Ақмоланың үш ұстазы

«Үздік педагог-2018» құрметті атағына ие болды!

Мұғалім мәртебесін, беделін көтеруге бағытталған «Үздік педагог- 2018» республикалық байқауына Ақмола облысынан қатысқан Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының жоғары санатты физика пәнінің мұғалімі Назифа Закирова, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының жоғары санатты химия пәнінің мұғалімі Дана Ысқақова мен Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінің арнаулы пәндер оқытушысы Наталья Семкина «Үздік педагог-2018» құрметті атағына ие болып, облыс мерейін бір көтеріп тастады.

Аталмыш байқау – мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан білім саласындағы маңызды шара болып саналады. Аудандық, қалалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, облыстық байқауда жеңімпаз атанып, жүлдеге ие болған ұстаздар байқау шарты бойынша республикалық кезеңге жолдама алады. Сырттай форматта өтетін республикалық байқауға қатысушылар құжаттарын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне тапсырады. Оған мұғалімдер өздерінің біліктілігін айғақтайтын сертификаттарын, әртүрлі байқауларда, олимпиадаларда жеңімпаз болғандығы туралы деректерін, бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан ғылыми монографиялары мен мақалаларын ұсынған болатын.
Әлеуметтік желіде жарияланған деректерге сүйенетін болсақ, биылғы жылы «Үздік педагог-2018» атағын тағайындау бойынша республикалық комиссияның қарауына 147 құжат, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім саласы педагогтерінен 109 құжат, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат келіп түскен. Арнайы комиссияның іріктеу нәтижесінде мектептер мен колледждердің 64 ұстазы жылдың үздік педагогы атанып отыр. Әр жеңімпаз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің куәлігі мен «Үздік педагог» төсбелгісі және 1000 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлеміндегі
(2 405 000 теңге) ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Біз қуаныш иелерімен хабарласып, ұлағатты ұстаздарды сөзге тарттық. Солардың бірі Дана Манапқызы:
– Елбасының білім беру саласына жете көңіл бөлуінің арқасында ұстаздардың мерейі үстем болуда. Интеллектуалды ұлт қалыптастыруда бізге жүктелетін міндет зор. Барша әріптестеріме айтарым, ылайым осы биіктерден көріне берейік. Мұғалім мамандығы жоғары біліктілікті, орасан зор рухани күшті, даналықты, шыдамдылық пен жігерді талап ететіні мәлім. Алдағы уақытта да өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында қажырлы еңбек етіп, белсенділік танытып, өз кәсіби міндетімізді адалдықпен атқарамыз деп ойлаймын, – деді. Жаратылыстану ғылымдарының магистрі Дана Манапқызының оқушылары халықаралық, республикалық пәндік олимпиадаларының және ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары.
Ал, «Үздік педагог-2018» республикалық байқаудың жеңімпазы атанған Назифа Анваровна білім саласында отыз жыл бойы қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Назифа Анваровна өз жұмысында дарынды балаларға көп көңіл бөліп, уақытпен санаспай солардың бойындағы қабілеттерді шыңдауға зор үлес қосуда. Осындай қажырлы еңбектің арқасында Назифа Анваровнаның оқушылары үздік білім нәтижесімен облыс абыройын асқақтатып келеді.
Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған жеңімпаздардың бірі Наталья Семкина болса, бүгінде өзі болашақ мамандарды оқытып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуде. «Бүгінгі күннің ұстаздары жан-жақты білімді, сан қырлы өнерді меңгерген болуы керек. Осы талапқа сай болса мұғалім биік белестерді бағындыра алады», – дейді ол.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп ұлы Абай айтқанындай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушы балаға өмірлік азық. Баланың саналы азамат болып қалыптасуы оның жүрегіне мұғалімнің сепкен білім дәні мен бойына сіңірген тәрбиеге де байланысты болар. Өмір майданында мойымай күресіп, бұралаң, бұлтарысы көп ғұмыр жолында алған бағытынан таймай, ертеңгі күні елі үшін аянбай тер төгетін азаматтардың болмысын қалыптастыратын да мұғалім. Сол себепті де қай дәуірде болмасын, мұғалім мәртебесі биік болған. Өйткені, ұстаз деген ұлық тұлға. Елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы білімде десек, жүрегі бала деп соғатын мұғалім мәртебесі мен абыройы еш уақытта аласармасын!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар