Күй

 Шірей тартылған қос ішекке ысқыш тиген сәтте үн құнығып шыққан. Қобызшы қыздың қарлығаштың қанатындай әнтек керілген қос қабағына жұп-жұқа мұң ұялаған тәрізді. Қос жанар да кіреукеленген. Бар назары, бар зейіні қолындағы қобызда. Қобыз дыбысы қарлығыңқы тәрізді. Асылында бұл аспаптың дыбысы қыл ішектің алпыс талдық бірлігінен туындайды. Ерсілі-қарсылы тербеліс кезінде қыл ішектің осы бір қасиеті тұрақты-тұрақсыз минитондар шығарады.

  М ысалы, Алаштың сан ғасыр бойы жан серігі болып келе жатқан қасиетті домбыраның шегі амплитудада жаңғырады. Түсінікті тілмен айтатын болсақ дыбыстардың шашырауы әртүрлі бағытта өрбиді. Ал, көне аспаптардың бірі қобыздың қыл ішегінен бурдон шашырайды. Яғни, дыбыс шығарғанда таңдай тілді емес, көмекей тілді пайдаланады. Осы құбылыстан бурдон-көмей дыбыстары пайда болады. Шынтуайтына келгенде бұл құбылыс домбырадағыдай жоғары-төмен тербелу емес, көз жанары жетер, дыбыс етілер кеңістікке сан алуан дыбыстың шашырай бұралып, жамырауы десе де болар. Демек, бурдон қыл ішектің және көмекей, тіл құрылысының табиғи түрде сәйкес келуінен барып туындайды. Сондықтан да, өте күрделі.
 Қобызшыдан айрықша машықты, қажымас қайратты, ең бастысы, өзінің осы өнеріне деген құлай сүйер құштарлықты талап етеді. Қобызшы қыз қобызын күйге келтірген. Бір қарағанда титімдей ғана көрінетін аспаптан мың сан әуен төгіліп жүре берді. Айрауық. Ықыластың күйі – Айрауық! Ықылым заманнан бері Алашқа айнымас серік болып келе жатқан қобызда ойналатын күйлердің алдында аңызы бірге жүрсе керек-ті. Айрауық күйінің де жан дүниеңді астан-кестен ететін аңызы бар. Күй сарынынан бөлек. Жоқ, күй сарынымен көмкерілген, бірге. Егіз.
Есте жоқ ескі кезеңде Тайлақ есімді батырдың сыбызғымен шалған күйі екен деседі. Жалаңтөс батырлардың даңқы артып тұрған заман. Даңқы артып, абырой арқаламай қайтсін. Алтайдан Атырауға дейінгі сайын дала күн сайын дерлік жаугершілікті бастан өткеріп жатқан алағай да бұлағай күн. Тайлақ жау түсіргіш батырлығымен қоса, асқан шебер сыбызғышы екен. Сыбызғысымен сан алуан сарындарды төгілткен сәтте жердегі жылан да, аспандағы торғай да арбалып қанатын қаға алмай қалады деседі.
Бүкіл ғұмырын ат жалында өткеріп, ел қорғаған, жаудан қалқан болған Тайлақ батырдың ақ найзасын керегеге іліп қартайып отырған шағы екен дейді. Ел іргесіне тағы да ойламаған жерден жау келіпті. Адамға емес, сол адамның күн көрісін айырып отырған жылқыға. Әлде қас батырдан кегін алып, өшін қайтарғысы келді ме екен. Әйтеуір жасанған жау ауылдың бар жылқысын алдына салып ұйып кетсе керек. Тайлақ батырдың әкеге жете туған Секер мен Барақ есімді егіз ұлы құлын дауысы қиядан естіліп, шұрқырап, шұбап жау алдында жөңкіліп бара жатқан қалың жылқыны қуа шығады. Мал ашуы, жан ашуы. Оның үстіне жылқысын жауға алдырған намыс. Алдында малы бар қашқын жау көп ұзап кетпесе керек. Қуғыншы топ жете айқасқан. Ай астында ақ сауыттар жарқылдап, алмас қылыштардың жүзінен нұр емес, қаһар төгілген. Қаһар қанмен боялған. Ақыр аяғында Тайлақ батырдың ұлы Барақ жау қолынан қаза табады. Секер жаудан малды айырып, өз жылқысы өзіне олжа елге қайтады. Қайтқан малда қайыр бар. Ал қайыры да шамалы. Егіздің сыңары Барақ жау қолынан қаза тапқан. Егізін ат жалына өңкеріп келе жатқан ұлын  көрген сексендегі қарт батыр сыбызғысын қолына алған. Перзентінің қайғысы. Азамат болып өсіп қалған, ат жалын тартып мініп, ел қорғаған батыр ұлының қазасы жан жүрегін тілмен айтып жеткізгісіз улы запырандай қайнатып жіберсе керек. Ащы күй болып төгілген. Естіген жұрттың алпыс екі тамырын шымырлатып, ет жүрегін түршіктірердей.
Күй құрылымы екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі сайын дала. Сайын далада күн кешкен азат, бостан, бақуатты халық. Қызғылықты, қызық өмір. Әзірге баянды бақыт. Егіз баланың ер жетуі. Ат жалын тартып мінуі. Кең көсілген кер далада астындағы желқуық тұлпарларын самал желмен жарыстырып, жүйткітіп шабуы. Жүйрік аттың үстінде өрікпіген өр көңілдің ең басты мақсаттарының бірі туған елге қорған болу. Осының барлығы күй тілімен шебер суреттеледі. Дыбыс иірімдері нақ бір сыршыл күйшінің әсерлі әңгімесіндей жымдасады.
Күйші қыздың қабағы әдепкіден де түйіле түсті. Мұнан әрі ауыспалы ұсақталып, күрделенген ырғақтар өзегіңді өртей күйлі дүниенің астан-кестеңі шыққандай санаң сегізге, ойың онға бөлінеді. Күй желісіндегі айналымдар шығарманың трагедиялық мазмұнын барынша тереңдете түседі. Ұғып қарасаңыз бұл егіздің бір сыңарынан айырылған тайлақ батырдың зары. Сексен жылдық ғұмырында сансыз жорық-жортуылды басынан өткеріп, бейкүнә адамдардың көз жасы мен қаны сел болып аққан қақтығыс соғыстарды көп көрсе де, ұлының мезгілсіз ажалы түпсіз терең қайғыға батырған. Ал, жан жарасы жылдам жазылмайды. Азалы күндер бір-біріне жетексіз жалғасып, еңсеңді езіп, төменге тартып созыла бермек.
Күй мазмұны құлаққа сіңіп, одан жүрегіңе жетіп тереңдей түседі. Күй желісі қаз қалпында басынан аяғына дейін қайталанады. Тек соңында әртүрлі ырғақтар күй әуенін түрлендіріп, тереңдете түседі. Асылында Ықыластың «Айрауықты» ащы күй орындаушыдан аса жоғары шеберлікті талап етеді. Өйткені, қос бөлімде бүкіл пенде ғұмырдың күңгейі мен көлеңкесі бар.
Қобызшы қыз, Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің оқытушысы Нұргүл Нұрмышева Уәлиханов ауданына қарасты Елтай ауылының тумасы. Бұрынғы Чапаев кеңшарына қарасты Бесінші декабрь ауылында өскен. Төртінші сыныпта оқып жүргенінде Алматыдан нағашысы, заңгер Иман Сүлейменов шалғайдағы туыстарына соққаны бар. Сол сапарында кішкентай жиенін Алматыға ала кеткен. Болашақ қобызшыны. Әлде осындай өнері барын байқады ма екен. Байқаған да жоқ шығар. Байқаса – әулиелік. Ал, оныкі жиеніне жақсылық жасау. Сөйтіп, Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық арнайы музыка мектебіне берілді. Бұл мектепте қазақтың талай дарынды ұл-қыздары оқиды екен. Арасында қазіргі күні алты Алашқа аты шыққан белгілі әнші Мақпал Жүнісова да бар. Бесінші сынып. Халық аспаптары және үрлемелі аспаптар сыныбы. Осы сыныпта тұңғыш рет қолына қасиетті қобызды ұстап көрді. Әйтпесе облыс орталығынан тым-тым жырақта, облыс орталығын айтасыз, аудан орталығының өзі күншілік жердегі шалғайдағы Бесінші декабрь ауылына қобыз қайдан келсін. Рас, әкесі Байтілеу домбыра тартатын. Сызылтып сырнайда ойнайтын. Қазақтың халық әндерін нәшіне келтіріп орындағанда, күні-түні сахнадан түспейтін әнебір әншілерден бір кемдігі жоқ еді. Біржан салдың «Теміртасы» ше? Нұрбану анасы да өнерден құр алақан емес. Өнер шуағы шалқыған бұлардың отбасында тәлім-тәрбие алған ұл-қыздардың барлығы өнерге жақын болып өсті. Содан кейін ғой, 1990 жылдары өлең қонған, ән ұшқан Көкше өңіріне танылған Нұрмышевтар отбасының ансамблінің құрылуы. Айнұр, Гүлназ, Баян. Қазір кенжелері Баян күллі қазақ еліне танымал, таңдайына бозторғай жұмыртқалаған ғажап әншілердің бірі. Қорғаныс министрлігі ансамблінің мүшесі. Республикалық телеарналар мен радио желілері арқылы халыққа танымал. Әнші ғана емес, өз жанынан ән шығаратын композитор.
– Сол тұста елдің әбден ұлттық өнерге сусаған кезі ғой, – дейді Нұргүл Нұрмышева, – мен Шымкенттің мәдени-ағарту институтын бітіріп келгеннен кейін облыстық халық шығармашылығы орталығында әдіскер болып еңбек еттім. Кеңес Одағының құрсауы шым-шымдап босатыла бастаған өліара кезең. Қаншама жыл үзіліп қалған ақындар айтысы қайтадан ұйымдастырыла бастады. Дәл қазіргідей емес, сол уақытта елдің осы бір өнерге деген ықыласы, құштарлығы керемет еді. Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеев бас болып айтыстар ұйымдастырыла бастады. Тіпті, ұлттық өнерді насихаттайтын арнайы бастамашыл топ құрылып, ел-елді, жер-жерді аралай бастады. Ондағы мақсат ұзақ жылдар бойы тұншыққан, анығында тұншықтырылған ұлттық өнердің тамырына қан жүгірту.
Е лдің ішіндегі тұмшаланған өнердің қоламтасын үрлеп жағуды балақандардан бастаған ләзім. Республикалық «Әнші балапан», «Сиқырлы қазан», «Айналайын» тәрізді дүбірлі жарыстар өткізіле бастады. Мен облыс орталығында балаларға музыкалық тәлім-тәрбие беретін «Жұлдыз» студиясын құрған болатынмын. Республикалық «Айналайын» байқауына жергілікті сазгер Иран Тасқараның сөзіне жазылған Арман Есжановтың «Айналайын» әнімен қатыстық. Сол сәт жадымда өшпестей болып жазылып қалыпты. Сарыарқаның сайын даласында көз жанары жетер кеңістік толайым толтырып, қызыл-жасыл жапырақтары самал желмен тербеліп, қызғалдақ көктемей ме. Ен даланың масайраған қуанышы атқақтаған сәтінде алыстан қол бұлғап қызықтырып тұратын тәрізді емес пе. Желмен жарысып, әлдебір әуенді сыбырлап, сыбдырлап айтатындай. Жүздеген жас талап қатысқан республикалық «Айналайын» байқауы да дәл сондай жылы да жайдары, ыстық ықылас беретін. Көктемгі қызғалдақ гүл тәрізді көкөрім жастар жып-жылы жауыннан нәр алып қаулап өсетін тәрізді. Жып-жылы жауын алдымен алға қойған мақсат-мұраты, оған қоса, өнерге деген елдің ықылас-пейілі. Сондай ғажап кезеңді бастан өткердік. Ал, қобыз. Қобыз туралы айтатын болсам, мен келгенде Көкшетауда қобыз жоқ десем де болар еді. Домбыра туралы әңгіме жоқ. Киелі ән қонған Арқа өңірінде домбыра үзілмеген. Қобыз таңсық еді.
Алаштың әр ұрпағы өзі тіршілік құрған, ғұмыр кешкен кезең үшін өткен мен бүгіннің арасын жалғап жататын жанды жалғасы. Біле білсек, музыка да өте күшті идеологиялық құрал. Қаншама ғасыр бойы ата қазақ ұлттық дәстүріміздің мықтылығының арқасында осы күнге жеткен. Сол мұраның бәрін тіршіліктің шаңынан аршып алатын болсақ, қазақ халқының адамзат мәдениетіне қосқан ғажайып үлесін айғақтар еді. Қазақтың ғажайып фольклоры, поэзиясы, қолөнері тәрізді ұлттық музыка да қоғамдық өмірдің барлық қырлары мен тарихи кезеңдерін мейлінше айқын әйгілей алған. Сондай-ақ, ұлттық философиялық ой-өріс те байып, бекемдене түскен. Сол мұраның бірі, ұлы аспап – қобыз.
Орта ғасырларға әсіресе, түрік қағанаты кезінде көшпенді жұрттың музыкалық мәдениеті туралы құнды материалдар Жапонияның Нара қаласындағы императорлық қазына қоймасы Сесоинде сақталған. Осы көрнекті мұраның ішінде көшпелі жұрттың музыка аспабына қоса, көне үлгідегі нота жазуы айрықша назар аударады. Сол тұста Шығыс Түркістаннан әкелінген музыкалық аспаптар оркестрін жапондар «гагу» десе, осы аспаптарда ойнау тәсілін «били» деп атапты. «Га» – ресми, «гаку» саз деген түсінік береді. Бажайлап қарайтын болсақ, бұл сөздер өзінің мағыналық және қолдану аясында күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Аспандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырай атамыз тұтас бір әндер шоғырына «Гәкку» деп ат қойып, айдар таққан:
Қыздан да қылықтымын жүрген жерде,
Құлақ сал сөз сөйлеген біздей ерге.
Ақ тамақ, шұбар бауыр, қоңыр қаздай,
Сала алмас «Гәккуіме» ешбір пенде.
Ғажап байланыс емес пе. Бажайлап қарасақ, қобыздың атасы Қорқыт. Қорқыттың мәңгілік өмір жолында күресуі, күй, өнер тілімен ажалды жеңу философиясы әлемдік философиядағы оқшау ой. Мәңгілік нәрсе – өнер, шығармашылық әр адамның артында қалдырған өшпейтін ісі. Сондықтан да, күй атасы Қорқыт дейді қазақ. Қорқыт атамыз қара қобызды түркі жұртының аруақты аспабына айналдырған ұлы күйші. Халқымыздың өткен-кеткен тарихындағы шат-шадыман шақтары, өзегін өртер күйінішті тұстары күй тіліне көшірілген. Ел ежелден Қорқыт бабаны қобызға тіл бітіріп, оның қыл ішегінен жаһандағы жаратылыстың бәрін күй етіп төккен, күй тілінде сөйлеткен өміршең өнердің иесі, қасиетті күйдің атасы деп біледі. Бірден бір көне мәдени ескерткіш – Қорқыт ата кітабы. Бұл жырдың екі қолжазбасы сақталған. Алғашқы нұсқасы 1815 жылы Дрезден кітапханасынан табылды. Ал, Ватиканда сақталған екінші түрі ғылымда соңғы жылдары белгілі болды. Қазіргі күні барша әлемнің назарын өзіне аударуда.     
Қорқыт мұрасын бізге дейінгі ұлы саңлақтар төрт топқа бөледі. Олардың алғашқысы бақсы, жыраулар. Аттары аңызға айналған Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Нысан, Абыз тәрізді. Қобызбен күй шерткен атақты күйшілер Әл-Фараби, Кетбұқа, Ер Шегедей, Досжан, Өтеболат, Қанқожа, Құрманғазы, Ықылас, Сыпыра жырау, Қазтуған.  Қорқыт дәстүрі бойынша қобызға қосып, жыр толқынын ағытқан алапат ақындар Ерімбет жырау, Абыл жырау.
Ғажап емес пе. Баһадүр бабаларымыз қалдырған асыл мұра қобыз да қаншама сыр бүгіп жатыр. Қазір Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінде жас ұрпақ осы бір сан ғасыр бойы халқымызбен бірге мұңдасып, сырласып келе жатқан қасиетті аспаптың қыр-сырын оқып, үйренуде.
– Балалар мұрасы бізге аманат іспетті ғой,–дейді колледж директоры Құралай Ыдырысова,–біздің оқу орнына негізінен, шалғайдағы елді мекендерден талантты, талапты оқушылар келеді. Олардың білім алған жерлерінің бәрінде музыка мектебі жоқ. Қобыздың атын естісе де, өзін көрмеген. Колледж түлектері жан-жақты маман, әр нәрседен хабары бар азамат, азаматша болып қалыптасуы үшін қолға алған шаруа.
Құралай Ғазезқызының осы бір пікірінен ұлтжандылықтың, ұлт мұрасына деген жанашыр көзқарастың ыстық лебі есіп тұр.
– Мен мәдениет институтынан кейін Көкшетауға келген кезімде ұлттық өнердің үрдісі енді-енді ғана бауырын жазып жатқан еді,–дейді Нұргүл Нұрмышева,–бөгде ұлттың баянды өнеріне кірпияздау кеңес заманы еді ғой. Мәдениет саласында да ұлттық өнерге мойнын бұратын мамандар қасқалдақтың қанындай аз. Әйтеуір, орталықта ұлт жанашыры Күміс Біләлова қызмет істеді. Ал, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Амангелді Жақыпбеков ағамыз қолдау, көмек жасады. Менің ойымша, күй өнерін ұғатындар аз деген сылтауды көп айта бермеу керек. Жалғыз қазаққа ғана емес, өзгеге де ұқтыру керек. Шымкент қаласында бір ғылыми конференция өтіп еді. Сонда «Ерден» күйін ойнадым. Кейін орыс қызы келіп, күйдің жай-жапсары, мазмұн-мағынасы туралы сұрады. Сол сәтте менің төбем көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Қазір колледжде «Қобыздың киесі, домбыраның иесі» тақырыбында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ұлт аспаптарының тарихын, барша мүмкіндігін түсіндіруге тырысамыз. Ұлттық өнер өрісін жайып тұрса, ұлтымыздың бойында ұлық қасиеттер көп болады. Ұлболсын Двесова, Дағиман Сұңқар тәрізді оқушыларым қыл қобыздың қасиетін жан-дүниелерімен ұғынып, әбден меңгеріп алды. Қазір біздің колледж ұлттық өнердің жалауын аспандатып, биіктететін ғажап ортаға айналды. Бұл да басшылықтың тарапынан ұйымдастыра білушіліктің, ең алдымен, ұлттық өнерге деген жанашырлықтың нәтижесі.  
Қ обызшы қыз тағы да қыл қобызын қолына алған. Тағы да Ықылас. Ықыластың «Ерден» күйі. Аңыз айтады. Тамалар мен көршілес жатқан қалың Найманның ішінде Бағаналы руының сол кезде өзгеден беделі асқан, Атбасар округінің аға сұлтаны Ерден Сандыбайұлының өмірімен өзектес. Ерденнің Әйменде есімді баласы қаза болады. Арқадағы жапсарлас жатқан ер Найман мен Таманың бір-бірімен жылқы барымталауы кезінде. Тамалар барымталанған көп жылқының ізімен Найман елінің аға сұлтаны Ерденге келеді. Келсе қайғы торлаған, қасірет басқан жұрт. Сол кезде Ықылас қобызын шалып, жоқтау күйін сарнатады. Батыр Ерден, өзгеге сөз бермеген шешен Ерден күйге маталған деседі.
Күйші қобызды өршелене сілтейді. Бар дүние ұмытылған Мұңлы-қулының аңыраған қара түнін көріп тұрғандай. Күңіреніп қобыз жылайды, егіліп Ерден емірінеді. Күй тоқтамайды. Адам туады, адам өледі. Арасы бар болғаны бір-ақ ғұмыр, ол қысқа ма, ұзақ па, мәселе тіпті онда да емес. Бір ғұмыр дүниені сүйіндіріп өтеді, ал, бір ғұмыр қарғыс арқалап, күйіндіріп өтеді. Баяғы заманда Ықылас тудырған күй тудым, өлдім, тудым, өлдім деп бебеулеп жылап жатыр. Сәлден соң шыр етіп жерге түскен жас сәбиді құшақ жайып қарсы алған мынау жарық күннің шымырлаған шаттығында дүние делсал тамылжиды. Күй шымырлап, құмыға түседі.    
Аңыз айтады. Осы күйді тартқанда Ерден егіліп жылаған деседі. «Бар болғаны мен мал ұрладым, малыңа мал қосып қайтарамын, айыбымды өтеймін. Мен қойдым енді. Жер де, су да, мал да, бәрін беремін, тек жыламаңдар, ағайын».
Қайтадан күй желісі Сарыарқаның сайын даласын кезіп кеткендей. Ысқыш қозғалысы қысқа-қысқа дыбыстарды ажарландыра түседі. Сәлден кейін жарық сәуле. Күй де адам әйтпесе қоғам тағдыры тәрізді. Жарығың мол болғай, жақсы заман!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар