2018 жылдан бастап БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі өзгереді

Мінеки, 2017 жыл да аяқталып келеді. Алдағы жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесінде бірқатар өзгерістер орын алғалы тұр. Солардың бірі – 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың жаңа тәртібі енгізілмекші. Бұл жаңалық қарапайым азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан үлкен қызығушылық туғызып отыр. Шын мәнінде бұл туралы 2015 жылы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына тиісті өзгерістер енгізілген кезде белгілі болған.

Ал, биыл 29 қыркүйекте ҚР Үкіметі қаулысымен зейнетақыны есептеу әдістемесіне тиісті өзгерістер енгізілді. 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру барысында зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын біржола алуды жою көзделген. Сөйтіп, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыру, бюджет қаражаты есебінен және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен жүзеге асырылатын жиынтық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру мақсатында ай сайынғы төлем енгізілді. Зейнетақы төлемдерін ай сайын төлеу халықаралық стандартқа сәйкес келеді.
Сонымен, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас-
тап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады.
Егер Қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға болады. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. Зейнетақы төлемдерін алушының жасына қарай оның зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады.
Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты міндет –
оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру.
Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасы зейнетақыны әр түрлі төлем көздерінен берілетін төлемдер жиынтығы ретінде қарайды. Бұл төлем көздері: мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақылар (ортақ зейнетақы) және салымшының өзінің зейнетақы жинақтары (жинақтаушы құрамдауыш, БЖЗҚ-дан төлемдер). Бұндағы басты мақсат – зейнет жасындағы азаматтарды тұрақты негізде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету.
Қазақстанда көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік базалық зейнетақы да бар. Ол мемлекеттік бюджет есебінен төленеді және барлық зейнеткерге еңбек өтілдерінің шамасына қарамастан бірдей мөлшерде төленеді.
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып тағайындалады. Яғни, базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге 14 466 теңге көлемінде төленеді (ең төмен күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Сонымен, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал, 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.
Тағы бір құрамдауыш – еңбек өтіліне қарай төленетін ортақ (еңбек зейнетақысы) зейнетақы. Бұл зейнетақы да бюджеттен төленеді. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе ол алты айдан төмен болған азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Аннуитеттік есептерге сәйкес, ең соңғы ортақ зейнетақы төлемдері 2040 жылдары жүзеге асырылады. Яғни, қазіргі 35-40 жастағы азаматтар 2040 жылдары зейнетке шыққанда ортақ зейнетақы ала алмайтын болады. Дегенмен, бұл азаматтар мемлекет тарапынан зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктерін алуға құқылы (бұл бүгінгі базалық зейнетақы). Біртіндеп ортақ құрамдауыш келмес-
ке кетеді, сәйкесінше, 2030 жылға дейін және одан кейін жинақтаушы құрамдауыштың үлесі біртіндеп арта түседі.
Тағы бір құрамдауыш бөлік – бұл жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Ол 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Содан бері зейнетақы жарналары қазақстандықтардың жеке зейнетақы шоттарына аударылып келеді. Сәйкесінше, зейнеткерлік жасқа толғанда зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты болады.
Егер адамдар бәрібір жалақыларын «конвертпен» алатын болса, болашақта зейнетақы Қорынан алатын төлемдерінің мөлшері де мардымсыз болмақ.
Өкінішке орай, көп адам бұл туралы ойлай бермейді. Өйткені, мемлекеттік зейнетақыға иек артады. Сондықтан, әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері зейнетақы Қорына ең төмен жалақы көлемінде жарна аударады. Бұл олар үшін бүгінгі таңда тиімді шығар. Бірақ, болашақта алатын зейнетақысының мөлшеріне кері әсер ететіні сөзсіз. Зейнетақы жарналарын мейлінше тұрақты және қомақты көлемде аударып тұратын азаматтың болашақта алар зейнетақысы да қомақты бола түседі. Бұл ретте жыл сайын инфляция көлемі ескеріле отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі зейнетақы секілді көрсеткіштер өзгеріп отырады. Ал, бұл базалық зейнетақының мөлшеріне, сәйкесінше жиынтық зейнетақыға да әсер етеді.
«Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Мысалы, Чехия, Жапония және Словакияда басқарушы компаниялар жарналардың атаулы құнының немесе инфляцияны ескермей нөлдік инвестициялық табыстылықтың сақталуына ғана кепілдік береді. Германияда зейнетақы қорлары енгізілген жарналарға қатысты зейнеткерлікке шығу күніне қарай 2,25 пайыздық мөлшерлемеге ғана кепілдік береді.
Бұл ретте ерікті зейнетақы жарналарын да ұмытуға болмайды. Зейнетақы жинақтарыңыздың көлемін арттыру үшін, сәйкесінше болашақ зейнетақыңыздың мөлшері зейнет алдындағы жалақыңыздың кемінде 40 пайызын құрауы үшін, зейнетақы Қорына зейнетақы жарналарын аударып тұруға болады. Ал, кейбір батыс елдерінде зейнетақының көлемі жалақының 80 пайызын құрайды. Әрине, бұл қызығарлық жағдай. Бірақ, бұл елдердің азаматтары өздерінің бүкіл еңбек жолында өздерінің зейнетақы шоттарына қомақты жарналар аударып тұрады. Олар әрбір тиынын үнемдеп жұмсайды. Қазіргі нарық заманында әрбір адамның болашағы өз қолында екендігі белгілі. Демек, қарттықтың қамын қазірден бастап ойлау қажет. Зейнетақы шотыңызға тұрақты түрде жарна аударып тұрсаңыз, зейнет жасындағы өміріңіз де жарқын бола түседі.
Салтанат ДОСЕТОВА.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *