Спорт пен әскер егіз ұғым

Көкшетау қаласында орналасқан 5510 әскери бөлімінің клубында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның қоян-қолтық ұрыстан құрама командасының спортшыларына құрмет көрсету кеші болып өтті.

«Жаны саудың — тәні сау» демекші, ата-бабамыз ежелден спорт пен дене тәрбиесіне ерекше мән берген. Себебі, ол біздің өмірімізді қызықтырақ ете түседі. Дәл осы жерде нағыз ерге тән қайсар қасиеттер мен күш-жігер танылады, ал спорттық сайыстардың жеңімпаздары үлкен құрмет пен сыйға ие болады. Баршаға белгілі, біздің Жоғарғы Бас қолбасшымыз, Елбасы спортты дамытуға, салауатты өмір салтына айрықша мән береді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, тамаша спорттық дәстүрлерді сақтау адамгершілікке тәрбиелеуге, ұлт денсаулығын жақсартуға, өскелең ұрпақты шыңдауға тікелей әсер етеді. Спорт пен дене тәрбиесі тек денені ғана шынықтырып қоймай, рухты да шыңдайды, мінезіңді қалыптастырады. Ал, қоғамның тірегі болатын, оның іргесін бекітетін қашанда осындай жаны да, тәні де мықты азаматтар болған. Сондықтан да салауатты өмір салтын ұстанатын қазақстандықтар жылдан жылға көбеюде. Ал спортшылар денсаулықтың сенімді кепілі – спортпен және дене шынықтырумен айналысу екендігін дәлелдеп келеді. «Спорт», «әскер» деген ұғымдар халықтың санасында егіз ұғымдар болып қалыптасып қалды. Ол түсінікті де, әскери қызметші спортпен айналыспауы мүмкін емес, себебі отан қорғаушылар әрқашанда өз күшіне сенімді, шымыр да мығым болуы тиіс. Себебі, деніміз сау, күш-қайратымыз болмаса, біз өзіміздің күнделікті қызметтік-жауынгерлік міндеттерімізді орындай алмас едік. Әскери қызметшілердің арасында, соның ішінде Ұлттық ұланның жауынгерлері Олимпиада, Еуропа, Азия ойындарында еліміздің көк байрағын желбіреткеніне сан мәрте куә болдық. Олар жекпе-жекке шыққанда жанымызды шүберекке түйіп, жанкүйер болып отырамыз. Жеңіспен оралғанда оларды мақтан тұтып, қошемет көрсетеміз. Осындай қошемет, құрмет көрсету кеші 5510 әскери бөлімінің клубында өткізілді. Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның қоян-қолтық ұрыстан құрама командасының спортшыларын құрметтеуге арналды. Кештің құрметті қонақтары Қазақстан Республикасы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Савердин Имиров, халықаралық спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық санаттағы төреші, подполковник Арман Ахашев, Ақмола облысы ІІМ спорттық кешенінің жетекшісі, Ақмола облысы қоян-қолтық ұрыс Президенті, қоян-қолтық ұрыс бойынша халықаралық спорт шебері Жасұлан Жантасов Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның қоян-қолтық ұрыстан құрама командасының спортшылары тек еліміздің күш құрылымы арасында ғана емес, халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетіп жүргенін атап өтті. Сондай-ақ , спортшыларға Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Кубогі үшін халықаралық турнирде сәт-сапар тілеп, көк туымызды желбірете беруін тіледі. Спортшыларға арналған шағын концерт көрермендердің көңілінен шықты. Бөлім сарбаздары ұйымдастырған концертте дене шынықтырумен айналысуды насихаттайтын сахналық көрініс, спорт туралы әндер мен күйлер спортшылардың жігерлерін қайрап, жоғары рух бергені сөзсіз. Іс-шара естелік фотоға түсумен аяқталды.

Бауыржан НҰРҒАЛИЕВ,
5510 әскери бөлімінің сержанты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *