Жалғыздықтан жыламасын аналар!

…Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Тылсым тыныштықты бұзған сағат тілі тық-тық етіп, үйде жалғыз екендігіңді еске салып тұрғандай. Сырт жақтан әлдекімдердің сылқ-сылқ күлгені тіпті, үрейімді қашыра түсті. Сәлден соң Нұржан да оянып, анасын жылап іздей бастады. Мен оны мейірлене құшақтап, өз баламдай бауырыма басып жатырмын. «Анаң қазір келеді, құлыным, сәл шыдашы». Жан жылылығын аңсаған бала жүрегі менің оған деген риясыз көңілімді ұғынғандай балбырап ұйықтап кетті. Енді мен жылап отырмын…

Жалғызбасты әйел болсам деп кім армандайды дейсіз. Гүлден де қалыңдық көйлегін кисем, отау құрып, шаңырақ көтерсем деп армандаған. Пешенесінен жазылған тағдыры осы болды. Таң атып, күн бату. Қу тірліктің салған әуресі сол ғой. Тастай қараңғы түн батқанда баласы ұйықтап қалды-ау дегенде көлігіне отырып, жүргізушілік қызметіне кіріседі ол. Күндегі тіршілігі осы. Күндіз баласын бағып, соның асты-үстіне түсіп, алақанында аялап, үстінен құс ұшырмайды. Бар тапқан-таянғанын сол кіп-кішкентай құлынының аузына салып, соның тәтті тамақ ішкенін, тәуір киім кигенін көріп, шын бақытқа балайды өзі. Шіркін, аналардың барлығы дәл осы Гүлдендей мейірімді, балажан болса ғой, онда әлемде жауыздық, қатыгездік, зұлымдық болмас еді-ау…
Өкініш өзегімді өрттегендей, жанымды жеген азапты мұңның шырмауынан шыға алмай отырсам да, қолымдағы Нұржанды бауырыма қыса түсіп, әлдилеп, бөбек жырын айтқан боламын. Мөлт-мөлт етіп жанарымда мұң мөлдіреп тұрғанын сездім де, кілт бұрылып, көз жасымды бір сүртіп алдым. Ондағы ойым баланың балбырап ұйықтап жатқан нұр жүзіне мұң тамшысы түгілі, көңілдің сүреңсіз көлеңкесі де түспесінші дегенім. Жылап отырмын. Гүлденнің тағдырын ойлап налимын. Өмірдің өкпек өтінде қалған осындай қаншама қазақ қызы бар екен?!.
Біз Гүлденмен көрші тұрамыз. Сонау бір жылдары әйел адамды темір тұлпардың тізгінінде көру таңсық болатын. Әрине, қазір қыз-келіншектердің рөлде отыруы үйреншікті жағдай. Дегенмен, Гүлдендей келіншектер түрлі қауіп-қатерге қарамастан үйде шырылдатып бөбегін тастап, түні бойы көшедегі адамдарды ерігіп, жетіскеннен сүйреп жүрмеген шығар…
Күн көру ниетімен нәпақасын жүргізушіліктен тауып жүрген Гүлденмен талай сырласып, ой бөліскенбіз.
– Нұржанды ұйықтатып, өзім осылай күнде нәпақа табамын. Оның мен келгенде ентігін баса алмай жылаған сәттерін көргенде жүрегім ауырып, өзімді қоярға жер таппай қаламын. Ал, тәтті ұйқының құшағында жатқан ұлымды көрсем, осы жасаған тірлігімнің өзі бекер емес екендігіне көзім жетіп, баламды бауырыма басып, оны мейірлене иіскеп, Аллаға ризашылығымды айтамын. Әр кеш сайын үйден шығарда балам оянып, шошып кетпесінші, ол оянғанша үйге аман-есен оралсам екен деп тілеймін. Кіп-кішкентай жүрегіне өмір салмағын салдым-ау деп іштей налитыным да бар, – дейді Гүлден.
Жас кезінде қызмет істей жүріп, несиеге пәтер сатып алғандығына да қуанады. Қазіргі тұрмыс қат заманда ол да көңілге демеу. Нұржанның әкесі балалы болатындығын естігенде ат тонын ала қашқан. Бұл да райынан қайтаруға тырыс-
пады. «Бұйырған қашпайды», пешенесіне жазылмаған екенмін деді де қала берді. Жалғызбасты ана атанғалы туған-туыс та безіп кеткен. Содан бері ауылға қайтып оралмады. Міне, соңғы бес жылдағы Гүлденнің тіршілігі осы. Таң ата үйге келіп бір-екі сағат көзінің шырымын алып, күндіз аударма жасауға кіріседі. Әрине, тапсырыс күнде бола бермейтінін ескерсек, бүлдіршінін қалай асырамақ? Сол себепті де тығырықтан шығар жол тауып, тағы да несиеге жеңіл машина сатып алып, қосымша жұмыс істеуге кірісті.
Осындайда әркімнің аузына қарап, қол қусырып отыруды жөн көрмей, мен жалғызбасты анамын деп үкіметке үміт артудан аулақ жүрген келіншек тіршілігін сырттай бақылай жүріп, жігері жасымаған, қайраты бек, балажан Гүлденге шын разы боласың. Көшеде көрсең баласына мейіріммен қарап, бірде арқалап, бірде мойнына отырғызып, енді бірде көтеріп, аяғын жерге тигізбей, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өбектеп жүрген аяулы жанның жанкешті тірлігіне қолұшын бергің келеді. Бірақ, ана мен бала арасындағы жіпсіз байланыс, махаббатқа толы нұрлы әлемге шомылған бұл отбасының бақытқа толы баянды ғұмыры енді ғана басталып, бүр жарғандай көрінеді бізге. Себебі ең бастысы, бұл шаңырақта ананың балаға деген, баланың анаға деген мейірімі шексіз. Жалғызын асыраймын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей балам деп бәйек болған Гүлденнің гүл ғұмырын енді ешқашан мұң торламасыншы. Тағдырдың өзі теріс қарамай, оң қабағын танытса екен…
…Тырс-тырс. Тырс-тырс. Дегбірімді қашырған тылсым дыбыс тыныштықты бұзғандай. Зу еткен ғұмырдың жалғандығын сезіндірген сағат тілі емес ол. Естимісіз, жүрек көзден жас тамып жатыр, жылап жатыр жүрек. Жалғанда, жалғызбасты аналар болмаса, шіркін!..

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар