Әуеден бақыланды

 Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мен облыс әкімі Сергей Кулагин бастаған жұмыс тобы тікұшақпен өңірдің бірқатар аудандарының үстінен ұшып өтіп, көктемгі қар суының аужайын бағалады.

  Алдымен, жұмыс тобы Астана мен Сілеті су қоймаларының тасқынды суды ағызатын гидротораптарының дайындығын, Сандықтау, Атбасар және Қорғалжын аудандарында су тасқыны қаупін тудыратын Сілеті, Есіл, Жабай, Нұра өзендерінің жағдайын мұқият зерттеді. Сілеті су қоймасында облыс басшысы көршілес облыстардың елді мекендерінде су тасқынын болдырмау үшін ағызатын суды есептеу қажеттігін  атап өтті.
Биыл Атбасар, Аршалы, Егіндікөл, Сандықтау, Астрахан мен Жақсы
аудандарында түскен қар мөлшері өткен жылдағыдан 60 пайызға артық. Ал, Есіл, Сілеті, Шағалалы өзендеріндегі қар көлемі былтырғыдан  30-40 пайызға асып отыр. Алдын ала жасалған болжам бойынша су тасқыны кезінде Есіл, Сілеті, Шағалалы және Нұра өзендеріндегі су нормадан жоғары болуы мүмкін. Осыған байланысты  Астана, Сілеті мен Шағалалы сияқты ірі су қоймаларының суын реттеуге ерекше назар аударылып, жоспарлы түрде су ағызылады. Басты назар Атбасар ауданының Заречный кенті мен Сочинский селосы маңынан ағып өтетін Жабай өзенінің гидротехникалық нысандарына аударылуда.
Заречный кенті маңындағы бөгенге келген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мен облыс әкімі Сергей Кулагин бастаған жұмыс тобы ауданның агроқұрылымдары мен өндірістік кәсіпорындарының басшыларымен кездесті. Өңір басшысы өз сөзінде облыстың Атбасар сияқты төрт ауданында қауіпті су тасқыны сақталып отырғанын, су тасқынына қарсы шаралар толық дайын болу қажеттігін атап өтті.
– Бұрынғы жылдары 25 наурызға дейін қардың 30-40 пайызы еритін. Бүгінгі күні қар сол күйінде жатыр. Қалыңдығы 25-40 сантиметр шамасында. Жақын арада күн күрт жылынса, су тасқыны қаупі туындайды. Бұған алдын ала жан-жақты дайын болуымыз қажет, – деді облыс басшысы.  – Бүгінгі таңда өңірдің қалалары мен аудандарында тасқынды суды апатсыз ағызу үшін 653 мың текше метрден астам қар шығарылды. Су тасқынына қарсы жұмыстарға 258 техника қатысады. Сондай-ақ, 21 мың метрден астам арық тазаланды. Аталмыш жұмыстарға 253 адам, 108 техника жұмылдырылды.
31 мың тонна су тасқынына қарсы қолданатын материалдар, 12,6 дана қап, 241 мың тонна жанар-жағармай дайындалды. Қажетті қаржы да қарастырылған.
– Өткен жылы Атбасар қаласында және биылғы жылы Қарағанды облысында болған су тасқынының қайғылы оқиғалары бізге сабақ болуы тиіс, – деді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко, – Ақмола өңірінің су тасқыны қаупі бар аумақтарына Ұлттық гвардияның әскері, Шымкент, Жамбыл, Алматы облыстарының құтқарушы бөлімшелері, Қызылорда қаласының судан құтқарушылары тартылады.
Бізде дағдарыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Мемлекеттік комиссия отырыстарында әкімдерге бағыт-бағдар берілді. Қазір су тасқынына қарсы барлық тұрғындардың атсалысуы қажеттігі жөнінде жұмыстар жүргізілуде, – деді вице-министр.
Жұмыс тобы төтенше жағдайлар бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылған апаттан құтқару техникаларының дайындығын көрді. Өткен жылы су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынған төрт 45 пәтерлік тұрғын үйде болып, тұрғындардың жағдайларын сұрап білді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар