Білім әлемінің ұстаздарына құрмет көрсетілді

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласында өткен Мұғалім күніне арналған салтанатты шараға қатысып, ақмолалық білім саласының барлық қызметкерлерін құттықтап, сөз сөйледі. Білім беру саласында тамаша табыстарға жеткен бір топ мұғалімдерге Ыбырай Алтынсарин және «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін, Алғыс хаттар, «Discovery-Borovoe» ойын-сауық орталығында тынығу үшін жолдамалар, орта білім беру мекемелерінде қазақ тілін оқытып жүрген мұғалімдердің облыстық бірінші байқауының жеңімпаз мұғалімдеріне, облыстың үздік мұғалімдеріне сертификаттар тапсырды.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында мұғалімдер күнін мерекелеуге арналған салтанатқа өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген мұғалімдер, педагогикалық қызмет ардагерлері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин қалалар мен аудандардан, ауылдық мектептерден арнайы шақырылған ұстаздарды, жалпы білім беру қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбектеріне табыс тіледі.
–Бұл еліміздегі қасиетті де құрметті мереке саналады,–деді өңір басшысы. Қоғамдық даналық, азаматтық рух сіздердің абыройлы қызметтеріңіз арқылы қалыптасады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында атап өткеніндей, барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде сіздерге білім берудің озық жүйесін құруды жеделдету жауапкершілігі жүктеліп отыр. Бұл жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты болып табылады. Яғни, бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың білім беру саласы уақыт үрдісіне сай, түбегейлі өзгеріске түсуде. Биыл облысымызда алғашқы ІТ-мектептің іске қосылуы осы міндеттерді атқарудағы қанатқақты жоба саналады және бұл үрдіс үнемі жалғаса бермек. Мемлекет басшысының тапсырмасын, елдің жаңа дәуірдегі даму стратегиясын жүзеге асыруға өңірде зор мүмкіндік пен мықты әлеует бар. Мемлекеттік қолдау жыл сайын өсіп келеді. Облыста жүзден астам мұғалім республикамыздың білім саласының үздігі, 86 ұстаз Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері. Биыл 264 оқушы мектепті алтын медальмен бітірсе, пәндер бойынша халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадаларда 680 медаль жеңіп алынды. Мұнда сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бар, осының өзі алдағы жоғары табыстарға негіз қалайтыны анық.
Салтанатты жиында облыс әкімі М.Мырзалин айрықша көзге түскен мұғалімдерге Ыбырай Алтынсарын атындағы медальді табыс етсе, зеренділік Жанкелді Уәйісов, бұландылық Бейсенбі Ырысалды, ақкөлдік Оксана Верникова, сандықтаулық Наталья Рыжкова және басқалары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген білім қызметкері атағына ие болды. Сондай-ақ, үздік мұғалімдердің бір тобы облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.
Облыс басшысы орыс тілді мектептер мен колледждерде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдер арасындағы облыстық конкурстың қорытындысын шығарып, жүлдегерлерді марапаттады. Қуаныш иелері қатарында Бурабай ауданының өкілі Дамир Сұрағанов 600 мың теңгелік Гран-приді жеңіп алса, байқауға Жақсы ауданынан қатысқан Жаңагүл Алшынбаева мен Целиноград ауданындағы Қосшы ауылының мұғалімі Кенжебай Дәндебай 400 және 200 мың теңгелік сыйлықты иемденді.
Облыс әкімі тағы бір қуанышты хабарды жеткізді. Көкшетау қаласындағы №3 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың химия пәнінің жоғары санатты мұғалімі Дана Манапова, облыс орталығындағы №1 мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Назифа Закирова, Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінің оқытушысы Наталья Семкина Қазақстан Республикасының 2018 жылғы үздік педагогы атанып, ақшалай гранттарды жеңіп алды.
Салтанатты жиналысқа қатысушылар Көкшетау қаласындағы білім ордалары көркемөнерпаздарының мерекелік концертін тамашалады.

Бақберген Амалбеков.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар