10 жылдан бері қордаланған қарыздары бар

«Көкшетау Жылу» кәсіпорны филиалының өкілдері «Көкшетау Су арнасы» кәсіпорнының мамандарымен бірге рейдке шығып, пәтер иелері кооперативін құрмаған жатақхананың құбырларын орталық жылу және су жүйелерінен ажыратып тастады. 

Жалпы, Көкшетау қаласы бойынша жылу қарызы 265 миллион теңгені, оның ішінде жеке тұлғалардың қарызы 208 миллион теңгені, заңды тұлғалардың қарызы 56 миллион теңгені құрайды. «Көкшетау Жылу» кәсіпорны филиалының директоры Самат Сматаев өз сөзінде күн сайын рейд ұйымдастырып, қарызы көп тұтынушылар пәтерлерін орталық жылу жүйесінен ағытатындарын айтып өтті.
– Осы орайда, бұл пәтер иелері қосымша шығынға ұшырайды. Орталық жылу жүйесіне қайта қосу үшін жеке тұлғалар 42 мың теңге, заңды тұлғалар 100 мың теңге төлейді. Мұндай шара электр қуаты мен суға қарызы қордаланған жеке және заңды тұлғаларға жүргізілуде. Бұл қаржы коммуналдық кәсіпорындар еңбеккерлерінің еңбекақысын төлеуге және жөндеу жұмыстарына қажетті материалдар сатып алуға жұмсалады. Жылу беру маусымына дайындық бір жарым айдан соң аяқталады. Сондықтан, біз рейд шарасын сот орындаушылармен бірге жиілете түстік. Қаражаты жоқтардың тұрмыстық техникалары алынуда. Сондай-ақ, қарызға белшесінен батқандардың жылжымайтын және жылжитын мүліктері тәркіленуде. Мұндай адамдар шетелге де шыға алмайды. Бүгін рейдке «Көкшетау Су арнасы» кәсіпорнымен бірге шығып, М.Әуезов көшесіндегі №288 үйдің  қарызы көп тұрғындарымен жұмыс істеудеміз. Бұл жатақхана тұрғындарының жылуға қарызы 3,5 миллион теңгені, суға қарызы 2,5 миллион теңгені құрайды. Тіпті, кейбір тұрғындар жылуға қарызын он жыл бойы төлемеген. Олардың қарызы 109 мың және 300 мың теңгеге дейін жетеді. Жатақхананың бөлмелері шағын. Жылу ақысының мөлшері де аз болғандықтан, ай сайын төлеуге әбден болады. Тұтынушылар өз міндетін дұрыс түсінбейді. Коммуналдық қызметті пайдаланады. Бірақ, қызмет ақысын төлегілері келмейді. Егер бұл жатақхана және өзге де көпқабатты тұрғын үйлердің тұтынушылары жақын арада қарызын төлемесе, орталық жылу жүйесіне кешірек қосылатын болады, – дейді Самат Сматаев бізбен әңгімесінде.
Осы күні «Көкшетау Жылу» кәсіпорнының сантехниктері бірқатар тұрғындардың жылу радиаторларын орталық жылу жүйесінен ағытып тас-
тады. Жалпы, жатақхананы толық жылу жүйесінен ажырату жөнінде әңгіме туындағанда, Нина Светличная мен Светлана Кириловская тәрізді зейнеткерлер өздерінің жылу ақысын ай сайын төлейтіндерін айтып, біреулердің кінәсінен зардап шеккілері келмейтіндерін жеткізді. Рейд барысында есіктерін ішінен тарс жауып алғандар да болды. «Көкшетау Су арнасы» кәсіпорнының бөлім басшысы міндетін атқарушы Дәржан Шәкімованың айтуынша, бұл жатақхананың суға қарызы 2,5 миллион теңгеге жеткен. Тұрғындар уақытында төлемегендіктен, қарыздары қордаланып отыр. Кассир-бақылаушылар жұмыс істеп, көбінің қарызын жинауға тырысады. Олар қарызға белшесінен батқандардың тізімін жиі жариялайды. Дегенмен, кейбір жатақхана тұрғындары коммуналдық қызмет ақысын мүлдем төлегілері келмейді. Бұл жатақхана болған соң он екі отбасына бір санитарлық жүйеден келеді. Тұрғындардың кейбіреуі ай сайын су ақысын төлейді. Сондықтан, ортақ суды орталық су жүйесінен ағытып тастау қиын. Біреудің кінәсінен екінші біреулері зардап шегеді. Суға қарыз он жылдан бері қордаланған. Дегенмен, суға қарызы қордаланған он екі бөлмеге тиесілі санитарлық жүйе орталық су жүйесінен ажыратылды.

Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар