9 тамыз – Құрылысшы күні

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің құттықтауы

Құрметті құрылыс саласының еңбеккерлері мен ардагерлері!
Сіздердің баршаңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Жер бетіндегі ең ежелгі және бейбіт кәсіптің иесі ретінде сіздерді халық қашанда  құрмет тұтады. Өйткені, адамзат тарихының барлық кезеңдерінде өркениеттің биік өлшемі құрылысшылардың қолымен жасалған сәулетті қалалармен, зәулім ғимараттармен бағаланса, ел экономикасының басты көрсеткіші құрылыс жұмыстарының қарқынымен анықталды.
Аты айтып тұрғандай, бұл мамандық иелері елді мекендерімізді көркейту, абаттандыру сияқты халық үшін аса қажетті жұмыстарды  мойнына алған. Құрылысшы мамандығының мәртебелі болатын себебі де сондықтан. Сәулетшілер, дизайнерлер, тас қалаушылар, сылақшылар, прорабтар мен әрлеушілер – бүгінгі құрылыс үшін қажетті осындай сан қырлы мамандықтардың бәрін тізбелей беру артық болар. Олардың бәріне ортақ бір қасиет – жұмыс сапасын жақсартып, құрылыстың сапасы мен жайлылығын қамтамасыз ету болып табылады.
Бүгінгі күні Қазақстанның құрылыс саласы дамудың жаңа бір кезеңіне шығып отыр. Жыл сайын мемлекет тарапынан тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды салу үшін қаражат бөлініп келеді. «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму», «Қолжетімді баспана – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» тәрізді ондаған бағдарлама игеріліп, жүзеге асырылуда.
Белгіленген бұл жоспарлардың бірде біреуін құрылысшыларсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бүгінгідей әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, құрылыстың қарқынын бәсеңсітпей келе жатқан біздің еліміздегі осы кәсіп иелерінің төл мерекесі ел үшін де маңызы зор оқиға. Жыл өткен сайын қалаларымыз бен ауылдарымыздың сыртқы бейнесі өзгеріп, көркі көз тартар әсем ғимараттармен толығып келе жатқандығы ғажап. Облысымыздың ең шалғай елді мекендерінде де тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, жұртшылықтың игілігіне беріліп жатыр.
2014 жылы облыстағы құрылыс ұжымдарының табанды еңбегінің арқасында көктемгі су тасқынынан зардап шекен Атбасар қаласының тұрғындары үшін көпқабатты 4 тұрғын үй салынып, 1 көпқабатты үй қалпына келтірілді. Биылғы жылғы табиғат апатының зардаптары да осы құрылысшылардың күшімен жойылатыны сөзсіз.
Құрметті достар! Кәсіби мереке қарсаңында облысымыздың барлық құрылысшыларын осы қуаныштарымен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға береке-бақыт, еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Әрдайым өздеріңіз қалаған мамандықтарыңыздың шырқау биіктерінен көріне беріңіздер!

 

 

 

Құрметті құрылыс саласының еңбеккерлері!
Адам игілігі үшін адал көңілімен сүбелі де салмақты, қажырлы да қайратты еңбек ететін құрылыс саласының құрыш білекті, абзал жүректі еңбеккерлері қандай құрметке болсын әбден лайықты. Бүгін елді мекендердің баршасына сәулетті сарай, ажарлы тұрғын үй салып, ел экономикасының дамуына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың барынша жақсаруына зор үлес қосып келе жатқан құрылысшылардың төл мерекесі – Құрылысшы күні!
Құрылысшылардың қалағы тимейтін жер жоқ. Оқтай түзу көше, еңселі білім ошағы, дертіңе дауа аурухана тәрізді өмірлік маңызы зор ғимараттардың барлығы зор жауапкершілік жүгін арқалаған құрылысшылардың арқасында салынатындығы баршаға мәлім. Осы бір мамандық  иелері уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек етіп, бойларындағы күш-қуатын, білімі мен білігін сарқа жұмсауының арқасында ел еңсесін биіктетуге өз үлестерін молынан қосуда.
Құрылыс саласын дамыту, оны уақытылы қолдап отыру негізгі бағыттардың бірі. Күрмеуі қиын көптеген мәселелердің шешімін табуы осы саланың дамуымен тікелей байланысты.
Кәсіби мереке күні сіздерді құттықтай отырып, шын көңілден алғысымызды білдіргіміз келеді. Дендеріңіз сау, отбастарыңыз аман және жан жүректеріңізбен қалап алған мәртебелі мамандықтарыңызға орай, шынайы шеберліктеріңіздің арта беруіне тілектеспіз.
Сағынтай ЕЛУБАЕВ,
облыстық мәслихат хатшысының
міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар