Туризмді цифрландыру – заман талабы

Облысымыздағы туризм саласында жоғары технологияларды қолдану және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалында өткен өңірлік партия кураторының комиссия отырысында қаралды.

Облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтанов ашып, жүргізіп отырған комиссия отырысында алдымен облысымыздағы туризм саласына цифрландыру бағдарламасының енгізілуі, оның даму жағдайы мен келешегі жөнінде облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятовтың баяндамасы тыңдалды.
Цифрландыру дамудың басты стратегиялық бағыттарының біріне айналып отырғанын айта келе, басқарма басшысы 2017-2019 жылдары өңірімізде туризмді дамыту жоспарына сәйкес, өткен жылы «VisitAqmola» туристік ақпараттық орталығы құрылғанын, жыл сайын бізге келетін туристер саны 7-10 пайызға өсіп келе жатқанын атап өтті. Бұл орталық жұмысының басты мақсаты облысымыздың бірегей туристік әлеуеті жөнінде ақпарат қалыптастыру және оны тарату, саладағы кәсіпкерліктің жаңа субъектілерін қолдау болып табылады.
– Цифрландыру жобасы аясында туристік геопортал құрылуда. Бұл көлемді жолсілтеуші облысымыздың 50 көрікті жерлері, 43 қасиетті орындары, 25 туристік бағыт бойынша ақпарат береді. Туристік ақпараттық орталық Call-center құрды. Туристер қонақ үйлер, санаторийлер жайлы, басқа да қажетті мәліметтерді 8 (708) 8010000 нөмірі арқылы біле алады, – деді Д.Идиятов.
Бүгінгі таңда Астанадағы халықаралық әуежайда, Бурабай поселкесіндегі «БурабайДаму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің визит орталығының базасында туристік ақпараттық дүңгіршектер орнатылған.
Осы орайда комиссия отырысына қатысқан халық қалаулылары өңірдегі жолдардың сапасының сын көтермеуі, шекарадағы көліктер кептелісі туристік саланы дамытуға қолбайлау болып отырғанын айтып, мәселе көтерді. Шекарадағы өткізу пункттерінің аздығынан, кадр тапшылығынан туындап отырған бұл проблемалар республика деңгейінде шешілуі тиіс деген пікірлер айтылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар