Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер» туралы облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің баяндамасы

Кеше Көкшетауда облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген Ақмола облысы активінің кеңейтілген жиналысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланып, осы стратегиялық маңызды құжаттан туындайтын нақтылы міндеттер сараланып, белгіленді.
Алқалы жиынға аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, еңбек ардагерлері, өнеркәсіп пен аграрлық сала кәсіпорындарының жетекшілері ,құқық қорғау, мәдениет, денсаулық пен білім беру салаларының қызметкерлері, түрлі партиялар мен қоғамдық және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер» туралы облыс әкім М. К. Мырзалин баянама жасады. (Облыс әкімінің баяндамасы газетімізде толық жарияланып отыр). Баяндама бойынша жарыссөзде «Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы Жабал Ерғалиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Ақмола филиалының директоры Виталий Чеусов, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Дана Ысқақова, Зеренді ауданының әкімі Мереке Мұстафин, «Аймақтық астық холдингі» ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Ербол Тәшенов және «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының басшысы Аян Хафиз сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

Құрметті облыс активіне қатысушылар!
Бесінші қазанда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялады.
Елбасының биылғы Жолдауы халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған. Бұл шын мәнінде еліміздің әрбір азаматының, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған қамқорлық.
Осы аса маңызды міндетті жүзеге асыру үшін 6 негізгі бағыттан тұратын кешенді шаралар топтамасы айқындалған:
– тұрғындардың табысының өсуі;
– тұрмыс жағдайының жақсаруы;
– өмір сүру ортасының жайлылығы;
–азаматтардың сұранысын қанағаттандыратын мемлекеттік аппарат құру;
– оңтайлы сыртқы саясат;
– еліміздегі қайта құруларға әрбір азаматтың белсене қатысуы.
Адамдардың әл-ауқатының жақсаруы ең алдымен, табысы мен өмір сүру сапасының жақсаруына тікелей байланысты болмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы көлемі 1,5 есеге артатын болады.
Біздің облысымызда бұл бюджет мекемелерінде істейтін 58 мың адамға қатысты болып отыр (еңбекпен айналысатын адамдардың 15 пайызы). Олар мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет саласының қызметкерлері және басқа категориядағы қызметкерлер. Олардың жалақылары орта есеппен 35 пайызға (77 мың теңгеден 104 мың теңгеге дейін) өсетін болады.
Президент барлық меншік формасындағы кәсіпорын басшыларынан төменгі деңгейдегі жалақыны көтеруді қолдауды сұрады.
Бұл бағытта біз өткен жылдан бері үзбей жұмыс жасап келеміз және соның нәтижесінде орташа жалақы деңгейі жөнінде республика бойынша көрсеткішіміз жақсара түсті (12 орында).
Бізде резервтер бар. Өңірлерге жұмыс сапарлары барысында заңдарымызда көрсетілген деңгейдегіден төмен жалақы беріп отырған кәсіпорындар барлығы анықталды. Осыған орай, тиісті мемлекеттік органдар бұл мәселеге назар аударулары қажет.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, еліміздің дамуының негізгі тұтқасы шағын және орта бизнес болып табылады. Олардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мақсатында жыл сайын мемлекет тарапынан қаржылай көмек көсретіліп тұрады.
Біздің облысымызда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында 16,5 миллиард теңге қаржы бөлінді, 600-ден астам жоба қаржыландырылды, инфрақұрылымдарды құруға 12 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Кәсіпкерлердің, оның ішінде біздің облысымыздың кәсіпкерлері де бар, ұсынысына сай, Мемлекет басшысының нұсқауымен өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген бұл бағдарлама тағы да 5 жылға, 2025 жылға дейін ұзартылатын болды. Оны жүзеге асыру үшін қосымша 30 миллиард теңге қаржы бөлінбекші.
Аудан және қала әкімдері бірлесе отырып, мынаны жүзеге асырсын:
– кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы басқармалары бірлесе отырып, мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктерін пайдаланып, аймақтық жалпы өнімдегі кәсіпкерлік сектордың алатын үлес әлеуетін арттыруы қажет;
– мемлекеттік кіріс департаменті көлеңкелі бизнестің үлесін азайту бағытындағы жүзеге асырылып жатқан шаралар шеңберінде салық пен жалақы төлемдерінің толықтығын қамтамасыз ететін болсын.
Индустрияландыру экономиканы әртараптандырудың негізі болып қала береді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырудың маңызы зор.
Индустриаландыру бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру өңірімізді өнеркәсіпті-аграрлы аймаққа айналдырды. Қазіргі күні өнеркәсіп саласының жалпы өнімдегі үлесі 25 пайызға өсті, ал ауыл шаруашылығы саласының өсім деңгейі 15 пайыз.
Бізге аймағымыздың экспорттық әлеуетін көтеру қажет. Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласының экспортқа бағдарлануы экономикалық саясаттың негізгі тұтқасы деп атап көрсетті.
Қазір облысымызда Индустрияландыру картасына енгізілген 81 жоба бар, олардың 26-сы экспортқа бағдарланған, яғни, барлық кәсіпорындардың үштен бірі және олардың бәрі өңдеуші саланың кәсіпорындары.
Олардың арасында «Капитал Прожект» (құс еті), «Үш бұлақ», «Қазгерқұс» (құс жұмыртқасы), «Астанаагропродукт» (шұжық), «Көкшетауминералды сулары», «Көкше Цемент» және басқалары бар.
Елбасының тапсырмасымен өнеркәсіпті өңдеу және шикізаттық емес
секторды қолдауға алдағы 3 жылдың ішінде 500 миллиард теңге бағытталады.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасы аудан және қала әкімдерімен бірлесіп, «қарапайым заттар экономикасы» атты экспорт және ішкі нарыққа бағытталған бәсекелестікке сай кәсіпорындар құру үшін инвестиция тарту бойынша жұмыстарды ширату қажет.
Жолдауда инновациялық және сервистік сектордың дамуына көңіл бөлінген. Олардың қатарында «болашақтың экономикасы», баламалы энергетика, биомедицина, блокчейн және өзге де бағыттар бар. Бұл бағыттарды дамыту үшін бізде ғылыми әлует жетеді.
Степногорск қаласында Ұлттық биотехнология орталығының филиалы және «BIOTRON Group» ЖШС жұмыс істейді, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті базасында өңірлік ғылыми-зерттеу технопаркі құрылды, өткен жылы Целиноград ауданында Big-Data орталық ашылды.
Ерейментау, Аршалы және Целиноград аудандарында баламалы энергия дамуда.
Жолдаудың басты бағыттарының бірі агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін пайдалану болып табылады.
Биылғы жылы біз жұмыс істеп жатқан және қайтадан ашылған ірі мал бордақылау алаңдарында мал шаруашылығы саласында зәкірлі кооперацияны енгізуді қолға алу жұмыстарын бастадық.
2023 жылы зәкірлі шаруашылықтар айналасында 700-ден астам ет фермасы (16 мың бас), сүтті мал шаруашылығында 7 мың бас ірі қараға арналған 5 ірі сүтті-тауарлы ферма құрылады. Шетелдік инвес-торларды тарту арқылы Ақкөл ауданында 2 жыл тұралап қалған «Эко Милк» сүт зауытының мәселесі шешілу үстінде.
Жобаны жүзеге асыру бес жылдың ішінде ет және сүт өндірісін 2 есеге ұлғайтуға, өңдеу қуатын 90 пайызға дейін және одан жоғары арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл нәтиже ет өнімділігі мен өңделген өнімді экспорттау көрсеткішін 2,5 есеге ұлғайту бойынша тапсырманы орындауды қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы басқармасына, аудан әкімдеріне тапсырамын:
– «ақылды» технологияны енгізу арқылы жоспарланған жобаны сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
– мамандандырылуды ескере отырып, мал шаруашылығының өзге салаларын, сондай-ақ, мал азығын өндіру және жайылымдық мал шаруашылығын дамыту бойынша шараларды анықтау.
Мал шаруашылығын дамыту үшін осы күні 16 пайызы тиімді пайланып отырған жайылымдарды айналымға енгізу, мал азығы өндіруді дамыту резервтер болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында көшпелі және ішкі туризмді дамыту туралы тапсырма берді.
Бұл бағытта жұмыстар инфрақұрылымды дамыту (жолдар, инженерлік желі, туристік нысандар), туристік шаралар шеңберінде жүзеге асырылуда.
Көкшетауда бизнеспен бірлесіп, қызмет көрсету саласында білікті мамандарды даярлау бойынша туризм және сервис академиясы ашылды.
Туризм басқармасына қазірден бастап, курортты аймақта жыл бойы жүктемені қамтамасыз ету үшін «Four seasons» тұжырымдамасы шеңберінде 2019 жылға арналған шаралардың жоспарын әзірлеу қажет.
Мемлекет басшысы қысқа мерзім ішінде Қазақстанда туризмді дамытудың салалық бағдарламасын қабылдау туралы тапсырма берді. Аталған бағдарламаға біздің тараптан да ұсыныс енгізілді.
Өмір сапасының стандарты адам капиталын дамытудың тиімді құралы болуы тиіс.
Елбасы атап өткендей білім беру саласында 4К моделіне басымдық беріледі: креативтілікті дамыту, сыни тұрғыдан ойлау, коммуникабельділік және командада жұмыс істеу.
Қазіргі кезде мектепке дейінгі білім беру саласында жаңартылған мазмұндағы типтік бағдарлама енгізілді, мектеп жасына дейінгі балалардың икемділігі мен дағдысын дамыту үшін индикаторлар жүйесі әзірленді.
Орта білім беру саласында барлық мемлекеттік мектептер үшін Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесі мен әдістемесі бірыңғай стандарты болады.
Білім басқармасына тапсырамын:
– облыс әкімдігімен жасалған меморандум шеңберінде жалпы білім беру мектептерінде Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту әдістемесін енгізу бойынша жұмыстарды ширату;
– сұранысы жоғары мамандықтар таңдау бойынша оқушылармен бағыт-бағдар беруде мақсатты жұмыстар жүргізу.
Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру шеңберінде жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруда гранттар саны артты. Президент айтқандай, жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттыратын уақыт келді. Жоғары оқу орындарының білім сапасын анықтайтын тетік ол түлектердің оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуы болып табылды.
Біздің жоғары оқу орындарымыздың басшылары оқытудың сапасын арттыру мәселесін қарастыруы керек. Айталық, көпбейінді ЖОО-лар арасындағы ұлттық рейтингте Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті 19 оқу орнының ішінде 16-шы орынды алатыны ойлантуы тиіс. 849 республикалық грант бөлінді (2017 жылы – 606 грант), бұл 40 пайызға артық. Мұның ішінде техникалық мамандықтар бойынша 2,3 есе өсті (489 грант).
Президент білім берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруға тапсырма берді. Бұл үш ауысымдық білім беру мен апатты жағдайдағы мектептер проблемасын шешуді көздейді. Аталған қадам біздің облыстағы орын алған жағдайларды жақсартуға да мүмкіндік береді.
Бұл жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Үстіміздегі жылы Бұланды ауданындағы Алтынды мектебіндегі апатты жағдайды жою үшін қайта құру жұмыстары атқарылды. Үш ауысымдық мектептер қатарын азайту мақсатында Көкшетау қаласындағы 18-ші мектепте қосымша оқу корпусы пайдалануға берілсе, Бурабай және Целинорад аудандарында 3 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ, жаңа 7 мектептің (Көкшетау қаласында – 3, Целиноград ауданында – 4 мектеп) жобалау құжаттары түзілу үстінде.
Облыс әкімінің осы мәселеге жауапты орынбасары, Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданының әкімдері, білім басқармасы бұл істің жедел шешімін тауып, мектептер құрылысын республикалық бюджеттің үш жылдық жобасына енгізу ісін белсенді жүргізуді тапсырамын (2019-2021 жылдар).
Тұрғындарға әлеуметтік қолайлылық жасаудың маңызды буынының бірі медициналық қызметтің сапасын көтеру болып табылады.
Биылғы 6 айдың қорытындысында «Денсаулық» бағдарламасының 30 индикатордың 5-уі орындалмады (2017 жылдың сәйкес мерзімінде 12 индикатор орындалмаған).
Облыста тұрғындарды жедел медициналық көмекпен қамту 12 пайызды ғана құрады.
Денсаулық сақтау басқармасы:
– алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен жедел жәрдемнің қолжетімділігін, әсіресе ауыл тұрғындарының, арттыру шараларын;
– ана мен баланы қорғау бойынша алдын алу жұмыстарын күшейтіп, акушер-дәрігерлермен қамту жөнінде ұсыныс түсіру (38 бірлік жетіспейді).
Президенттің тапсырмасы бойынша, қызметкерлердің бастапқы буынын ынталандыру мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтар сияқты жұмыстың жаңа формасына көшкен учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысы кезең-кезеңімен 20 пайызға көтеріледі.
Жолдауда бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігі басым бағыттардың біріне жатқызылды.
Бұл бағытта облыста инфрақұрылым көңілдегідей дамуда. Биылғы жылдың өзінде спорт құрылғыларының санын 54 данаға көбейттік (жалпы саны 2355 дана).
Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері облыстың 6 өңірінде қызмет етуде (Ақкөл, Атбасар, Зеренді, Жарқайың, Сандықтау және Шортанды аудандарында), 3 нысанның құрылысы жүргізілуде (Астрахан, Ерейментау және Бұланды аудандарында).
Облыс әкімінің осы мәселеге жауапты орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы және Бурабай ауданының әкімі Бурабай ауданындағы спорт сарайының құрылысына қатысты жобалау-сметалық құжаттарды дайындауды жылдамдатуы қажет.
Тұрғындардың қолжетімділігін арттыру мақсатында 1990 жылдан бері жеке кісінің меншігінде болған жеңіл атлетика манежі мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Дене шынықтыру және спорт, білім басқармаларына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне қолданыстағы барлық спорт құрылымдарының, оның ішінде мектептер жанындағы нысандардың тиімді пайдалануын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Саламатты өмір салтын қалыптастыруға бизнес құрылымдар белсене араласуы қажет және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында заманалық спорт алаңдарын ашып, тұрғындарды молынан тартуға ықпалдасуы керек.
Сандықтау, Жақсы аудандары мен Степногорск қаласында, тағы басқа өңірлерде мұндай мысалдар көңіл өсіреді (Егіндікөл ауданында бизнестің қатысуы мүлдем жоқ).
Жолдауда барлық деңгейдегі жастарды қолдаудың жаңа міндеттері мен кешенді шаралары айқындалды.
Келесі жыл «Жастар жылы» болып белгіленді. Біз орын алған көптеген проблемаларды шешудің кешенді шараларын белгілеуіміз керек. Бұлар жастарды жұмысқа орналастыру және бос уақытын ұтымды ұйымдастыру, сапалы білімге қол жетімділігін қамтамасыз ету, біліктілігін арттырып, өзін көрсете білуі болып табылады.
Өз кезегінде жастар саясаты басқармасы жастарды еліміздің қоғамдық өміріне белсене қатысуына бағытталған жұмыстарды мақсатты түрде жүргізуі керек. Жолдауда тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасы маңызды басымдықтар қатарына жатқызылды.
«Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алды.
Биылғы жылы 14 арендалық үй пайдалануға беріледі. Бұл 3 есе өсімді білдіреді. Сондай-ақ, несие түріндегі 4 үй қатарға қосылып, былтырғы көрсеткіштен екі есе асып түспек.
Жеке тұрғын үй мақсатындағы 2,5 мың жер теліміне инженерлік коммуникациялар тартылады (2018 жылы бұл орайда 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді).
Ипотекалық несиелеудің жаңа «7-20-25» бағдарламасының арқасында тұрғын үй алудың қосымша мүмкіндіктері пайда болды.
Бүгінгі күні 121 өтініш бойынша 1 миллиард теңгеден астам несие қаржысы берілді (республика бойынша 5 орын).
2019 жылы еліміздің Тәуелсіздік жылдарында алғашқы 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды есепке ала отырып, құрылыс басқармасы тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық өсімін 8 пайызға арттыруды қамтамасыз етуі тиіс.
Облыс әкімінің осы мәселеге жауапты орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы «7-20-25» бағдарламасы арқылы тұрғын үй алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында тұрғын үй сертификаттарын іске қосу жөнінде ұсыныс енгізсін.
Жолдауда аймақтық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген.
Мемлекет басшысының жергілікті маңызы бар жолдарды қаржыландыруды арттыру бойынша тапсырмасы аясында биыл 426 шақырым жол жөндеумен қамтылды, бұл өткен жылдан 2 есе көп. Целиноград ауданы үшін айтарлықтай қаржы бөлінді (4 миллиард теңге немесе 12,7 миллиард теңгенің 31 пайызы). Келесі жылы да жергілікті жол желісін дамыту бо-йынша перспективалар жаман емес. Барлығы 460 шақырымды жөндеу жоспарлануда (12,4 миллиард теңге).
Сонымен қатар, қазіргі уақытта қала маңы бо-йынша кешенді жоспарды өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде, онда тек Целиноград ауданы бойынша келесі жылы қосымша 200 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарлануда.
Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы, өңірлердегі барлық әкімдерге бірінші кезекте әлеуметтік маңызы басым жобаларға жобалық-сметалық құжаттарды сапалы әрі уақытылы дайындауға жағдай туғызу керек.
Халықтың денсаулығы – тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге тікелей байланысты.
Қазіргі таңда ауылдық жерлерді орталықтандырылған сумен қамту 59 пайызды құрайды. 22 елді мекенде әлі де тасымалданатын суды пайдаланады. Бұл проблемаларды түбегейлі және бірінші кезекте шешу керек, бірақ, бүгінгі күні ЖСҚ жоқ.
Облыс әкімінің осы мәселелерге жетекшілік ететін орынбасарына, құрылыс басқармасына, аудан әкімдеріне экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесе отырып, бір апта мерзімде жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу үшін елді мекендердің даму перспективаларына талдау жасауды тапсырамын.
Құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысы ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасын әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.
Құқық бұзушылықтың алдын алу бағыттарының бірі қоғамдық қауіпсіздік мониторингі жүйесін дамыту арқылы олардың алдын алу болып табылады.
Бейнебақылау жүйелерін, оның ішінде МЖӘ есебінен одан әрі дамытуды қамтамасыз ету қажет, бұл қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі бұзушылықтарының кез келген көріністеріне барынша оперативті әрекет етуге мүмкіндік береді.
Ел Президенті биылғы Жолдауында негізгі басымдықтарының бірі ретінде мемлекеттік аппараттың жұмысын азаматтардың қажеттілігіне бағытталу қажеттігін айқындап атап көрсетті.
Жыл басынан бері электрондық түрде 2 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл 82 пайызды құрайды. Осы көрсеткіш бойынша біз республика бойынша бірінші орында тұрмыз.
2020 жылға қарай электрондық мемлекеттік қызметтерді 90 пайызға және одан да көп пайызға жеткізу міндеті қойылып отыр.
Жаңа уақыт жағдайында мемлекеттік аппарат тікелей тиімділікті арттыруды талап ететіні айтылды. Сапа әрбір мемлекеттік қызметкер өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру басты қағидаты болуы керек.
Келесі мақсат – бұл мемлекет пен қоғам арасындағы қашықтықты қысқарту, кері байланыс пен адамдарға мемлекеттік саясатты түсіндіру. Үстіміздегі жылы 4 мемлекеттік органда факторлық-балдық шәкіл негізінде мемлекеттік қызметкерлер еңбекақысының жаңа жүйесі енгізілгені белгілі. Басты мақсат – кәсіби мемлекеттік аппарат құрып, функционалдық міндеттерді басқармалар мен қызметкерлер арасында тең бөлу.
Бүгінгі таңда басқарушы құрамның атқарушымен арақатынасы екеуге біреуден келеді. Яғни, екі маманға бір басшы. Басқармаларда (20 басқармада) екі адамнан немесе бір адамнан тұратын бөлімдер бар. Біздің алдымызда арақатынас құрылымын жеті маманға бір басшы қою міндеті тұр. Бұл жұмысты өткен жылы бастап, облыс әкімдігі аппаратында екі бөлімді қысқарттық. Оңтайландыру жұмысы мемлекеттік колледждерде жүргізілді (4 колледж қысқартылды). Бұл 80 миллион теңгенің бюджеттік шығынын қысқартуға мүмкіндік берді (қысқарту АУП есебінен). Барлық облыстық басқармалардың басшыларына, қала мен аудандардың әкімдеріне мемлекеттік аппаратты оңтайландыру, қолданыстағы құрылымды және ішкі резервтерді өзгерту бойынша нақты ұсыныстарды облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бір аптаның ішінде ұсынуды тапсырамын. Бұл облыстың жаңа еңбек төлемі жүйесіне қашан көшетінімен тікелей байланысты.
Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының басымдық бағыты және бұл кезеңде оны жүзеге асырудың жолы белгіленген.
Бүгінгі таңда біздің алдымызда Жолдаудың жағдайын облыстың әрбір тұрғынына дейін жеткізу, оның негізгі бағытын түсіндіріп, барлық міндеттерді нақты орындауды қамтамасыз ету міндеті тұр.
Облыстық ішкі саясат басқармасына тапсырамын:
– Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру және ақпараттық-насихаттық сүйемелдеу бо-йынша шаралар жоспарын, облыстың өңірлерінде ақпараттық-насихаттық топ құрамы мен шығу кестесін жасау;
– Жолдау басымдықтарын тұрғындардың қолдау деңгейінің және қоғамдық қабылдаудың социологикалық диагностикасын ұйымдастыру.
Облыс әкімінің аппараты «Нұр Отан» партиясын, қоғамдық кеңестерді тартып, Президент Жолдауын жүзеге асыру барысына тұрақты бақылау жүргізеді. Алға қойған міндеттер біріккен күшпен орындалатынына сенімдіміз. Бізден барлық бағыттар бойынша бірлескен және жалғаспалы жұмыстар талап етіледі. Әрбір Қазақстан азаматының міндеті – еліміздің дамуы мен тұрмыс сапасының артуы үшін қызмет етіп, өз үлесін қосу.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар