Үздік мектеп, озық тәжірибе

SONY DSC

Ақмола облысы бойынша «Білім саласының үздік ұйымы» атты облыстық байқаудың жеңімпазы атанған Жақсы ауданының Қабдеш Өскенбаев атындағы Қима орта мектебінің ұжымы 22627200 теңгенің ақшалай арнайы сертификатына ие болды. Мектептің қабырғасы 1939 жылы қаланып, 2015 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Қ.Өскенбаевтың аты берілген. Қазіргі таңда мектепті Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, білікті басшы Гүлбаршын Тоқмурзина басқарады. Аталмыш білім мекемесі жаңа заманның сұранысына толық жауап беретін мектеп ұжымы. Біз жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп директоры Гүлбаршын Құбиқызын сөзге тартып, білім ордасының ең алдымен алдына қойған мақсат-мұратын, оған жету жолдарын әңгімелеп беруін өтінген едік.

– Біздің алғашқы мақсатымыз білім берудің тиімді әдістерін жетілдіру болатын. Соңғы жылдары педагогикалық ұжымның бар күш-қуаты білім ошағының барлық инновациялық процестерді жетілдіруге бағытталды. Жалпы, сөз арасында ұжымдаса еңбек ету үлкен қажыр-қайратты талап ететіндігін екпін түсіріп айта кетуге тиіспін. Жалаң ұран мен жадағай ұмтылыс табысқа жеткізе бермейді. Біз өз жұмысымызды кезең-кезеңімен жүзеге асырдық. Бұл жерде де сәл таратып айта кету керек шығар. Алдымен, ісімізге қуат берген тәжірибесі мол білікті мұғалімдер. Екіншіден, бойларында жылт еткен жаңалыққа деген құмарлығы басым, жігер оты жалындап тұрған жастар. Міне, осы екі бірін-бірі толықтыратын, бірін-бірі байы-
татын арнаның ағысын бір жылғаға салып едік, ісіміз алға баса бастады. Сондай-ақ, ортақ мақсатқа жету жолында адамдарды қанаттандырып отыру, қызықтыру үлкен маңызға ие,– деп бастады сөзін мектеп директоры.
Қазіргі білім саласындағы тың жаңалықтарды саналы қабылдап, жүзеге асыру ұстаз қауымынан аса жауапкершілікті қажет етеді. Ал, ұстаздың шығармашылық дамуына ықпал ететін мектеп басшысы. Педагогикалық еңбек өтілі әуелі қатардағы мұғалім қызметінен басталып, мектеп басшысы деңгейіне көтерілген Гүлбаршын Құбиқызының еселі еңбегі көпке үлгі боларлық. Шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, ұжымды бір арнаға тоғыстырып, тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиет болғаны абзал. Міне, осындай адамгершілік, ізгі қасиеттерге ие ардақты ұстаз ұжымды ынтымақтыққа бастай біліп, алдымен мектептегі кадр мәселесінің тұрақталуына, педагогтардың қазіргі жаңа талапқа сай әлеуетінің көтерілуіне жағдай жасап отыр. Осы уақыт аралығында білім ордасында қаншама жетістіктердің орын алуына бірден-бір себепші болған мектеп басшысы.
Қазіргі таңда білім ұясында 26 білікті ұстаз еңбек етеді. Олардың 22-сі жоғары білімді мұғалімдер. Әр оқу жылының соңында өткізілетін мектеп жетістіктерінің соңғы үш жылдағы мониторингі бойынша білім ордасы үздіктер қатарынан көрінуде. Мектеп ұстаздарының бірлесе шығармашылықпен жүзеге асырған жұмыстары облыстық, республикалық деңгейде үздік деп танылуда. Ұстаздардың мақтанышына айналған көптеген шәкірттер өнердің шыңын бағындырып, республикалық, халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды.
– Мәселен, мектеп оқушысы Варвара Щитка облыстық «Тіл дарын» байқауының жеңімпазы болса, Ақтау қаласында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Анастасия Морозова мен Диль Виктордың ғылыми жұмыстары жоғары бағаланып, жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды. Мектеп оқушысы Дарья Чореско да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сонымен қатар, Анастасия Морозова Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен І-ші халықаралық «Ресей-Қазақстан: жас зерттеушілердің болашаққа көзқарасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар, ұстаздарымыз да үздік білім нәтижесімен алдыңғы қатардан көрінуде. Атап айтсақ, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтын Есмағұлова республикалық конкурста бірінші орынға ие болды. Ал, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ж.Алшынбаева облыстық, аудандық «Үздік мұғалім» конкурстарында жеңіске жетіп, Гран-при жеңімпазы атанды. Осындай жеңістер мен жоғары нәтижелер бізде көп, – дейді директор.
Қазіргі таңда мектепте 171 оқушы оқиды. Білім ордасында жаңа модификацияланған химия және физика кабинеттері бар. Сондай-ақ, иллюстрациялық, дидактикалық материал әр кабинетте жинақталған. Мектепте асхана, шеберхана, спорт залы, мектеп клубы, кітапхана, медициналық кабинет, спорт, футбол, баскетбол алаңдары мен хоккей корты, тир, сондай-ақ, компьютермен, принтермен және теледидармен қамтамасыз етілген әдістемелік кабинеттер бар. Барлық оқу кабинеттері табиғи және жасанды жарық көздерімен жарықтандырылған. Мектеп бітіруші түлектер де Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен жақсы көрсеткіштерге жетті. Шалғайдағы шағын ауылда тұрып, жалпақ жұртқа үздік білім нәтижесімен үлгі болған мектеп марапатқа әбден лайық. Бұрынғы ескі сүрлеуден пышақ кескендей біржола арылудың өзі оңайға соқпайды. Ескіден арыла алмай тұрып, жаңаға иек арту мүмкін емес.
Осы орайда, өз тәжірибелерінде заманауи технологияларды меңгеріп, тың сүрлеуге соны соқпақ салған озық мектептің ілкімді жұмыстары айтарлықтай. Егер шындап ойласақ, бар зейінін, ықыласын қойса, кез-келген білім ошағының шығармашылық қуаты, білімі мен білігі осындай істерге жетеді. Сондықтан, алдағы жаңа оқу жылында еліміздің барша білім ошақтарында білім нәрімен сусындап жатқан жас ұрпақ елге пайдасы тиетін жаңалықтармен айналысып, жаңа технологияларды игерсе игі. Бұл жалғыз білім ошағының ғана емес, егеменді еліміздің табысы болар еді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар