«Керегелі қазақ елі» тамырын терең жаяды

Мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму Стратегиясында белгіленген инновациялық бағыты тәуелсіз Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерін аша отырып, Мәңгілік Елдің іргетасын қалауға бағытталған. Соған байланысты, Қазақстан Республикасы қоғамының барлық салаларында инновациялық зерттеулер жүргізу үлкен сұранысқа ие болуда.

Киелі дәстүрлерімізді сақтай отырып, болашаққа жарқын қадам басу мерейлі мақсат саналады. Бұл ұстаным елімізді тәуелсіздік алғаннан бері көптеген жетістіктерге жеткізіп, дамудың инновациялық ырғағына ынталандырды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық болмыстан айырылмай, сананы жаңғырту мәселесін көтеріп, «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыру қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, адасуға жол бастаймыз», – деп айтқан болатын.
Адами құндылықтар мен рухани қазына байлығын негізге ала отырып, жастардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында көптеген игі шаралар өткізіліп, еліміз бірқатар жетістіктерге жеткені мәлім. Олардың барлығы ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен мәдениетімізді жаңғырту ұғымына сай келеді. Осыған орай, Ақмола облысындағы Красный Яр ауылының тұрғыны Сәкен Мүжібаев «Керегелі қазақ елі» атты сәулет композиция-
сын құрастырып, жобаның тиімді жақтарының таныстырылымын өткізді.
Архитектуралық жоба дәстүрлі киіз үй іспеттес он алты уығы мен қазақ елінің картасы бейнеленген күмбезден тұрады. Бұл шағын киіз үйдің он алты уығы еліміздің он төрт облысы мен Астана, Алматы қалаларын білдіреді екен. Әр керегелі уық белгіленген аймақ жөнінде мәліметтер қорын ұсына алады. Ол үшін смартфонның QR-кодтарды оқи алатын арнайы LightingQR қосымшасын қолданысқа енгізу керек. Мұндай киіз үйдің биіктігі 2,5 метрді құрайды. Айта кететіні, композиция құрамына әр облыстың қалалары мен аудандары жөнінде мағлұматтарды қамтитын, биіктігі 1,5 метрлік шалқыма шаңырақты киіз үйлер де кірмекші.
–«Керегелі қазақ елі» шағын архитектуралық нысанының басты мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында, өскелең ұрпақтың бойына туған елдің тәлім тарихы мен шежіресіне қызығушылық сезімін ұялату», – деген түсінік берді Сәкен Мүжібаев.
Автордың айтуынша, жобаның құрылысы өте қарапайым және қыруар шығынды талап етпейді. Себебі, сәулет туындысының каңқасы темірден, ал, керегелері поливинилхлорид пен пеноплекс сияқты құрылыс материалдарынан жабдықталған.
Аталмыш сәулет нысанының жобасымен Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Тараз қалаларының әкімдіктері танысып үлгерді. Саябақтар мен аллеяларды жобалау және құрылыс жүргізу жұмыстары мемлекет тарапынан орындалатындықтан, барлық нысандар конкурстық негізде қабылданатыны белгілі. Осы орайда, автор мемлекеттік конкурстарға қатысып, өз ой-пайымын жетілдіру мүмкіндігіне ие болды.
«Керегелі қазақ елі» композициясы ең алдымен Көкшетау қаласынан бастау алса деймін. Бұл менің өз өлкеме деген сүйіспеншілігім және асыл парызым деп білемін», – дейді Сәкен Мүжібаев ағамыз.
Бүгінгі таңда ізденімпаз жерлесіміздің кішігірім сәулеттік композициясы патенттеліп, шағын макеті «Visit Aqmola» туристік-ақпараттық орталығында орналасқан.

Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
журналистика факультетінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар