Мұғалім – мектептің жүрегі, қоғамның тірегі

Қай дәуірде болмасын елдің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты көрсеткіші мұғалім берген біліммен бағаланады. Қазіргі жас буын – еліміздің келешегі, келбеті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үдерісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі.

Білім беру сапасы мәселесі үнемі ізденісті қажет етеді. Ғылым мен техника дамыған кезде білім сапасын жетілдіруде қиындықтар туындай берері анық. Қиындықтарды кеміту үшін бірінші кезекте педагогтың білім сапасына жауапкершілігін арттыру өте маңызды. Ол үшін әр мұғалім өз жауапкершілігін жіті түсініп, жетілдірсе ғана нәтижеге жететін боламыз. Бұл біздің мақсатымыз.
Осы оқу жылы облысымызда 22 070 мұғалім қызмет атқарады, олардың 15 мыңнан астамы мектепте еңбек етеді. Оқушылардың білім сапасы педагогтардың кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Бүгінде мұғалімдердің біліктілігін арттырудің тәсілі қағида түрінде өзгертілді. Мұғалімдерді қолдау және беделін арттыру үшін Елбасы Жолдауда 2018 жылы санат арасындағы алшақтықты арттырып біліктілік деңгейін есепке алатын, мұғалімдер үшін санаттың жаңа кестесін жасауды тапсырды.
Бүгінгі таңда жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан облыстың 2 мыңға жуық педагогы өтті, оның ішінде педагог-модератор – 701, педагог-сарапшы – 756, педагог-зерттеушіге – 425 және педагог-шеберге – 27 мұғалім тапсырды. Облысымыздың мұғалімдері әртүрлі курстарда біліктілігін арттырады. Сол курстар бойынша жаңартылған білім беру мазмұнының шеңберінде 3413 мұғалім біліктілігін көтеріп, жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді оқыту үшін тілдік курстарда 235 педагог оқыды. Екінші жыл қатарынан облыстық бюджет қаржысы есебінен жоғары біліммен мұғалімдерді даярлау үшін 100 білім беру гранттарын тағайындауға қаржы бөлінді.
Білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізумен педагогтар үшін жыл сайын, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқыту үшін тілдік курстар өткізіліп тұрады. Орта білім беру саласында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу жалғасуда, 2018-2019 оқу жылында 3, 6 және 8 сыныптар көшеді, толық көшу 2021 жылы аяқталады. Жаңа оқу жылында 120,2 мыңдай оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оның 14 мыңнан астамы 1 сынып оқушылары.
«Нұр Отан» партиясы цифрландыру бойынша 3 жобаға бастамашылық етті, оның біреуі білім беру саласында – «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптары». Қыркүйек айында облысымызда барлығы 61 тегін ІТ-сыныптары ашылды. ІТ сыныптарында балалар бағдарлау, қарапайым алгоритмдер жасау, Web-сайттар, компьютер ойындары мен Еуропа білім беру стандарттары бойынша анимация-лар жасау дағдыларына үйренетін болады.
Сонымен қатар, оқу бағдарламасына 5-7 сыныптары үшін «Өлкетану» курсы енгізілді. Өткен оқу жылында біз жоғары мектепте бірқатар пәндерді ағылшын тілінде оқытуға дайындалу және көшу бойынша міндеттерді шешуге кіріскен болатынбыз.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 79 қадамын және 2015-2020 жылдарға арналған үш тілді білім беруді дамытудың жол картасын іске асыру шеңберінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшудің жоспары құрылды.
2017-2018 оқу жылында Ақмола облысының 23 білім беру ұйымы пилоттық режимде жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқи бастады. 22 сыныпта «Физика» пәні, 25 сыныпта «Химия», 31 сыныпта «Информатика», 36 сыныпта «Биология» пәндері ағылшын тілінде оқытылды. 5-11 сыныптардың 2218 оқушысы қамтылып, 192 педагог жұмылдырылды. Аула клубтары мен қала сыртындағы лагерьлер жанындағы облыстағы жазғы тілдік мектептерде жазғы кезеңде лингвистикалық ауысыммен 23115 бала қамтылды.
Мемлекет басшысының білім қызметкерлерінің алдына қойған міндеттері білім беру жүйесі және тұтастай мемлекет үшін перспективті және маңызды болып табылады. Біз оларды іске асыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек.
Ұстаз үшін бақыт – алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәті. Ендеше, бүгінгі білім мен білік алға қарыштап дамыған заманда ұл-қыздарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті істегі жаңашылдық пен жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізейік. Оны мүлтіксіз атқаратын да өз кәсібіне шын берілген, өз мамандығының шебері – мұғалім.

Талғат ЖҮНІСОВ,
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы

Құрметті әріптестер!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Ұстаздар күні – бұл дәстүрлі әрі бүкілхалықтық мереке десек артық айтқандық болмас. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Білім берудің күрделі міндеттерін рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты тұлға ғана шеше алады. Сіздердің осы бағыттағы еңбектеріңіз жана берсін! Облысымыздың атын әлемге әйгілі ететін талантты да білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін! Отбасыларыңызға бақыт-береке, зор денсаулық тілеймін!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар