Студент жастарға жатақханалар салынбақшы

Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын. Осыған орай, елімізде жатақхана тапшылығын шешу мақсатында жан-жақты жұмыстар қолға алынуда. Аталмыш бастама аясында Ақмола облысында 2870 орынды қамтитын студенттердің 11 жатақханасы салынады деп жоспарланған. Бұл – болашақтың ісі. Ал, қазіргі таңда облыста студенттер жатақханамен қалай қамтылған? Бұл мәселеге орай жоғары оқу орындарының өкілдері не айтады?

Күз туа ауылдан қалаға ағылған студент жастардың алдынан баспана мәселесі қылаң ететіні бар. Қазір ақылы бөлімде оқитын студенттер түгілі, мемлекеттік оқу грантын жеңіп алғандардың өзіне жатақхана жетіспейтіні жасырын емес. Бұның сырын оқу орнының басшылары оқуға студенттердің жылдағыдан көп қабылданғанымен түсіндіреді. Жыл сайын күзде басталатын жатақхананың «жыры» студенттер үшiн қалыпты үрдiске айналып барады. Жастар үшiн жауыр болған жатақхана мәселесi биыл да жанға батып тұр. Жасыратыны жоқ, оқуды ғана ойлауы тиiс студенттер жататын орны, тұратын баспанасы жоқ, сандалып жүрген жайы бар. Пәтер ақысын төлеймін деп, қосымша жұмысқа орналасып жатқандар да көп.
Оқу жылына таяу қалғанда студенттер көзтаныстарына «жатақхана алып берiңiзшi» деп қиылып өтiнiш айтады. «Жатақхана алып бершi» деп өтiнiш жасағанымен, жатақхана алып беру де оңай-оспақ шаруа емес. Өйткенi, жатын орын санаулы. Әрi кейбiр жоғары оқу орындарында жатақханалар саны мүлдем жеткiлiксiз.
Осы күрмеулі мәселенің шешімін табу мақсатында өңірімізде 11 жатақхананың құрылысы салынады деп жоспарланып отыр. Тарқатып айтар болсақ, Ақмола облыстық білім басқармасының мамандарының мәлімдеуінше, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі оқушыларына арналған 320 орындық жатақхана құрылысы қолға алынбақшы. Жоғары техникалық колледжі жалпы 600 орынды қамтитын 9 қабатты екі корпусты жатақхана салуды жоспарлапты. Ал, Біржан сал атындағы музыкалық және Ақан сері атындағы мәдениет колледждерінде 230 және 300 орындық тоғыз және бес қабатты жатақханалар тұрғызу жобада бар. Сонымен қатар, екі жоғары оқу орнына 2870 орындық жатақхана салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда Көкшетау қалалық әкімдігі жатақхана құрылысына қажетті 4,6 гектар жерді бөліп қойған.
Ақмола облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының берген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, өңірімізде жоғары және орта арнаулы білім алып жатқан 25 мыңнан астам студент жастар бар. Олардың 7508-і жоғары оқу орындарында оқиды. Соның ішінде, күндізгі бөлімде 5446 студент оқыса, сырттай 2062 жас білім алады. Ал, колледждерде 17555 мың оқушы оқу оқиды екен. Бір ғана мысал, жоғары оқу орындарында білім алатын студенттердің 1500-і жатақханаға зәру. Облыс бойынша 38 колледжде 24 жатақхана бар. Онда 5 жарым мыңнан астам студент тұрады.
Облыста студенттерінің саны жағынан алғашқы орында тұрған жоғары оқу орындарының бірі – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті. Аталмыш оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымовтың айтуынша, қазіргі таңда оқу орнының күндізгі бөлімінде шамамен барлығы төрт мыңнан астам студент оқиды. Олардың 2000-ға жуығы өзге өңірлерден келген жастар. Жаңа оқу жылында жатақханамен 1331 студент қамтамасыз етілген. Әлі 750 студент жатақханаға зәру.
– Қазіргі таңда университетте өзге өңірлерден келген, «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан 1250 студент бар. Олардың дені жатақханада тұрады. Жалпы, жатақханада тұруға сұраныс берген студенттердің өтініштері толығымен қанағаттандырылды. Қазір университет қарамағында 5 жатақхана бар. Бәрі де күрделі жөндеуден өткен, оқу жылына сақадай сай, дайын. Студенттер жатақханада тұрғаны үшін жылына 31 500 теңге төлемақы төлейді. Айта кету керек, университеттің жанындағы Смағұл Сәдуақасов атындағы ауыл шаруашылығы институтының 2,2404 гектар жеріне 500 орындық бір жатақхана салынбақшы. Сонымен қатар, «Көкшетау» қонақ үйінен 100 орынды жалға алу мәселесі бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жатақханамен бірінші кезекте алыс ауылдан келгендер, жетім балалар, көпбалалы отбасынан шыққан балалар және мүгедектер, грантқа түскен бірінші курс студенттері қамтамасыз етіледі. Жатақханадан орын жетпегендері, баспана мәселесін өздері шешулеріне тура келеді,– дейді проректор.
Шынтуайтына келгенде, жатақхана жетіспеушілігі аталмыш университетте ғана емес өңіріміздің басқа да оқу орындары мен колледждерінде де байқалады. Жатақханаға қолы жетпеген студенттер пәтер жалдауға мәжбүр. Ал, қаладағы пәтерді жалға алуды әркімнің қалтасы көтере бермейтіні анық. Мәселен, бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны елу мыңнан басталады. Бір студент осынша ақшаны төлей алмайтыны белгілі. Содан болар, бірнеше студент бірігіп, бір пәтерді жалға алып жүр. Ай сайын 15-20 мыңнан төлеудің өзі оңай емес. Сол себепті, студент жастардың көбі ақша табамыз деп жұмысқа орналасады. Түнде жұмыс, күндіз оқу. «Ер адамның мойнында қыл арқан шірімес» деген. Біздерді қыз баланың тағдыры алаңдатады. Өрімдей қыздардың түн жарымда көшеде жүргенін ойлаудың өзі көңілге кірбің ұялататыны бар.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – өзекті, кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Білім басқармасындағылар бұл мәселе алдағы 2-3 жылдың ішінде толық шешіліп, студенттік жатақханалар құрылысы қарқын ала бастайды деп қадап айтуда. Себебі, оқу орындары Елбасы көтерген бес бастаманың аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жаңа жатақханалар тұрғызбақ. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бізде әзірлік жүргізіліп жатса, басқа облыстардың дені студенттерге жатақханалар құрылысын бастап та кетті. Қалай дегенде де, бұл түйінді мәселенің күрмеуі алдағы уақытта Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында толық шешіледі деген сенімдеміз.

Ұлмекен Тыныштыққызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар