Біліктілік пен тәжірибені ұштастырып…

Отыз жылдан астам уақыттан бері жас жеткіншектерді білім бұлағынан сусындатып, бар саналы ғұмырын мектеп қабырғасында өткізіп келе жатқан ұстаздар қандай да болсын мақтауға лайық жандар десек артық айтпаған болармыз.

Осындай білімі мен біліктілігі ұштасқан, білгенін балаларға үйретуден жалықпай жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі Рақымжан Қошқарбаев атындағы Қосшы орта мектебінің мұғалімі Күміс Құрманғалиқызы Мейірманова.
Сонау 1982 жылы сол кездегі Целиноград педагогикалық институтын бітірген жас маман еңбек жолын облысымыздың Сандықтау ауданында бастаған еді. Кейіннен атап айтқанда, 2005 жылы Целиноград ауданының Қосшы ауылына қоныс аударған білікті маман бүгінде осындағы орта мектепте математика пәнінен дәріс берумен қатар мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Өз ісінің хас шебері, ұлағатты ұстаздың шәкірттері де ұстаздарының еңбектерін еш қылмай түрлі олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Мәселен, 2018 жылы «Кенгуру-математика» атты интеллектуалды ойында А.Заханова бірінші орынды иеленсе, А.Боханова, А.Хомяков, Н.Сәбибекова сынды оқушылар да алдыңғы саптан көріне білді. Сондай-ақ, ХІ халықаралық олимпиадада Т.Жамбылова жүлделі орыннан көрінсе, «Жаңа заман – озық технология» байқауында Даяна Ыбыраева бірінші орынды жеңіп алды. Әрине, түрлі жарыстарда оза шауып жүлде алған Күміс Құрманғалиқызының шәкірттерін тізіп шығудың қажеті бола қоймас. Бірақ, бір нәрсе айқын. Ол – ұлағатты ұстаздың алдынан дәріс алған оқушылардың оны ешқашан ұятқа қалдырмайтындығы.

Талғат БАҚТЫБЕКҰЛЫ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар