Адал қызмет етуге ант берді

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Василий Крыловтың және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің қатысуымен облыс орталығының Тәуелсіздік алаңында Көкшетау техникалық институтындағы бірінші курс курсанттарының ант қабылдау рәсімі болып өтті.

Бұл шараға облыстық құқық қорғау органдары мен оқу орындарының басшылары, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен курсанттардың ата-аналары қатысты. Институт бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Шәріпханов Ішкі істер министрінің орынбасарына институттың жеке құрамы ант қабылдау рәсіміне дайын екенін баяндаған соң ту тобы оркестрдің «Кездесу маршы» аясында жоғары оқу орнының әскери туын алып шықты. Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалғаннан кейін бірінші курс курсанттары кезек-кезекпен ант қабылдады. Шара салтанатында облыс әкімінің орынбасары Василий Крылов құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігі айтылғанын атап өтті.
– Сіздер бүгін өз ата-аналарыңыздың, аға-апаларыңыздың алдында Отанымызға адал қызмет ету үшін ант қабылдадыңыздар. Алдағы уақытта өз өмірлеріңізді тұрғындарды төтенше жағдайдан қорғауға арнайсыздар. Сіздер қиын мамандықтың бірін таңдап алдыңыздар. Өмір жолдарыңызда көптеген тосқауылдар болып, дұрыс шешім қабылдауға тура келеді. Ол үшін сапалы білім қажет. Өйткені, сіздер көмекті қажетсінетін адамдарға қолұшын созасыздар,–деді облыс әкімінің орынбасары.
Ішкі істер министрінің орынбасары өз құттықтау сөзінде қабылданған ант әрбір курсантты өз ісіне адал болуға, Конституция мен заңдардың талаптарын қатаң сақтауға, өздеріне жүктелген міндеттерді адал әрі кәсіби тұрғыдан орындауға, құтқарушы жоғары атағын қастерлеуге міндеттейтінін айтып өтті.
Ішкі істер министрлігі ведомстволық білім беруді ерекше назарда ұстауда. Өйткені, жүйенің нәтижелі жұмысындағы басты шарттардың бірі қызметтер мен құрылымдық бөлімшелердің кадрмен нығайтылуы, мамандардың біліктілігін арттыру болып табылады. Көкшетау техникалық институты бұдан 24 жыл бұрын алғашқы талапкерлерді қабылдаған болатын. Содан бері 20 жыл бойы сапалы білім, саналы тәрбие беріп, түлектерді ұшырды. Бұл өз кезегінде институттың ширек ғасырға жуық уақытта елдің өзге де жоғары оқу орындарының ішінде лайықты орыннан көрінетіндігінің дәлелі. Биыл институтқа 185 талапкер қабылданса, оның 140-ы ант қабылдады. Үкіметаралық келісімге сәйкес, бұл техникалық институтта оқуға Қырғызстан Республикасының алты азаматы қабылданды.
Төтенше жағдайлар комитеті 37 курсантты Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының мамандандырылған жоғары оқу орнына жіберді. Бірінші курс курсанттары атынан азаматтық қорғаудың қатардағы жауынгері Рзабек Әнуарбеков сөз сөйлеп, оқуда озат болып, отан алдындағы борыштарын адал атқаратындарын айтып берді. Шара соңында жиналғандар институт курсанттары әзірлеген шағын концертті тамашалады.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар