдамыз,–дейді «Родина» Агрофирмасы» серіктестігінің бас технологы Константин Банщиков. Біздің ұстанымымыз – тұтынушыға қоспасыз өнімдер ұсыну, технологиялық талаптарды қатаң бақылау, өндірістің жоғары мәдениеті, өнімді қолжетімді бағамен базарлау. Кестелі ырғақпен алынатын өнім өзіміздегі зертхананың күн сайынғы тексерісінен тысқары облыс, аудан, тіпті, Астана қаласындағы мекемелерде қосымша тексерістен өткізіледі. Тұтынушы талғамындағы өнімдеріміздің құрамында май, белок, көмірсуы, оның жұғымдылығы сияқты нормалы сұраныстар қамтамасыз етіліп, әр өнімнің ерекшелігіне сай 3,2-ден 72,5 пайыздық майлылық дәрежесі ұсталады және витаминдердің бай қоры сақталады. Тоңазытқыштармен жабдықталған авторефрижераторлар айрықша маңыз артылатын тасымал ісін алаңсыз ұйымдастыруға мүмкіндік беруде. Сүтті қайта өңдеу желісіндегі жұмысшы-операторлардың барлығының арнайы сертификаты бар. Шаруашылық беделін өз қолымен көтерген жерлестерім жауапкершілік деңгейінде жұмыс істеуді міндет әрі мерей санайды.
Осындайда халқымыздың қарабайырлау болса да кез-келген кәсіптің қыр-сыры мен қасиетін дөп басатын «Малды малдай адам бағады» деген нақылы ойға оралады екен. Өндіріс меңгерушісі Максим Судникович, технолог Людмила Марталер, Наталья Паскаль, Лилия Белоусова, Людмила Овадок сияқты лаборанттар, сұрыптаушы оператор Лагир Азимов, сауыншы Надежда Сокольская, бақташы Андрей Иванов тағы басқалардың өнегелі істеріне риза боласың. Шаруашылық басшылары осындағы үш ауылдың тұрғындарына қала тұрмысына мейлінше жақын қолайлылықтар туғызуға тырысатыны ғажап. Көкөрімге бөленген Родина ауылының үйлері бір орталықтан жылытылады. Су жүйелерінің өзі 40,6 шақырымды, электр шамы тартылған асфальтты көшелердің аумағы 40 шақырымды алып жатыр. Үйлену тойы мен сәби туғандағы дәстүрлі базарлық 50000 теңгеден екен. Ұжым мүшелері 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Алтын белгі» иегерлері 150000 теңгені иемденеді. Ауыл адамдары соғыс ардагерлері С.Глушко мен П.Богатыревқа «Ваз-2167» автокөлігі мінгізілгенін жыр қып айтады. Бұл кісілер қазіргі күні арамызда жоқ болса да, Отан күрескерлеріне, тыл майталмандарына құрмет өнегесі бүгінгі ұрпақ жүрегін тебіреніске бөлейтіні анық. Жалпы, агрофирманың әлеуметтік бағыттағы ақшалай үлесі миллионды қойып, миллиард теңгеге жақындап қалғаны қуантады. Ауылдың мәдени ошағы республиканың «Үздік клубы» атанса, алдыңғы жылы шаруашылық «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бо-йынша республикалық «Парыз» байқауының жеңімпазы атанды.
Тұрмысы сәнді елдің еңбегі ерен, өнімі тасқынды болатынын түсіндіріп жатудың өзі артық.

Бақберген Амалбеков.

Целиноград ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *