АҒА ҰРПАҚ ӨКІЛДЕРІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Қоғам үшін маңызды мерекелердің бірі – әр жылдың бірінші қазанында тойланатын Халықаралық қарттар күні. Бұл күнді бұдан 28 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы тағайындағаннан кейін ол дәстүрлі түрде дүние жүзінің барлық мемлекеттерінде аталып өтеді. Ал, біздің елде оны мерекелеу тұтас бір айға созылады. Қазан айын жалпы Қарттар айлығына айналдыруға кезінде біздің облыс бастамашы болғанын, содан соң осынау үрдісті республиканың барлық аймақтары қолдап, жалғастырып әкеткенін айтқан абзал.

Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 111 мыңнан астам зейнеткерлерді біріктіретін 843 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 68 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, бір мыңға тарта соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, 5570 тыл еңбеккерлері, 900-дей Ауған соғысына қатысқандар, 59 Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысушылар бар.
Таяуда Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Ақмола облысында қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығын өткізу туралы» қаулы қабылдап, тиісті іс-шаралар жоспарын бекітті. Аудандар мен қалаларда да осындай іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді.
Облыс басшылығы ардагерлер қауымын ұдайы назарда ұстайтынын атап өту керек. Мәселен, былтыр Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының 30 жылдығы мерекеленгенде үлкен қаржылай көмек берілді, айлық шеңберінде облыс бойынша қарттар мен мүгедектерге 446,8 миллион теңгелік материалдық қолдау көрсетілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 56,4 миллион теңгеге көп.
Осынау мәселеде әсіресе, Көкшетау және Степногорск қалаларының, Аршалы, Целиноград, Бұланды, Зеренді, Ерейментау, Бурабай аудандарының үлесі қомақты. Ардагерлер ұйымдарының белсенділері жыл бойы тоғыз мыңдай аға ұрпақ өкілдерінің тұрмыс жағдайын зерделеді, 1300-дей зейнеткер санаторийлер мен демалыс үйлерінде денсаулықтарын түзеді, курорттық емдеу алғандардың ішінде әсіресе Көкшетау қаласынан, Бурабай және Целиноград аудандарынан барғандар көп болды.
Қарттарға отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік жиынтығын алуға, тіс салдыруға, үй-жайын жөндеуге, жол жүруге және т.с.с. қаражат бөлінді. Былтырдан бастап Көкшетаудың және бірқатар аудандардың сауда нүктелерінде халықтың тұрмысы төмен топтары үшін арнайы әлеуметтік сөрелер ашылды. Үстіміздегі жылдың басынан Ерейментау ауданында, Целиноград ауданының Шалқар ауылдық округінде, Ақкөл ауданының Новорыбинск ауылдық округінде, Степногорск қаласының Бестөбе, Ақсу кенттерінде халықтың тұрмысы төмен санаты арзан бағалы отынмен қамтамасыз етіледі. Көкшетау қаласындағы «Тыныс», «Алтынтау-Көкшетау», «Көкшетау жылу» кәсіпорындары, Степногорск подшипник зауыты, Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Целиноград ауданындағы «Агрофирма Родина», Есіл ауданындағы «Заречное», Шортанды ауданындағы «Нива» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, Аршалы ауданындағы «Ижевское» өндіріс ұжымы және тағы басқа ардагерлерге көмек көрсету мақсатында ұдайы елеулі қаражат бөліп отырады. Және де мұндайлардың қатары жыл сайын көбейіп келе жатқаны қуантады.
Қарттар айлығы әдетте «Ешкім де назардан тыс қалмайды» деген девизбен өтеді де, жасы ұлғайған адамдар толық қамтылады. Мысалы, былтыр облыстағы ардагерлер ұйымдары 1470 іс-шара, 256 «дөңгелек үстел» отырысын, 650 концерт өткізді, 30 мыңнан аса дастархан жайылды, 19 мыңнан астам азық-түлік пакеті табысталды, 2268 зейнеткерге 2018 жылға жеңілдікпен газет-журналдарға жаздырып берілді.
Ардагерлер ұйымдары жергілікті атқару органдарына сүйене отырып, қарттар мен мүгедектердің мұқтаждықтарын қанағаттандырумен тек айлық кезінде ғана емес, жыл бойы айналысады. Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істейді, олардың саны жылдан жылға артуда. Мәселен, былтыр Ақкөл ауданында тағы бір әлеуметтік пәтер іске қосылды.
Барлық меншік түріндегі еңбек ұжымдарында, мекемелер мен ұйымдарда зейнетке шыққан егде адамдармен кездесу өткізу игі дәстүрге айналған. Сол күндері оларға нағыз мереке ұйымдастырылып, ардагерлер мен мүгедектерге құрмет көрсету концерттік бағдарламалармен, «Қамқорлық» атты қайырымдылық акцияларымен қатар жүргізіледі. Шаруашылықтар қайырымдылық дастархандарын жайып, азық-түлік пакеттерін үлестіреді. Қарттарға отын, көмір, дәрі-дәрмек алуға, пәтерлерін жөндеуге ақшалай көмек көрсетіліп, тұрмыста қажет заттар және киім-кешектер табыс етіледі. Тауар өндірушілердің белсенді қатысуымен ауыл шаруашылық өнімдерінің арзандатылған жәрмеңкелері өткізіледі. Төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге, мүгедектерге бір реттік ақшалай жәрдем көрсетіледі.
Облыстық, аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің басты мақсаты – аға ұрпақ өкілдерін әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қорғау, олардың өмірлік белсенділігін арттыру. Айлық кезінде тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелердің, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің, бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігі ерекше артатыны белгілі. Облыс әкімінің қаулысында да бұған баса назар аударылған. Мәселен, ай бойы жалғызбасты зейнеткерлер үшін арнайы «Отбасында көмек көрсету» акциясы өтпек. Бұл іске «Жас ұлан», «Жас қыран», «Мир добра и открытых сердец» жастар қозғалыстарының белсенділері кеңінен атсалысатын болады. Амбулаториялық-емханалық мекемелерде жасы ұлғайғандар үшін Ашық есік күндері ұйымдастырылады. Ауруханаларда қарттарға арналған арнайы палаталардың жағдайын одан әрі жақсарту көзделген. Сол сияқты шахматтан, дойбыдан, үстел теннисінен, бильярдтан, тоғызқұмалақтан турнирлер, жарыстар өткізілмек.
Облыстық ардагерлер кеңесі биыл тұңғыш рет қазақ фольклорының білгірлері, халық ауыз әдебиетінің ақсақал шеберлері арасында «Батагөйлер сайысы» атты байқау өткізуді жоспарлап отыр. Айлық аясында аудандар мен қалаларда да өте ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады. Мысалы, Сандықтау ауданында барлық ауыл округтерінде салтанатты іс-шаралар өткізіліп, «Өмірдің күзі жылы да жайлы болсын» атты концерттік бағдарламалар қойылады. Шортанды ауданында ардагерлер кеңесі мәдениет мекемелерімен бірлесіп түрлі үйірмелер, соның ішінде аудан орталығында «Қалам іздері» – «Эхо пера» атты поэзия клубын құрады. Біржан сал ауданында ардагерлердің Астанаға саяхатын ұйымдастырып, ондағы драма театрын тамашалау көзделген. Көкшетау қалалық кеңесі жыл сайынғы ұлттық «Асық ату» және «Бес асық» спорт түрлерінен сайыс, сондай-ақ, егде әуесқой бағбандардың қатысуымен «Табиғат сыйы» көрмесін өткізеді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Зейнеткерлер мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау, тұрақты моральдық және материалдық қолдау – ардагерлер қозғалысының негізгі мазмұны болып табылады. Бұл жұмыс әлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік қалыптасқан жүйесіне негізделгенімен іс жүзінде жергілікті билік органдарының аса қомақты көмегімен ұдайы толықтырылып отырады. Бұл орайда «Ешбір ардагер назардан тыс қалмасын» қағидасы барлық тиісті мемлекеттік және ардагерлер құрылымдары қызметінің маңызды міндеті болып қала береді. Өңірлерде әкімдер, ардагерлер кеңестерінің төрағалары қарттармен жүйелі түрде кездесіп, олардың көкейтесті мәселелерін жедел шешіп отырады. Мұндай пәрменді әлеуметтік қолдау облыстағы әр соғысқа қатысушыға, зейнет жасындағы әр адамға көрсетілуде. Өйткені, ардагерлер бірлестіктерінің парызы – олардың өмірін, жауынгерлік және еңбек жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі ету үшін қолдан келгеннің бәрін жүзеге асыру.
Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Н.Ә.Назарбаевтың 5 наурыздағы барша қазақстандықтарға Үндеуі, онда Елбасы шынайы мақсаттар мен айқын индикаторлары бар нақты әлеуметтік бағдарлама болып табылатын өзінің бес әлеуметтік бастамасын жария етті. Аталмыш құжат бүкіл қазақстандық қоғамды дүр сілкіндіріп, жалпы елдің ілгерілеу бағдарын айқындап берді. Президент бастамасындағы идеяларды іске асыру мәселесі қоғамның барлық салаларына, оның ішінде ардагерлер бірлестіктеріне де зор жауапкершілік жүктейді, біздің белсенділігімізді, жұмысымыздың нәтижелілігін барынша арттыруға міндеттейді. Сол себепті, біз бұл іске өз тарапымыздан салмақты үлес қосуға, қоғам сұраныстарына тек пайдалы ақыл-кеңестерімізбен, ұсыныстарымызбен ғана емес, мүмкіндігінше нақты істерімізбен жауап беруге тиіспіз.
Өткен аптада ардагерлердің Орталық Кеңесі Қарттар күніне орай, Үндеу жариялады. Онда мынадай жолдар бар: «Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы мақал бар. Ендеше жұмыла қимылдап, елдігімізді көрсетейік, ардагерлерімізді ардақтайық!». Демек, қартайған зейнеткерлерге әлеуметтік және волонтерлік көмекті одан сайын күшейту керек, оларға тиісті күтім жасау, үй-жайларын ретке келтіру, қысқа отын дайындау сияқты мәселелерді толық шешу қажет. Жасы ұлғайған адамдарға ең керегі – ардагерлер ұйымы мен билік органдары тарапынан айтылатын жылы сөз, олардың еңбектерін қоғамның мойындауы, сыйластық көзқарас, сенімді қарым-қатынас екендігі белгілі. Сондықтан, алдағы айлық аясында осы мәселелерге басты назар аударған абзал. Ардагерлер ұйымдары, біздің барлық белсенділеріміз осынау жауапты кезеңді ойдағыдай өткізуге күш-жігерлерін салады, бұған дейін болып келгендегідей қарттарға нақты моральдық және материалдық көмек пен қолдау көрсетеді деп сенеміз. Сөз соңында барша аға буын өкілдеріне зор денсаулық, шат тұрмыс, балалары мен немерелерінің қызығын көре беруді тілейміз.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар