Бала деп соққан жүрегі…

Қазақ бала тәрбиесіне ерекше назар аударған халық. Шыр етіп тылсым дүние есігін ашқан сәттен-ақ, әрбір ата-ана өз баласының болашағына алаңдайтыны жасырын емес. Кім баласын жаман болып өссін дейді. Бүгінгі жаһандану заманында балалардың жан-жақты білім алып, тіл меңгеріп, заманауи технологияларды үйренуіне барлық жағдай жасалып отыр. Рас, ұлттық тәрбиенің діңгегі алтын ұя қара шаңырақта қаланатыны бар.

Алайда, бал тілі енді шыға бастағанда балабақшаның табалдырығын аттаған бүлдіршін үшін тәрбиешінің атқарар рөлі орасан. Осы орайда, мен бүгін өз ісіне адалдықпен қарайтын, бойындағы ізгі қасиеттердің барлығын балаларға дарыта білген білгір басшы, білікті маман, кең жүректі ана туралы қалам тербесем деймін.

– Әр бала – еліміздің келешегі, Отанын сүйетін, ұлтжанды ұрпақ қалыптастыру, жалпы патриоттық тәрбие балабақшадан басталады. Сол себептен, біз оқу-тәрбие жұмыстарын «Күндіз күн болып, түнде ай болып Отаныма нұрымды шашамын» деген ұранмен жүргіземіз. Бұл оқу-тәрбие жүйесінде жалпы біздің ұжымның біртұтастығын, мақсат-мүддеміздің бірлігін көрсетеді. Балабақшадағы топтардың атауы да ұлттық құндылықтарымызға сай қойылған. Топтарды «Айгөлек», «Қамажай», «Көкпар», «Асық», «Бурабай», «Өнер», «Наурыз», «Дәстүр», «Айналайын», «Еркем-ай», «Бәйтерек» деп атадық. Ондағы ойымыз баланың санасында ана тіліндегі сөздер жатталып қалсын деген ниет. Біздің балалардың балабақшадағы әр күні Қазақстан Республикасының Әнұранын орындау-
мен басталады, онымен баланы бірінші өзіне емес, Отанына қызмет етуге тәрбиелеудеміз,–деп бастады сөзін Көкшетау қаласындағы №6 «Нұрай» балабақшасының директоры Айгүл Маментикова.
Осы сөздерден-ақ, Айгүл Аманжолқызының өз ұлтының жанашыры, елінің патриоты екендігін аңғаруға болады. Расында да, балабақшаның ауласының өзінде ұлттық нақыштың жылы лебі сезіліп тұрады. Елімізді әртүрлі климаттық аймақтарына сай бөліп, оған бізде тіршілік жасайтын аң-құстардың макеті қойылып, балалардың танымдық ой-өрісін дамыту мақсатында аулада алаң ұйымдастырылған. Ондағы ниет балалар мен ата-аналар үшін тек табиғат туралы түсінік қалыптастырып қоймай, еліміздің өткені мен бүгінін байланыстыра отырып тәрбие беру. Осы туралы білікті басшы өз ойын былайша сабақтайды:
– Менің ойымша, балаға әуелі білім мен тәрбиеден бұрын өзі туып, өмір сүріп отырған Отаны туралы мол мағлұматты санасына құю керек. Сонда ғана нағыз ұлтжанды, саналы, білімді ұрпақ тәрбиеледік деп айта аламыз. Балабақшада патриоттық тәрбиеге баулу мәселесі түрлі іс-шаралар арқылы жүзеге асады. Мысалы, тақырыптық ашық сабақтар, онкүндіктер мен апталықтар, кездесулер, танымдық бұрыштар, тағы басқа мәдени іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз ,– дейді Айгүл Аманжолқызы.
Ұлағатты ұстаз өңіріміздің қоғамдық өміріне де белсенді араласып, ел ықыласына бөленіп келеді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола филиалының «Аналар алқасының» мүшесі, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық қорының мүшесі. Облыс орталығында 2009 жылы жаңадан ашылған «Айналайын», кейін 2010 жылы «Еркем-ай» балабақшаларында меңгеруші болып қызмет атқарды. Өздеріңіз де білесіздер, «біткен іске сыншы көп». Жаңадан ашылған сол балабақшалардың іргетасы қаланған сәттен бастап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, сол нысандардың іші құт-берекеге толуы үшін аянбай тер төкті. 2011 жылдың жаз айында облыстық білім басқармасының басшылары жаңадан ашылған «Нұрай» балабақшасының меңгерушісі етіп тағайындады. Осылайша алда тағы да жаңа балабақша, жаңа ұжым, жаңа белестерді бағындыру мақсаты күтіп тұрды. Қазіргі таңда бұл балабақшада баланың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайлар жасалғанын ауыз толтырып айтуға болады.
Балабақша ашылған сәттен бастап, өз жұмысын үш бағытта жүргізіп келеді. Ата-ана, педагог, бала арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас еш үзілген емес. Оку-тәрбие үдерісінде біз экологиялық бағытты таңдап алдық. Біздің бақшада балалар өздері жеміс-жидек салады, гүлдер отырғызып, ағаштарға күтім жасайды. Ата-аналармен жан-жақты бірлесіп жұмыс істеу мақсатында «Шаңырақ» ата-аналар клубы ұйымдастырылған. Оның ішінде зер салып, көңіл бөлетін мәселе – отбасындағы қыз бала тәрбиесі ерекше назарда.
Айгүл Аманжолқызы бес немере тәрбиелеп отырған ардақты әже, абзал ана, білім нұрын жан-жағына себезгілеген ұлағатты ұстаз, ұжымды бір мақсатта ұйыта білген білікті ұйымдастырушы. Ел келешегі жас ұрпақты саналы, білімді, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп жүрген осындай абзал жандар көп болса ғой дейсің.
Гүлнәр СЫЗДЫҚОВА,
Көкшетау қаласындағы №6 «Нұрай» балабақшасының орыс тілі пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар