103 жасқа келген ШЕКЕР АПА

Қоғам жеке отбасынан тұрады. Ал, отбасы – бұл шағын мемлекет. Бүгінде өнегелі өмір жолымен көпке үлгі болып отырған отбасылар аз емес.

Отбасының бақ-берекесін келтіретін әйел-ана. Ана отбасының ұйытқысы дейміз. Ал, қазақтың дархан даласындай көңілі ақ, пейілі кең аналарымыздың қоғамдағы орны әрқашан биік. Құдайдан кейін құдірет иесі нәзік жандар деуіміз де сондықтан. Мына жарық дүниеге әкелген ана алдында бәріміз де бас иеміз. Өйткені, отбасының береке-бірлігі, ынтымағы әйел адамға байланысты.
 «Еркекті ер қылатын да, ез қылатын да әйел» деп атам қазақ текке айтпаған. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде демекші, Шекер Кендебаева сынды абыз аналарымыздың барына қуануымыз керек. Өйткені, кейуананың өнегелі өмір жолы көпке үлгі.
1912 жылы Өзбекстан Республикасының Түймемойын ауылында дүниеге келген Шекер апа әдемі қартая білген жан. Жас-тайынан жетім қалып, өмірдің өкпек желіне төтеп берді. Он бес жасында Жолдас атамызбен тұрмыс құрып, он екі құрсақ көтерген. Алайда, сұм соғыс әр шаңыраққа қайғы-қасірет ала келді емес пе? Оның да жолдасы соғысқа қатысып, ел үшін қан майданда от кешкен жауынгер. Небір ауыр да азапты күндерді басынан өткізген Шекер апа ауыл мектебінде балаларға білім нәрін сеуіп, соғыста жүрген жауынгерлерге заттай көмек көрсетіп, қол ұшын созды. Еңбегі елеусіз қалмады. Әжейдің кеудесінде жарқыраған медальдар еткен еңбек пен төккен тердің қайтарымы тәрізді.  
Шекер апа өзінің ортасында сый-құрметке бөленген адам. Ең бастысы балаларын бақытына балайтын аяулы ана. Әйел болу, ана болу Алланың берген сыйы екенін айтқан 103 жастағы кейуана он екі құрсақ көтергенімен, Алланың жазуымен соның сегізі ғана дін аман. Сол балаларынан 32 немере, 29 шөбере, 3 шөпшек сүйген бақытты әже.
– Өмірде небір қиындықты бастан өткердік. Пенде болған соң бәріне көнуіңе тура келеді. Жоқтыққа көніп, барға тәубе қылдық. Ең бастысы, адам бәріне шүкіршілік етуі тиіс, – дейді ол. Осындай қазақтың қайсар аналарының өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпақ та өздеріне үлгі етуі қажет.  Сондықтан, шаңырағын шаттыққа бөлеп, отбасына күннің нұрындай шуағын төгетін әйел-аналардың әрқашан беделі биік, арманы асқақ бола берсе екен деп тілейміз.

Гүлжайна АУҒАНБАЙ,
Садовый орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар