Сен мәңгі біздің жүрегіміздесің, туған ауыл!

Ауыл – қазақтың алтын бесігі, негізгі тірегі десек, артық айтқандық болмас. Ауыл-ананың аялы алақанынан талай ұлы ғалымдар, ақындар мен жазушылар, батырлар мен қоғам қайраткерлері, майталман еңбек адамдары түлеп ұшқан. Десек те, уақыт өтіп, жылдар жылжыған сайын ауыл тұрғындарының қатары сиреп барады. Біреулер қалаға білім іздеп кетсе, енді біреулері екі қолға бір күрек тауып жұмыс істеу үшін кетеді.

Сен де кеттің,
Мен де кеттім,
Ол да кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды-ау,
Ұят болды-ау қауымнан! –
деп Мұқағали ақын күрсінгендей, шынымен де, күні кеше болашағынан зор үміт күткен ауылдың арқа сүйер азаматтары қалаға қоныс аударып жатқанда жаның қынжылады.
Ауылдан көшкендерге кінә тағуға болмайды. Заман талабы мен Үкіметтің саясатына да өкпелеу дұрыс емес. Бар пәле жергілікті берекесіз, қырсыз басшыларда. Солардың кесірінен Қазақстанның географиялық картасынан таратылған қазақ ауылдарының атау-
лары біртіндеп өшіріліп жатыр. Солардың енжарлығынан қалған кей ауылдарда да көретініміз – қаңыраған мектептер, клубтар мен кітапханалар…
Сондай таратылған ауылдардың бірі – бұрынғы Көкшетау облысы Ленин ауданының, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданының Ұялы ауылдық округіне қарасты Аманкелді ауылы.
Бұл ауылдық жердің ежелгі атауы – Тарғылбұқа. 1930 жылдары бұл жерге Омбы облысы Азов ауданының Бәкізе ауылынан Аманкелді ақсақал басқарған бір топ қазақ отбасылары қоныс аударып, көшіп келген. Сол жылдары Қызылту аудандық атқару комитетінің шешімімен Тарғылбұқа ауылының жер көлемі заңдастырылып, ұжымдық шаруашылық ашылған. 1930-1950 жылдары елді Аманкелді ақсақалдың өзі, кейін ұлы Садық Букин басқарған. Ауыл тұрғындарының ұсынысы болды ма, әлде жоғарыдан нұсқау келді ме, қазір ешкімнің есінде жоқ, біртіндеп ауыл Аманкелді ауылы атанып кетті.
Бертін жаңа шаруашылықтар ұйымдастырылған кезде Аманкелді ауылы «Тельман» совхозының бригадасына айналды. Бригада қарамағында 2900 гектар егістік және 250 бас қара мал болды. Жері құнарлы, шөбі шүйгін болғандықтан, жыл сайын әр гектардан 18-20 центнерден астық жиналды, мал өнімдері де жоспарлаған межеден артық өндіріліп отырды.
Осы бригаданы 1959 жылдан бастап отыз жылдан аса Шайдолла Әмірин басқарды. Еліміздің сол заманда көркейіп, өркендеуіне ағамыз көп еңбек сіңірді. Соған сай, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, екі рет Қазақ КСР Құрмет грамотасымен, екі мәрте ВДНХ күміс медалімен, басқа да көптеген сый-сияпатпен марапатталды.
Аманкелді ауылы бірқатар белгілі азаматтарды тәрбиелеп өсірді. Солардың бірі – осы ауылдың тумасы Халел Серғазин. Халел Құсайынұлы еңбек жолын Қызылту аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып бастап, Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысына дейін өсті. Отаны мен елін шексіз сүюдің, туған халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісі болды.
Ауылда ұзақ жылдар механизатор болып Орақ Құсайынов пен Сәлім Бекболатов еңбек етті. Алдыңғы ағамыз да кезінде Құрмет Белгісі орденімен марапатталды.
Осы ауылдан шыққан Мәден Сағындықов «Тельман» кеңшары жұмысшылар комитетінің төрағасы болып абыройлы қызмет атқарды. Мұратбек Хайруллин көрші кеңшардың директоры болды.
Елдің орманды жерде орналасуына, табиғаты өте бай болуына байланысты ауыл тұрғындары орман шаруашылығымен де айналысты. Айталық, осы елдің тумасы Сайран Хайруллин елуінші жылдары Бурабай орман техникумын тәмамдағаннан кейін, өмірінің соңына дейін осы салада еңбек етті. Кейін ағамыздың отырғызған ағаштары халық арасында «Сайран орманы» атанып кетті.
Аманкелді ауылынан шыққан азаматтардың көбі Алматы, Омбы, Целиноград, Көкшетау қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алып, бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстанымыздың игілігі жолында еңбек етуде. Олардың қатарында Мұратбек Хайруллин, Ғабдолла Әмірин, Сабыржан Бекболатов, тағы басқалары бар.
Біздің ауылдың азаматтары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуіне де белсене атсалысты. Солардың бірі – жоғарыда аталған Шайдолла Әміриннің ұлы Ғабдолла Әмірин сол кезде ЭКСПО-ны дайындау және өткізу департаментін басқарды. Тағы бір ауылдасымыз Дүйсенбай Әбдірахманов көрме құрылысында еңбек етті.
Кешегі Кеңес Одағы тараған кезде көп ауылдардың тоқырауға ұшырағаны белгілі. Омбы облысы мен шалғай жатқан ауылдарға автобус қатынастары болмай, ауыл мектебі жабылып, 30 шақты үйден тұратын Аманкелді ауылының тұрғындары да сол кезде «басқа түскен баспақшыл» дегендей жан-жаққа көше бастады. Сөйтіп, аудандық мәслихат 2000 жылдардың басында ауылды жабу туралы қаулы алды.
Осылайша ел орнында жетімсіреп ата-бабалардың қорымы қалды. Ауылдың шүйгін шөбі мен майда топырағы қалды. Жүректе өшпес өкініш пен сағыныш қалды…
Елдің іскер азаматы Ғабдолланың бас болуымен жуырда Аманкелдінің үлкені бар, кішісі бар, бір топ жігіттерінің күш-жігерімен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, бұрынғы ауылдың орнына табиғи тастан биіктігі екі метр ескерткіш қойылып, ата-бабалар рухына құран бағышталып, үлкен ас берілді.
Бұл сауапты шараға осы елде туып-өскен, қазіргі уақытта бір шеті Астана, Көкшетау, Степногорск қалалары мен Зеренді ауданында тұратын ел азаматтары қатысты. Сөйтіп, кезінде осы ауылда тұрған 150-ге тарта адам жиналды.
Ауыл құрдастары деп айтуға болатын, 90-ға таяған Зейнеп Серғазина апа мен Тәжи Бекболат ата да осы шараға қатысып, ел азаматтарына ақ баталарын берді. Елдің құлазыған орнына тағзым етуге қырқыншы-елуінші жылдары осы топырақта балалық шағын өткізіп, кейін Омбының ауыл шаруашылығы институтында білім алған Абай Ғаббасов, жетпісінші жылдары елменен бірге өсіп, қызмет атқарған Жексенбай Сапаров та келді.
Ас үстінде көп әңгімелер айтылды. Соның ең бастысы – «әттеген-ай, ауылымыз қайта жаңғырса ғой! Мұндай табиғаттың әсем жерінде орналасқан елдің ыдырап кетуі обал-ақ. Жергілікті басшылардан қолдау болса, ауылды әлі де болса қайта түлетуге болар еді, біз де атсалысар едік», – деген пікірлер тоғысы.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп атап көрсеткені белгілі.
Сол ауылдарды сақтау – ұлтты сақтау. Осыны бір сәт естен шығармасақ екен. Сен мәңгі біздің жүрегіміздесің, аяулы ата қоныс – Аманкелді ауылы!

Дәулет АХМЕТЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *