Жергілікті жолдарды да жақсарту тапсырылды

Мемлекет басшысының ел халқына арнаған биылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды. Елбасы соңғы жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырылғанын атап өтті. 2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда. 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға берілетіні қуантады. Президент өз Жолдауында енді өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту қажеттігін айтып өтті. Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі артты. Жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінді.

– Әкімдер осы қаржының есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы керек. Үкімет бұл міндетті жүйелі қолға алып, қосымша инфрақұрылымдық мәселелер тізімін жасап, жобаларды бағалап, оларды қаржыландыру көздерін іздеп табуы қажет,–деді Елбасы. Әкімдерге бірінші кезекте адамдарды алаңдататын жергілікті жолдар, әлеуметтік нысандар, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету тәрізді өзге де өз инфрақұрылымдық өзекті проблемаларды шешу міндеттелді. Мемлекет басшысы республикалық маңызы бар селодан қалаға дейінгі әртүрлі санаттағы елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін жасауды тапсырды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға бюджеттік тәртіпті, тиімсіз және уақытсыз шығынға жол бермеу жұмысын нығайтуды, бөлінген әр теңгеден үлкен қайтарымға қол жеткізуді міндеттеді. Елбасы Үкіметке нақты шаралармен, жобалармен және қаржыландырудың көлемімен 2025 жылға дейін өңірлерді дамытудың прагматикалық бағдарламасын жасауды тапсырды. Сондай-ақ, «инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қажеттігін атап өтті. Автомобиль жолдары мен көлік қатынасы экономиканың күре-тамыры ретінде тіршілік ауанына ерекше серпіліс беретіні анық. Елбасының бастамасымен Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ, бұл салаға айрықша назар аударылып, жаңа үрдістегі жобалар жүзеге асырылып жатқаны осы айтқандарымыздың айғағы. Мәселен, алты жолақты «Астана-Бурабай» тұңғыш автобаны игілік төгіп жатқаны біздің ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышы екендігі қуантады. Бүгінгі күні бұл жолдың Петропавл қаласына дейінгі бөлігінің құрылысы Көкшетау қаласына кіреберіс аумақта қарбалас жүріп жатқаны белгілі. Демек, еліміздің мемлекетаралық байланыстары нығая түседі деген сөз. Осы орайда, облысымыздың географиялық орналасуы көліктік дәліздің мазмұнын арттыра түседі. Осы ретте, облыстық маңыздағы және ішкі қолданыстағы көлік қатынасы да жақсара түскенін айтуымыз керек. 2018 жылы Ақмола облысының жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар жолдар жөнделді. Талдап көрсетсек, құрылыс және қалпына келтіру, күрделі және орташа жөндеу, облыстық маңызы бар жолдардың ағымдағы жөндеуі, аудандық маңызы бар жолдарды ағымдағы және елді мекендердің көше-жол желісін жөндеу жұмысы жүргізілді. Ағымдағы жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, елді мекендердің көше-жол желісін жөндеу бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Мемлекет тарапынан соңғы жылдары салаға қаржы құю көлемі артып келеді. Бұл еліміздегі жол қатынасы жақсара түседі деген сөз.
Руслан АБОЛЕНСКИЙ,
«Көкшетау жолдары» серіктестінің
бас инженері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар