17 спортшымыз қатысады

2017 жылдың басында Алматыда өтетін Универсиада сияқты  дүниежүзілік деңгейдегі дүбірлі доданың маңызы зор. Спортшылар қысқы спорт ойындарының 12 түрінен сайысқа түсіп, бақ сынасатын болады.

Қазақстан ТМД елдері арасында қысқы ойындарға арналған Универсиада жарысын бірінші рет өткізгелі отырған ел екендігін атап өткен артық болмас. Дүбірлі жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен отыз мыңға жуық көрермендер мен жанкүйерлер келеді деп күтілуде. Универсиада ойындарын «Еуроспорт» сияқты әлемнің ең белді спорт арнасы көрсетеді.
Тарихта тұңғыш рет Универсиада алауы бірнеше жерде жағылады. Қазақстанның 16 қаласында жағылған алау, әлемдік спорттық шараның ашылу салтанатында тұтасып, біртұтас болады. Бұл шаралар республика бойынша қаңтардың 25-і басталады. Әрбір облыс орталығында алауды алғаш тұтату салтанаты өткізіледі. Кейін 16 алау көтеруші алауды Алматыға жеткізіп, Универсиаданың ашылу салтанатында өз алауын бір жерде біріктіреді.  Ұйымдастыру алқасының бекітілген кестесі бойынша Ақмола облысында алау тұтату эстафетасының салтанаты 26 қаңтарда өткізіледі. Алматыда өтетін Бүкіләлемдік қысқы Универсиада салтанатында  облыс атынан Универсиада алауын алып шығатын  А.Мырзахметов атындағы университеттің студенті, бокстан әлем чемпионы Дина Жоламан.
Ақмолалық спортшылардан Универсиадаға шаңғы жарысы, керлинг, шайбалы хоккей және биатлоннан барлығы 17 спортшы қатысады.  Шаңғы жарысына болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар Ольга Мандрика, Олжас Климин, Константин Борцов, Валентина Эбель  және Валерия Тюленова қатысады деп күтілуде. Биатлоннан еліміздің намысын Анна Кистанова, Алина Райкова, Тимур Хамитгатин, Анастасия Кондратьева және Роман Еремин қорғайтын болады. Атап өту керек, жерлес биатлоншы Алина Райкова өткен Универсиаданың жүлдегері. Сондай-ақ, қорытынды есепте жүлделі екінші орыннан көрінген еліміздің аралас эстафеташылар құрамында болған ақмолалық  Анна Кистанова да  биылғы Универсиадада өнер көрсететін болады.  Анастасия Сургай керлинг спорты бойынша бақ таластырса,  Константин Савенков, Антон Петров, Антон Бурделев, Павел Акользин, Виктор Ивашин, Александр Казначеев сынды спортшылар шайбалы хоккейде сынға түседі.   Жерлес спортшылардың Универсиадада топ жарып, жүлдегер атануына толық мүмкіндіктері бар.  Бақ та, бап та шабатын додалы жарыста жерлестеріміз топ жарып, еліміздің және астаналық облысымыздың атын шығарып жатса, ел сенімінің ақталғаны.  Бір сөзбен айтқанда, 2017 жылы Алматыда өтетін Бүкіләлемдік Универсиада Қазақстан елінің халық-аралық қауымдастықтағы абыройлы орнын айқындайтын, елдің ішкі өмірі мен экономикасына, спорты мен туризміне де оң әсер ететін ірі халықаралық спорттық шара болмақ. Жаңа жылдың алғашқы айында Универсиада алауы жағылып, жаңа спорт саңлақтарының есімі анықталатын болады. Ендеше, жерлес спортшыларға сәттілік тілейік!  

 Әсет БҮКІБАЕВ,  
облыстық дене шынықтыру
және спорт басқармасы басшысының орынбасары.

 Суреттерде:  Универсиаданың тұмары ретінде сұңқар таңдалды; спортшыларымыздың киім үлгілерінің бірі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар