1 300 000 теңге қаржы жиналды

Жер жаһанға нұр шуағын шашып, адамзат баласына шат-шадыман көңіл сыйлайтын, мейірім мен жақсылыққа бастайтын ғажайып мереке – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы және Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Қайырымды ел – 2017» атты қайырымдылық аукционынан түскен қаржы тағдырдың жазуымен ауыр науқасқа ұшыраған балалардың емделуіне жұмсалатын болады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымды ел – 2017» республикалық қайырымдылық акциясы шеңберінде Наурыз мейрамына орайластырылып ұйымдастырылған аукционнан түскен қаражат ауыр науқасқа шалдыққан балалардың емделуіне және қымбат дәрі-дәрмектер мен тыныс алу аппаратына зәру науқастардың қажеттілігіне жұмсалмақ. Ауыр дертке шалдыққан 4 жасар Әлиасқар Әміржанов, 7 жастағы Ералы мен Асанәлі Құрманбаевтардың емделулеріне көп қаржы керек. Олардың ата-аналары үшін мұндай қайырымдылық шарасының мәні зор. Бауыр еті балаларының тез жазылып кетулері үшін бастарын тауға да, тасқа да соғып, ота жасатуға немесе шет елдерде емделуге қаражат таба алмай, көмек сұраған жандар аз емес. Сол сияқты созылмалы өкпе ауруына ұшырап, тыныс алу аппараты мен өте қымбат тұратын дәрі-дәрмектерге мұқтаж Дулат Қуанышев пен Самат Кенжетаевтардың да тағдыры осыған ұқсас. Осы орайда, аукционды өткізуге атсалысқан, балалардың қолынан шыққан 30-ға жуық шығармашылық  туындыларды ұсынған облыстық білім және концерттік бағдарламаны ұйымдастырған облыстық мәдениет басқармаларының жұмысын атап өткен жөн болар.
Жалпы, былтырғы жылы ұйымдастырылған қайырымдылық аукциондарынан
5 миллион теңге көлемінде ақша жиналып, ауыр науқасқа ұшыраған балалардың ата-аналарына теңдей бөлініп берілген еді. «Қоғамдық келісім» мекемесінің жүргізген мониторингі бойынша облыста мұқтаж жандарға 200 миллион теңге шамасында қайырымдылық көмек жасалыпты.   
– Бұл шараның Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылуы да бекер емес. Мүмкіндігі шектеулі немесе мүгедек балаларға көмек көрсету – біз үшін маңызды, –
деді Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшысы Марал Жақыпова.  
Бұдан соң облыс орталығындағы балалар көркемсурет мектебінің, дарынды балаларға арналған оқыту-әдістемелік орталығының, колледждердің оқушыларының шығармашылық жұмыстары аукционға қойылып, сатылды.
Аталған шара соңында 1 316 000 теңге ақша жиналып, үш баланың ата-анасы мен жоғарыда аталған екі мұқтаж жанға 290 мың теңгеден бөлініп берілді. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова қайырымдылық шарасына қатысушыларға ақ алғысын білдірді.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар