Біздің мектебіміз!

талайға білім берген Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 орта мектебіне алдағы 2019 жылы 100 жыл толғалы отыр

Біздің мектебіміз деп кезінде өзім білім алған Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 орта мектебім жайлы айтар ойымды жинақтап жүргенімде, бала кезімнен сүйсіне оқыған академик, жазушы Сәбит Мұқановтың «Менің мектебім» романы есіме түсіп, тағы бір қарап шықтым. Бұл шығарма өз заманында оқырмандарға терең ой салып, таңғалдыратын. Әлі де сол қасиеті бар екендігін таныдым. Мен де сол романның әсерімен өзім оқыған алғашқы ауыл мектебін тілге тиек етіп отырмын.

Біздің жүзге тартар үйі бар шағын ғана Қызылтаң ауылы Көкшетау қаласының теріскей бетіндегі Көкшетау – Омбы жолының бойында тұр. Небір заманалар өтіп жатса да, бүгінге дейін ел іргесі сөгілмеген, былайша айтқанда қаймағы бұзылмаған сол қалың ел болып саналады. Міне, осы ауылда біз оқыған жылдары ақбауыр кірпішпен қаланған мектебіміздің ұзыннан ұзақ ортасында отынмен жағылатын екі үш жерден пеш тұратыны да есімде әлі. Кезінде сол мектеп маған ең сәулетті, ең үлкен кең сарай болып көрінетін-ді.
Әлі есімде алғашқы мектеп директоры Құрманғали Айтқожин болушы еді. Ұзын бойлы, ақсары келген келісті адам-ды. Мектепте гармон тартып, ән-күй үйірмесін ұйымдастыратын. Кейін білдік, Зеренді ауданының Қошқарбай ауылының азаматы екен. Ұлы Отан соғысына да қатысқан көрінеді. Әліппені алғаш қолымызға ұстатып, кейін бесінші сыныпқа дейін дәріс берген Зайра Жайықбайқызы болса, оның жолдасы Мәжікен Жайықбаев та география пәнінен сабақ берді. Неміс тілі пәнінен дәріс берген ұстазымыз Қали Ғабдуллин мен орыс әдебиетінің мұғалімі Мұрат Исабаев та бізге терең білім беріп, ой қалыптастыруымызға үлкен әсер етті. Мұрат ағай өзін өте таза ұстайтын. Әрдайым ақ көйлек киіп, қара галс-
тук тағып, шалбарының қырын бір сындырмай жүретін. Сол кісінің ұқыпты әрі таза жүруін өз бойыма сіңіргендей болдым. Ал, қазіргі кезде туған ауылымызда жаңа үлгімен салынған он бір жылдық үлкен мектеп қабырғасы көтерілгенін мақтанышпен айта аламын.
1957 – 1965 оқу жылдары парталас он шақты ұл-қыздар Қызылтаң бастауыш мектебінде оқыдық. Сол кезде бізбен бірге Жібек Шаяхметқызы, Асылбек Ертайұлы, Батырбек Отанұлы, Сайран Есмағұлұлы оқыса, арамызда басқа да ұлт өкілдері Александр Генза, Виктор Гольдзауэер, Лида Франц дегендер де болды. Бұлар қазір өздерінің тарихи отандарына қоныс аударып, тұрып жатыр.
Сегіз жылдық мектепті бітірген соң ілгері қарай оқымай кәсіптік-техникалық училищелерге түсіп, ауыл шаруашылығы саласына Абылай Бекежанов, Аушахан Байсейітов ерте араласып, механизатор болып жұмыс істеді. Өкінішке орай, бұл азаматтар өмірден ерте өтіп кетті. Әсіресе, Абылай Бекежанов жиырма жеті жасында дүниеден озды. Аңқылдаған ақжүрек азамат еді. Өмірден өткендердің баршасы да иманды болсын дейміз.
Тағы бір азамат бізден екі сынып бұрын бітіріп, Чкалов ауданында он бір жылдық мектепті тек қана бестік бағамен оқыған жерлесіміз әрі ағамыз Сағынтай Кенжетайұлын ерекше атап өткім келеді. Ол Алматы медициналық институтының түлегі. Бүгінде Көкшетау қаласындағы орталық стоматология ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарып отыр. Өз ісінің білікті маманы, ауылымыздың ардақты азаматы Сағынтай Кенжетайұлының туған ауылына сіңірген еңбегі зор. Атап айтар болсақ, ауылға кіре берісте мектеп жанынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап ескерткіш орнатты. Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы «Науан Хазірет» мешіті ашылғанда ауқымды ақшалай қаражат бөлуі ер азаматтың жомарттығы деп білеміз. Сонымен қатар, Сағынтай ағамыз ауылдың ішкі тұрмысына көңіл аударып, әсіресе көше, әрбір үйдің ауласының таза болуына арнайы өз қаражатына қаладан техника жалдап тазартып отыруы да елді жинақылық пен тәртіпке үйретті. Бұл күндері ауыл тұрғындарының қуанышы мен қайғысына ортақ болып, әрдайым өз көмегін аямай жүр. Мұны зиялы азаматтың өз еліне деген қамқорлығы деп білеміз.
Ауыл жастары бастауыш мектепті бітірген соң ілгері қарай Көкшетау қаласындағы мектеп-интернатқа, пансионға барып оқуларын жалғастырды. Мұндай оқу орындары жалғыз Көкшетау қаласында емес басқа да аудандар мен үлкен совхоздарда болды. Мысалы, сол кезде Қызылсая, Сырымбет, Қарашілік және тағы да басқа ірі ауылдарда он бір жылдық мектеп-интернаттары болған-ды.
Әр ауылдан келген балалар бір-бірімізбен танысып, достасып кетуіміз оңай болған жоқ. Сол кездегі жатақхана, аппақ төсек, таза киім, таза бөлмелер біздерге үлкен әсер қалдырды. Сөйтіп, жаңа өмір бастаған біздің ой-өрісіміздің өсуіне, дүниені танып-білуге үлкен мағыналы зор сабақ болды.
Сонау 1957-1967 жылдардағы білім беру саласы тек қана оқулықтар арқылы болатын. Физика және химия пәндерін оқытатын шамалы ғана зертханалық жұмыстар мен сабақтар өтіп тұратын. Ұстаздар өз пәндеріне аса үлкен дайындықпен келіп, бізге жақсы дәрістер оқып, мықты білім бере білді.
Өзіме келетін болсам, менің жақсы көретінім қазақ әдебиеті, тарих және биология пәндері болатын. Маған бала кезімнен ақын-жазушылардың поэмалары, дастандары мен романдары қатты ұнайтын. Әсіресе, Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасын өте қызығып оқып, көп шумақтарын бала кезімде жатқа білетінмін. Сыршыл ақынның Көкшетауды, Бурабайдың сұлу табиғатын асқан шеберлікпен тамаша суреттегені өте ұнайтын. Сондай-ақ, басқа да ақын-жазушылардың еңбектерін сүйіп оқитынмын. Ұлы жазушылар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», «Менің мектебім», Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романдары қолымыздан түспейтін және де сол дағдымен осы күнге шейін кітап оқуды тастаған емеспін. От ауызды, орақ тілді билер мен шешендердің, Орынбай, Шөже, Шашубай, Жамбыл, Сүйінбай сынды ақындардың және Біржан мен Сараның айтысы қай қазақты болмасын толғандырмай қоймайтын.
Менің тіл және әдебиетке, қазақтың тарихи шежіре-дастандарына құмарлығым Көкшетау қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп қабырғасында басталып еді. Осы мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі Ажар Жәкенова, тарих пәнінен дәріс берген Роза Молдабекова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Ақыл Шынғожина ақыл-ой, санамызды қалыптастыруға көп еңбек сіңіре білді, олардың есімдері мәңгі жадымда қалды. Ерекше еске алар ұстазым Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес үкіметі кезінде Қазақ КСР-не еңбегі сіңген ұстаз Қойшы Ибрагимұлы Биболаев математика пәнінен дәріс берді. Бұл кісінің сабағын өте ұнатып оқитынбыз. Ол кісінің ақжарқын жүрегі, адал да таза бейнесі көз алдымыздан кетер емес. Сол кездегі бізге ұстаздық еткен абзал жандар бұл күнде өмірден өтіп кетті. Арамызда тек жалғыз ғана ұстазымыз физика пәнінен дәріс берген Гүлбайра Сұлтанқызы біздің мектеп бітірген 50 жылдық торқалы тойымыздың құрметті қонағы болды. Ұстазымыздың жасы 90-ды алқымдап қалса да жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі бәрімізді таң қалдырды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей қазағымыздың мақалы осындай жандарға арналған шығар деп ойлаймын. Қымбатты да аяулы ұстазымыздың өмір жасы ұзақ болсын демекпіз.
Біздің кезіміздегі білім беру жүйесі тек арнаулы оқулықтардан тұратын. «Кітап – білім бұлағы, мектеп білім ошағы» деген сөз жадымызда сақталып қалғаны рас. Мұны не үшін айтып отыр деген оқырмандардан сұрақ тууы да мүмкін. Себебі, қазіргі жас ұрпақтың кітап оқуға немқұрайлы қарайтындықтары толғандырады.
«Елу жылда ел жаңа» дегендей қазіргі заман талабына қарай оқу, білім беру жүйесі біздің заманымызға қарағанда мүлдем өзгерді. Қазіргі таңда жастарымыз өздеріне керек заттар мен сұрақтарды компьютерден, цифрлық информатика жүйесінен тез тауып, қажетті мағлұмат алуда. Егеменді ел болып, бұрынғы кеңес заманының тоталитарлық бұғауынан босап, жастарға жол ашылып отыр. Бүгінде қазақ баласына да шет мемлекеттерде оқуға мүмкіндік туды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың болашақты жақсы болжап, көреген саясатының арқасында жастардың өркендеп-өсуіне, жаңаша білім алуына қолдау көрсетіп отырғанын ерекше атауға болады. Расында қай қазақтың ұл-қызына осындай еркіндік беріліп, ел мен жерін танып-білуге, сондай-ақ, басқа ұлттардың тілін, әдет-ғұрпын, мәдениетін білу Кеңес заманында әркімге тие бермейтін. Осының бәріне де еліміздің тәуелсіздігінің арқасында жетіп отырғанымыз рас. Бүгінде мектептер мен жоғары оқу орындарында оқушылар мен студент жастарымыз үш тілді меңгеруде. Бұл дегеніміз – біздің болашақ ұрпағымыз алдағы уақытта басқа мемлекеттердегідей терезесі тең, білімді де білікті маман болатынына, әрі өз еліне адал қызмет ететініне кәміл сенеміз.
Ал, енді өзіміз оқыған мектеп туралы айтар болсам, білім ордасының жетістіктерін айтпас бұрын, әңгімені ең әуелі мектебіміздің тарихынан бастағанды жөн көрдік.
Біздің мектеп Көкшетау қаласында Кеңес үкіметі орнаған соң 1919 жылы 12-ші қарашада төрт жылдыққа арналған гимназия болып, іргетасы қаланған екен. Алдағы 2019 жылы сол мектептің жүз жылдығы аталып өтпекші. Осынау ғасырлық тарихы бар мектебімізде жүздеген ұстаздар, бірнеше мектеп директорлары, мыңдаған түлектер тәлім-тәрбие алып, бүгінде білімді азаматтардың қатарынан көрініп, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Осы орайда, алты алашқа аттары шыққан азаматтарды еске алғым келеді.
Бұл мектептің бірінші директоры Нұрмұханбет Көшімов болды. Ол кісі осы мектепке 1919-1930 жылдар аралығында басшылық жасаған екен. Бұл кісіден кейін 1960 жылға дейін бірнеше директорлар болғаны мектеп тарихында жазылған, бірақ бәрінің атын атау мүмкін емес болып отыр. Нұрмұханбет атамыз 1949 жылы Ленин орденімен марапатталғаны белгілі. Ал, 1960 жылдан 1980 жылға дейінгі аралықта Нұртай Баймағанбетов мектеп директоры болды. Ол адам біздің екінші әкеміздей еді. Сырт қарағанда қатал кісі сияқты көрінетін. Қазір ойлап қарасам, Нұртай ағамыздың әділ де таза, жүрегі ақ, адамгершілігі мол, мейірімді екенін есейген шағымда білдім. Мұғалімдер ұжымында беделі зор, білікті басшы болатын. Мектепке 1973 жылы Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілді. 1975 жылы 8-ші мамыр күні Ұлы Отан Жеңісінің 30 жыл толу құрметіне орай мектепте музей ашылды. Музей Кеңес Одағының Батыры, жазушы, әдебиет зерттеушісі, профессор, филология ғылымдарының докторы, КСРО ҒА академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері Мәлік Ғабдуллинге арналып ашылды.
Бүгінде мектеп қабырғасынан кетсек те біздерден бұрынғы, әрі кейінде оқыған қаншама жастарға тәлім-тәрбие берген азаматтардың қажырлы еңбектерін ұмытқан емеспіз. Кешегі шәкірттер, бүгінгі ел ардақтылары, осы мектептің түлектерін еске алуды жөн көрдім. Солардың ішінде ерекше айтар болсақ, қоғам қайраткері, журналист Зарап Темірбеков, жазушы-драматург Шахмет Құсайынов, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Боздақтар» кітабының авторы Жанайдар Рамазанов, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Ақмола облысының құрметті азаматы Баян Жанғалов, геология ғылымдарының докторы Айтқажы Қазбек, тұңғыш космонавт Ю.А.Гагариннің космосқа ұшу дайындығына өз үлесін қосқан азамат Найыл Ситников, жоғары дәрежелі дәрігер, онколог Өмірбек Кәкімұлы Бәйкенов, ақын-жазушы, драматург Төлеген Сыздықұлы Қажыбаев, журналист-жазушы Қорғанбек Ғалымтайұлы Аманжол сынды бізден көп жыл бұрын оқыған атақ-даңқтары алты алашқа мәлім болған ел ағалары біздің мектепті оқып бітіргендер болатын.
Жоғарыда айтылған ағалардың ізбасарлары да аз емес. Олардың ішінде өз өнерлерімен танымал болған Қазақстанның халық әртісі Қапаш Құлышева, актер, әнші, композитор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бейнесін сомдаған өнерлі азамат Нұрлан Баянғалиұлы Әлімжанов біздің мектепте оқығанын мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ, Астана қаласында тұрған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішінің авторы Ринат Әбенов те біздің мектептің түлегі. Ал, біздермен парталас болған жолдастарымыздың арасында жоғары лауазымда мемлекеттік қызметтің үлкен дәрежесіне көтерілген, кезінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған, қазір отставкадағы генерал-майор И.И.Отто да бірге оқыған азаматтың бірі. Және де Көкшетау облысының бас прокурорының бірінші орынбасары болған полковник Қасымбек Мұсылманбекұлы Омаров та парталасым еді, өкінішке орай, өмірден ерте кетті.
Өткен өміріміз тоқтаусыз аққан өзендей, ұшы-қиыры жоқ дариядай болып көрінеді. Бүгінде алпыстан асып, жетпістің желкесінде тұрсақ та сонау балалық балдәурен шағыңның ұмытылмасы да анық. Жас кезімізде бәріміз бір ананың баласындай мектеп өміріне араласып кетіп едік. Әр ауылдан келген балалардың ішінде түрлі өнерлері барлар да болды. Ортамызда жезтаңдай әншілер, он саусағынан өнер тамған домбырашы күйшілер де табылатын. Бәріміз ақын-жазушылардың өлеңдерін мәнерлеп, жарысып оқитынбыз. Сол кезде мектептің қабырға газеті шығып тұратын. Оған әдемілеп, сурет салатын, сондай-ақ мақала жазатын талантты да дарынды балалар көп болды. Бұл күндері балалық шақты бірге өткізген және де осы күндері тірі қалғандарымыз бір-бірімізбен кездесіп тұрамыз, әрі сол оқыған мектебімізге барып, жастық шағымызды еске алып жүреміз.
2012 жылы біз оқыған мектеп гимназия мәртебесіне ие болды. Мектеп-гимназиясының алға қойған мақсаттарының бірі – терең білім мен ғылымға жол ашатын, ізгілік пен адалдыққа тәрбиелейтін, өзін-өзі дамыта отырып, қабілетін жетілдіре білетін, қоғамға белсене араласатын елінің болашағына өз үлесін қоса алатын, көп тілді меңгерген жеке тұлға тәрбиелеу болғандықтан, ондағы 52 сынып жиынтығында 1293 оқушы білім алуда. Мақаламның соңында оқыған мектебім мен жақсы білім беріп, болашақ өмірге жол көрсеткен ұлағатты ұстаздарыма мына бір өлең жолдарын арнаймын:
Болмаса да айтарлықтай ақындығым,
Бойымда бар қара өлеңге жақындығым.
Жасымнан өлең-жырды арқа тұтқам,
Жақсы сөз жадымда қап, жатқа ұққам.

Ой-өрісім көкірегімде тербеледі,
Кей кезде ерекше бір дем береді.
Қиялдың қиырына шыққан кезде,
Қалықтаған қанатыма жел береді.

Еске алам, балалық шақ көктемімді,
Көгеріп бәйшешектей өскенімді.
Еске алам, алтын ұя мектебімді,
Өркендеп сенен өсіп, жеткенімді.

Еске алам, тәрбиелі, ғұлама ұстаздарымды,
Олардан білім алған апайлар мен абыздарды.
Еске алам, өткен шақ пен құрбыларды,
Шаштары желкілдеген ұл-қыздарды.

Өлең сөзді тіліме арқау етем,
Әрқашан мектебімді мақтан етем.
Торқалы жүз жасаған мектебіме,
Жыр жазып, жүрегімнен тарту етем!

Дулат Темірбаев.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар