Ардагер өткен жол

Академик А.Сейтешев: «Миллиондаған адамдардың өмірі бір ғасырдың ішінде ғана Мәңгілікке өтеді. Ұрпақтар бір-бірін алмастырады. Ал, жердегі өмір тамаша. Біздің осы ерекше сұлу планетамыздың тұрғындары үмітпен, арманмен, ынтызарлықпен өмір кешеді. Адамзат табиғатты зерттеп, құрушы ретінде Әлемнің құпиясын меңгеріп, Ғарышқа ұмтылады» деп жазған еді. Міне, осындай адамдардың бірі Ұлы Отан соғысының ардагері, өз заманының төл перзенті – Момын Жанғарашев еді.

Ол 1925 жылы маусым айында Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарасты Алғабас ауылында Жанғарашевтар отбасында дүниеге келді. Ата-анасы оған ерекше есім берді, сөйтіп ұл бала Момын атанды. Әкесі Жанғараш Жанысов ауылдық кеңестің төрағасы болды. Дегенмен, 1937-1938 жылдардағы нәубет бұл отбасын да айналып өтпеді. Әкесіне жала жауып, ату жазасына кесілді. Ол Айшуак, қазіргі Алғабас ауылында жерленген. Ақын Ілияс Жансүгіров жазғандай: «…біреудің опасыздығынан құрбандыққа шалынғандары үшін өкінішті…». Анасы Үміт Құсайынова қайғыдан басын көтерген соң, жұбайының ісін жалғастырып, ауыл басқармасы болды. Қолында үш баласы қалды. Ұлдары – Қабдраш, Момын және қызы Мүслиманы жесір анасы оқытып, ел қатарына қосты.
Момын туралы айтар болсақ, оның өмірі Кеңес Одағы кезінде тәрбие алған миллиондаған жастардан айырмашылығы жоқ еді. Оның және құрдастарының адам болып қалыптасуы жас Кеңес елінде болып жатқан дүниежүзілік тарихи оқиғалар мен өзгерістер кезінде қалыптасты. Бұл қиын жылдар болатын. Индустрияландыру, коллективтендіру, Голощекин басқарған кездегі асыра сілтеушіліктер көшпенділіктердің ғасырлар бойы қалыптастқан дәстүрін бұзып, қазақтардың аштыққа ұрынуына әкеліп соқтырды. Момынның балалық, кейінгі жастық шағы сондай ауыр кезеңде өтті.
1943 жылы Алғабас ауылынан Александр Шипицын және Хасанбеком Муханалиевпен Момын Жанғарашевты майданға алып кетті. Жас жігіттер Тамансктегі Қызылту дивизиясына түсті. Осы дивизияның құрамында жаудан Қырым, Закарпатье, Польша, Чехословакия елдерін азат етті. Момын Жанғарашевтың майдандағы өмірі үлкен кітаптарға жүк болғандай. Керчь үшін болған қиян-кескі ұрыс шайқастар, 1944 жылы Севастопольде Сапун тауы үшін болған шайқас мыңдаған жауынгер жолдастарының өмірін алып кетті. Осы шайқаста ол ауылдас досы Александр Шипицыннан айырылды. Өз жолдасының өлімінен кейін ол «Саша, сен үшін жаудан кек аламын!» деп ант етті.
Севастопольді азат ету барысында танытқан ерлігі үшін барлаушы Момын Жанғарашев 1944 жылдың 15 қазанында 3-ші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Жеңіс туралы хабарды ол Прагада естіді. Онда ол дивизия құрамында аймақты жаудан азат ету барысында Прага операциясына қатысқан болатын. Қуанышы қойнына сыймаған жауынгерлер бірін-бірі құттықтап, көкке оқ атып жатты.
Соғыс, өлім, қан көрген ол бейбіт өмірде тыныштықтан ләззат алып, өз ауылының, ауданының, елінің көркеюінің куәгері болды. Тың игеру сияқты тарихи оқиғаға белсене араласты.
Мұрағат құжаттарында сақталғаны: 1968 жылы Севастополь қаласының азат етілуінің 25 жылдығына шақырылды. Севастопольдықтар алыс далада жатқан Қорғалжын жерінен Қазақстан жауынгерін ұмытпаған екен. Ол жерде ардагерді жақсы қарсы алып, құрмет көрсетеді. Ардагер мектептерде болып, жергілікті мұражайдың естеліктерімен танысады, оны Севастополь қалалық партия комитеті, Қызылтулы Қара теңіз флотының әскери кеңесі, халық депутаттарының қалалық кеңесі, соғыс ардагерлерінің кеңесі, Севастопольді азат ету және қорғау комитеті құттықтайды.
1989 жылдың 16 қазанында тамаша адам, соғыс және еңбек ардагері, жақсы әке, сүйікті ата Момын аға өмірден озды. Бірақ та, «орнында бар оңалар» деп қазақ айтқандай, ардагердің соңында өмірін жалғастырар ұрпағы қалды және мұрағатта майдангердің ерлік, еңбек жолы туралы тарихи құжаттар сақталды. Иә, ел, халық үшін басын қатерге тігіп, қан майданда шайқасқан, ел игілігі үшін еңбек еткен ардагердің ісі ешқашан ұмытылмайды.

Гүлбаршын САЛЫҚ.
өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар