Орманды сақтап, молайту – болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз

Орман – ел дәулеті ғана емес, сәулеті де. Табиғат сыйлаған осынау байлықты көздің қарашығындай сақтау, оған аялы көзқарас таныту баршамыздың міндетіміз. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Біздің инспекция тарапынан биылғы жылдың өзінде облыс аумағындағы 13 орман шаруашылығында, 3 мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, тағы да басқа орман қорын қорғаудың мемлекеттік мекемелерінде жан-жақты тексеріс жүргізілді.

Облыс бойынша жыл басынан бері жалпы көлемі 103 текше метрді құрайтын заңсыз ағаш кесудің 26 оқиғасы тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Соның салдарынан келтірілген зиянның көлемі 2321000 теңгені құрады. Орман алқаптарында әкімшілік құқық бұзғаны үшін лауазымды және жеке тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылып, 78 құқық бұзушылық хаттама толтырылды, 2264307 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Облыс орталығы Көкшетау қаласының айналасындағы ормандар Бұқпа орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің қарауына жатады. Қала маңындағы орман алқаптарының ішіндегі санитарлық тазалық көңіл көншітер емес. Жаз айларында қала маңындағы орман алқаптарында дем алушылар өте көп, кейбір дем алушылар дем алған орындарында қаншама қоқыстарды, пластикалық бос ыдыстарды қалдырып кетеді.
Осы орайда, Бұқпа орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің орманшылары тынымсыз еңбек етіп, орманды өрттен қорғау, оның тазалығын қадағалау жұмыстарын үзбей жүргізуде.
Жыл сайын қаншама лауазымды және жеке тұлғалар орманда санитарлық, өрт ережелерін сақтамағаны үшін жауапқа тартылып, айыппұл салынады. Өкінішке орай, бұл жағдай әр жыл сайын қайталанумен келеді.
Жасыл желекті байлығымыз орманды сақтау, таза ұстау тек қана мемлекеттік органдардың күшімен ғана шешілмесі белгілі. Оған барша халық болып атсалысқан жөн. Ақмола, Көкше өңірлерінің қайталанбас табиғат мүйістері еліміздің басты байлығы, баршамыздың ортақ мақтанышымыз болып табылады. Ендеше, осынау асыл қазынаны көздің қарашығындай қорғау әр азаматтың ортақ парызы саналса керек. Орманды сақтап, молайту – болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз.

Назымбек ҚАБЫЛОВ,
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар