Дәуірмен бірге түлеген курортты өңір

Тарих қойнауында қалған құпиялар уақыт өте келе ашылады. Биыл құрылғанына 90 жыл толып отырған көркем Бурабай ауданына қатысты өзім білетін жайлар туралы айтсам деймін.

Бурабай өңірі өзінің бай ормандарымен, тұнық сулы көлдерімен және сұлу тамаша табиғатымен тартымды. Щучинск қаласының тарихы 19 ғасырдан басталады. 1850 жылы Қотыркөлден 15 шақырым қашықтықта Щучье қонысы пайда болды. Онда осы аймақтың көшпелі тұрғындарымен қатар Харьков провинциясынан келген қоныс аударушы-шаруалар қоныс тепті. 1880 – 1890 жылдары Шабақты көлінде тұрғындар алтын өндірумен айналысты.
Ресми түрде Щучинск қаласы Ақмола облысының орталығы болып саналды және Щучье көлінің жағалауында, Бурабайдың курортты кентінен 25 шақырым қашықтықта орналасқан, сондай-ақ, басқа да табиғи ресурстарға ие болып, жыл сайын көптеген туристерді тартты. Олар негізінен бұрынғы КСРО тұрғындары еді.
Щучье көліндегі алғашқы шипажай 1927 жылы Бармашино маңайында пайда болды. Қаланың төңірегінде азамат соғысы жылдарында талай ұрыстар болды, ал, 1919 жылдың күзінде аймақты басып алған қызылдар Кеңестік билікті орнатты. Халық саны шамамен 3000 адамды құрады. Ауыл өсті, ал, 1925 жылы Көкшетаудан Қарағанды көмір бассейніне қарай теміржол тартты.
1928 жылы қаңтар айында Қызылжар округы құрамында Щучье ауданы құрылды. Басқаларынан айырмашылығы – аймақта орман-тоғай, көлдер мен таулар бар және жері құнарлы-қара топырақты. Көкшетау тауларының гранит жағалауындағы Шортанкөл, Бурабай, Үлкен және Кіші Шабақты көлдері әсемдігімен, тазалығымен адамдарды тартады.
Әдемі таулардың бірі – Көкше тауының төменгі жағында – «Бурабай» курорты орналасқан. Сол кездегі халықтың негізгі қызметі – егін шаруашылығы және мал бағу болды. Ауданда үш колхоз құрылды. Жалпы шаруашылық арасында балық аулау, аң, қасқыр және түлкі аулау дамыды. Осы уақыт аралығында аудан халқының саны 53 мыңнан асты. Статистика бойынша 55 мектеп жұмыс істеді, оның ішінде 40 жетіжылдық мектеп, 2 аурухана, 6 фельдшерлік пункт болды. 1930-жылдары «Ударник» артелі негізінде шыны зауыты ашылды.
1932 жылы аудан Қарағанды облысының бір бөлігіне, 1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысына, ал 1939 жылдың 14 қазанында – Ақмола облысының құрамына кірді. Сол жылы 20 сәуірде Щучье станциясы қала мәртебесін алды. 1930-жылдардың ортасына қарай сауда және өнеркәсіп дами бастады, білім беру сапасы жақсарды. 1930 жылы педагогикалық училище ашылды. 1934 жылы Степняк тау-кен металлургия техникумы көшіп келді.
1935 жылы Щучьеде вагон депосы пайдалануға берілді. Курорт-Боровое станциясы ірі теміржол торабы болды. Локомотивтер Ақмола станциясына дейін жүрді. Сауда кәсіпорындарының желісі кеңейді. Аудандық тұтынушы одағы, ОРС, МПС, Казторг халыққа қызмет көрсетті.
1944 жылдың наурызында Көкшетау облысы құрылып, аудан жаңа облыс құрамына енгізілді. Облыс құрылған кезеңде ауданда шағын көлемде алтын, молибден, тау хрусталі өндірілді, ал, 72 мың гектар жерде орналасқан қалың ағаш, оның ішінде 70 пайызы қылқан жапырақты ағаштар, ауданның маңызды байлығы болып табылды. Ұзындығы 52 шақырым теміржол ауданның экономикалық дамуында үлкен рөл атқарды. Щучье ауданында 54 мектеп, ФЗО мектебі, тау-металлургиялық техникумы, 105 орындық екі балабақша, 11 оқырмандар залы және 6 кітапхана болды. Ауданда үш аурухана және 14 ФАП жұмыс жасады.
Екінші Дүниежүзілік соғыста ауданнан 12000-нан артық адам майданға аттанды, оның тек жартысы ғана үйіне 1945 жеңіс жылы қайтып оралды, көбі жоғары наградамен, орден, медальмен марапатталды. Төртеуіне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Үшеуі «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды.
Соғыс уақытында қала өнеркәсібі соғыс мұқтаждығын қамтамасыз етуге жұмыс жасады. Паровоздар жетіспеушілігінен машинистер екі локомотивпен үш есе норманы орындайтын. Щучье өнеркәсіп комбинаты ағаш қасығын, сіріңке, арпа кофесін дайындады. Бурабай орман шаруашылығында қара май, смола, скипидар өндірілді. «Щучинский» және «Бармашинский» шипажайында орналасқан госпитальдар Қызыл Әскердің мыңдаған жауынгерлерін қабылдады. Соғыс жылдары мұнда Н.Гамалей, Г.Кржижановский, В.Вернадский, Н.Зелинский және басқа есімі әлемге танымал академиктер қоныс аударып жұмыс жасады. Тың игеру мал шаруашылығының дамуына да жол ашты. Ірі қара мал, шошқа, үй құстарының саны өсті. Қысқа мерзімде 110 мың гектардан артық жер игеріліп, 13 совхоз, 2 аудандық арнайы бірлестік құрылды. Орта есеппен бидай тапсыру 5,3 есеге өсіп, 9 мың тоннаға дейін көтерілді. Құс фабрикасы құрылды. «Оқжетпес» совхозы негізінде барлық облыс халқын картоппен және көкөніспен қамтамасыз ететін жылыжай шаруашылығы ұйымдастырылды.
XX ғасырдың 50-ші жылдары ірі кәсіпорындар өз жұмысын бастайды: «Казремстроймаш» жөндеу зауыты, құрылыс материалдар зауыты, ЖБИ зауыты, ЩучинскКурортстрой» тресі. Көлік, құрылыс, байланыс дамып, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету нысандары пайда болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Жарлығымен 1957 жылдың 30 шілдесінен бастап, Щучье облысқа бағынатын қала қатарына енгізіледі.
1960 жылдың 26 желтоқсанынан бастап, Щучье қаласы Тың өлкесі құрамына енгізіліп, оның орталығы Ақмола қаласы болды. Тың өлкесі жойылғасын, 1965 жылы Щучье қаласы Көкшетау облысына бағынысты болады. 1960 жылдары шипажай аймағы маңында «Бурабай» Мемлекеттік ұлттық саяжайы құрылды. Оның мақсаты әртүрлі өңір фаунасының қорғауға алынуын және сақталуы қажеттілігін дәлелдеу. Оның негізінде құрылған шағын зообұрышымен Табиғат мұражайы бар. Мұражайдың 4 залы бар: өңірлік, дала және өріс фаунасы, шалғынды және батпақты құстар, ірі жабайы жыртқыш аңдар, өсімдік және минерал үлгілері және орман, аң аулау шаруашылығының макеті.
1970-1980 жылдары жаңа өнеркәсіп орындарын енгізудің арқасында негізгі өнеркәсіптік өндірісі өсе бастады. Қатарға ет комбинаты, жиһаз, «Агрореммаш» ЖШЗ өндірістік объектілері, қалалық сүт зауыты қосылды. Паровоздар тепловоздармен ауыстырылды, ал 1983 жылдан бастап Целиноград-Көкшетау алғашқы электропойызы жүре бастады. Щучье КСРО қалалары арасында және Қазақстандағы балалар теміржолы жұмыс істейтін екінші қала болып есептеледі.
1990-шы жылдары экономика құлдырай бастады. 1997 жылдың 2 мамырында Қазақстан Президентінің Жарлығымен Щучье қаласы аудандық маңызы бар қала болды.
1997 жылдың 3 мамырында ҚР Президентінің Жарлығымен Көкшетау облысы таратылып, Солтүстік-Қазақстан облысының құрамына берілді. 1999 жылдың 8 сәуірінде Щучье қаласы Ақмола облысының құрамына енгізілді.
Щучье қаласы әсемдігімен көз тартатын еліміздегі тамаша шаһарлардың бірі. Экономика жақсы дамып келеді, әсіресе туризм қарқынды дамуда. Соңғы жылдары білім және көлік инфрақұрылымының дамуына үлкен көңіл бөлінуде. Щучье маңайында көптеген шипажайлар және Шортанкөл жағалауында орналасқан демалу үйлері жұмыс істейді. Адамдар мұнда демалу үшін келіп, бұлақ көзінен шығатын пайдасы бар минералды су көмегімен емделеді, сонымен қатар таза көлде шомылып, қайықпен, катамаранмен жүзеді. Ауданда егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылық құрылымдар жұмыс істейді. Жайлы қонақ үйлер, мейрамханалар және ойын-сауық орындары бар. Заманауи Щучье аумағында бірнеше ірі зауыттар, сонымен қатар, теміржол және автокөлік кәсіпорындары бар.
Әртүрлі жылдары мұнда Кеңес Одағы кезінде белгілі танымал адамдар өмір сүрді. Солардың бірі Кеңес Одағының Батыры Петр Морозов. 1931 жылдан бастап Щучье қаласында 53-танкі бригадасы танкі ротасының командирі, гвардия лейтенанты Морозов Ней, Шпрее өзенін және Тельтао арнасы өткелінен өтуде ерлік көрсетті. Гольсен қаласы үшін соғыста өзі жеке 2 танкті және 70-ке тарта фашистерді құртты. Заңгер және саясаткер Виталий Воронов 1990 жылдың сәуірінде Щучье сайлау округінен Қазақ КСР халық депутаты болып сайланды. 1994 жылға дейін Қазақстан Республикасының Президиумында үкіметтік лауазымдарда жұмыс істеді. Белгілі суретші Досбол Қасымов Щучинск қаласында туған. Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов еліміздің мақтанышы. Олимпиада чемпионы, Халықаралық олимпиада комитетінің мүшесі. Шаңғышы Николай Чеботько 2013жылғы әлемдік шаңғы жарысының қола жүлдегері, 2012 жылғы шаңғы жарысы бойынша Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы, төрт Олимпиада ойындарына қатысушы.
Заманмен бірге өсіп, түлеген Щучинск қаласы жылдан жылға дамып, жаңғырып келеді. Қала еліміздегі ірі туризм орталығы болып отыр. Астана-Щучинск автобанының салынуы мұнда келетін демалушылар санын арттырып, Елордаға жақындата түсті.

Гүлбаршын САЛЫҚ,
өлкетанушы, Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар