Көкшетау әуежайының болашағы зор

Бүгінгі таңда облыстың, Көкшетау қаласы мен Щучинск-Бурабай курортты аймағының дамуына ықпал ететін Көкшетау әуежайы Қазақстан Республикасы транспорттық инфрақұрылымының маңызды бөлігі болып табылады.

Көкшетау әуежайының тарихына аз-кем тоқталсақ, ол 1945 жылы авиациялық кәсіпорын ретінде құрылған. Сол кездері әуежай Қопа көлінің маңындағы қазіргі «Көктем» және «Васильковка» шағын аудандарының аумағында орналасты. Осы жылы әуежайға қажетті мамандар мен ұшқыштар тартылды. 1955 жылы әуежай ұшқыштар бөліміне біріктіріліп, Көкшетау біріккен авиаэскадрилиясы деп аталды. 1970 жылдың басында қаладан жиырма шақырым жерде жаңа әуежайдың құрылысы басталып, ол 1975 жылы пайдалануға берілді. 1995 жылы Көкшетау біріккен авиаотряды «Көкшетауавиа» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. 2004 жылы әуежай «Көкшетау авиакомпаниясы» акционерлік қоғамы ретінде тіркелді.
2013 жылы әуежайдың барлық кешені күрделі жөндеуден өтті. Бүгінгі таңда ИКАО-ның бірінші санатына сәйкес келетін әуежайда асфальт пен бетон төселген жасанды ұшып-қону жолы бар. Бұл жолаушы және жүк ұшақтарының барлық түрін қабылдауға мүмкіндік береді. Аэровокзал сағатына 200 жолаушы қабылдай алады. Әуежай халықаралық талаптарға жауап беретін телескопиялық траптармен және қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен әуежай халықаралық ұшақтардың ұшуын қамтамасыз ете бастады. 2017 жыл Көкшетау әуежайы үшін соңғы біршама жылдар ішіндегі ең нәтижелі жыл болды. Әуежайдың барлық өндірістік көрсеткіштері көтерілді. Осы жылы Шымкент және Мәскеу бағытындағы рейстер қалпына келтірілді. Алматы бағытындағы рейстер саны артты. Бұрынғы рейстердің де жұмысы жанданды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 22 мың жолаушы тасымалданды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 55 пайыз немесе 7,8 мың жолаушыға артық. Сөйтіп, жолаушы тасымалдау жоспары 109 пайызға орындалды. 2014 жылы 18,8 мың жолаушы, 2015 жылы 17,4 мың, 2016 жылы 14,2 мың жолаушы тасымалданды. Сондай-ақ, өткен жылы 919 ұшып-қону операциясы орындалды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 6 пайызға немесе 51 операцияға көбейгенін көрсетеді. Өткен жылы әуежай 16,9 тонна пошта мен жүк тасымалдады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 88 пайызға немесе 7,9 тоннаға көбейді. Бүгінгі таңда әуежай Алматы, Ақтау және Мәскеу бағытындағы рейстерге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, чартерлік және санитарлық рейстер орындалады.

Дастан МӘЛИЕВ,
«Астана халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы «Көкшетау әуежайы» филиалының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар