Кербез Көкшенің керімсал перзенті

Бар ғұмырын сөз өнеріне, сұлу сазға арнаған Кәрім аға Ілиясов жайлы бір үзік сыр

Мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген жер жәннаты Бурабайдың биігінен әсем ән еседі. Зәу биікке құлдилай көтеріліп Оқжетпестің алқымынан лүп еткен Сарыарқаның самал желіндей ескен сұлу ән ақторғын бұлттармен астасып биіктеп барады. Енді бірде ақ бас толқындары бірін-бірі қуып ойнаған Айнакөлдің жарқын жүзін жалай өтіп, ашық аспан астындағы қазақтың бар даласына тарап бара жатқандай. Елді сүйген, жерді сүйген ғашық жүректің ынтызар пейілінен, мерейлі мерейінен құйылған ән. Естіген жанның алпыс екі тамырын елжіретіп, тұла бойын қорғасындай балқытатын сәулелі, шуақты ән. Көкшетау – Сарыарқаның раушан гүлі. Жалпақ даланың бетіндегі ғайыптан тайып түсіп қалған бір шөкім жақұттай жарқыраған киелі Көкшенің бар болмысын, сәулеті мен дәулетін, ажары мен салтанатын толайым қамтыған мазмұны қандай десеңізші!

Бар ғұмырын сөз өнеріне, сұлу сазға арнаған Кәрім аға Ілиясовтың әні бұл! Жан дүниесі таңғы шықтай мөлдіреген сұлу болғандықтан ба екен, ағаның бар шығармашылығы судай тұнық, он бесінде толған айдай ажарлы.
Балалық шағын, сұлу Сырымбеттің баурайында өткен жалындаған жастық шағын еске алғанда сәл қоңырқай, ажарлы жүзіне күн сәулесі қонақтап, жан дүниесі әлдебір жақсы сезімдермен нәрестенің нәркес дидарындай уылжып балбырайтұғын. Өз сөзімен айтқанда, аруақ қонып, нар шөккен, жақсылар ұшқан жасыл таудың етегінен Алаштың аспанына көтеріліп, ақиқат тұлғалар жайлы тебірене баяндағанда көне тарихтың көмбесі іспетті. Өткенін ғана емес, бүгінгінің де биіктігін беріле айтар еді. Жалғыз ғұмырбаяны ғана емес, халқына сіңірген еңбегін, жалпақ жұртқа жасаған жақсылығын. Ән мұрасын, өнер сабақтастығын. Өлкенің өңін кіргізетін рухани байлығын. Сан ғасыр бойы сабақтасып келе жатқан серінің сертке таққан семсеріндей баға жеткізгісіз мол мұраны өзі де зерек көкірегіне қыздар тіккен кестедей қаттап жинап кейінгі ұрпаққа жеткізген.
Сонау 1930-ыншы жылдардың басында Кәрекеңнің әкесі Есмағұл Біржан салдың баласы Теміртаспен көрші болған. Жақсы көрші араласпай ма?! Бірін-бірі етене жақын танымай ма? Тұлпардан қалған тұяқ Теміртас аға киіктің асығындай кішкентай баланың домбыраға ауған ықыласын байқайды. Сол кезде кейін атағы алты Алашқа кеткен Кәрім ағаның, анығында керім баланың тұла бойындағы тылсым қуатты, өміршең өнерді жаза баспай аңғарған Теміртас аға «осы кішкентай Көбегенім әнші болсын» деп, ақ батасын берсе керек. Өлең ұшқан, ән қонған аруақты өңірдің мейманасын тасытқан асылдың сынығының аузынан шыққан ақ бата шынымен өнерге ғашық, өлеңге ғашық жеткіншекті бар ғұмыр бойы қос қолтығынан көтеріп, періштедей жебеген болар. Жақсылардың назары түсіп пейілі құлаған сәт жалғыз осы емес. Алматы қаласында С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезінде замананың заңғар жазушысы, ұлы Мұхтар Әуезовтан дәріс алған.
– Мұқаң менің әнші екенімді білгеннен кейін жанына жақын тартып, ән тыңдаушы еді, сүйіп тыңдайтын, беріліп тыңдайтын, – деп еске алушы еді Кәрім ағаның өзі, – ән тарихын, Арқаның ән әлеміндегі талайлы тағдыр иелері туралы көп мәліметтерді білгісі келетін. Мені «қоңыр қозым» деп еркелетуші еді.
Университетті бітірген соң әуел баста көңілі қалаған жұмысына жол ашылған. Республикалық комсомол комитетінің арнайы жолдамасымен «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналасты. Бұл кез Н.Хрущевтің солтүстік өңірдегі бірнеше облыстарды қабатынан жауып, қылышынан қан тамып тұрған шағы болатын. Кешегі Кеңес үкіметінің жергілікті жұрттың тілін, ділін, әдебиеті мен мәдениетін темір тормен тұмшалап тастаған уақыты. Жасанған жауға жалаң қылышпен шабатын заман емес. Ел келешегін, ұлт болашағын ойлаған жас журналист Кәрім Ілиясов көп көкіректе сөніп бара жатқан намыс отын өз өнерімен өртше үрлеп, дархан дарынымен қызмет етті. Журналистің жол сапары аз емес қой. Ел ішіне шыққанда домбырасын ала шығатын. Сол кезде сирек айтылатын Біржан сал мен Ақан серінің, Үкілі Ыбырай мен Жарылғапбердінің, арыдағы Сегіз сері мен Нияз серінің уақыттың тозаңымен тұмшаланған асыл мұрасын аршып алып, Алашына ұсынды. Ілкідегі мол мұраның жұртқа жеткен жұқанасын жинады. Бір кезде ұстаздық қызмет те атқарды. Қазағы қоғадай қалың Қорғалжыннан басталған мұғалімдік қызметі өзінің туған өлкесі Сырымбет баурайында жалғасты.
Бірақ, табиғат сыйлаған айрықша дарын өзіне тартпай тұрмайды екен. 1966-ыншы жылы жүрдек қаламын қолына қайта ұстаған. Кәрекеңнің нәшіне келтіріп, құйқылжыта оқитын әңгімеге бергісіз көркем очерктерін, өнер адамдары туралы проблемалық мақалаларын облыс жұртшылығы сол кездегі облыстық радио желісінен құмарта тыңдайтын. Қызғылықты хабарлар, өнер тарихы, өнер иелерінің өзге жанға ұқсамайтын өмірі, олар жайлы тағылымды деректер журналистің жылдар бойы жинаған жылнамасы. Айтпақшы, осы сүйікті ісін 1989-1996 жылдары біздің Әдебиет және өнер музейінде қызмет істеген жылдары жалғастырды. Жасы егде тартса да, сүйегі жеңіл, халық қазынасына деген ықыласы кемел Кәрім аға шалғайдағы шағын ауылдарды, мың жылда бір туатын ұлы тұлғалардың табан ізі қалған өңірлерді аралау-
дан, жәдігер іздеуден бір жалыққан емес. Құнды бір дүние тапса құтты бір баладай қуанатын. Аялап ұстап, көкірегіне басып шаттанар еді. Сол сәтте кейін ұрпаққа қызмет ететін әлгі жәдігерді музей ішінде орналастырып, тарихын зерделеп, зерттейтін. Осы жылдар ішінде төл тарихымызға, оның ішінде өнеріміз бен мәдениетімізге тікелей қатысы бар жүздеген жәдігерлер Кәрім ағаның қолымен жиналды. Жоқ, қолымен емес, ұлтын сүйген, ұлт мұрасына деген махаббатымен.
Бір мақаланың аясында бар ғұмырын ұлт өнеріне арнаған тұла бойындағы тамаша талантын осы бағытта сарп еткен асыл ағаның ажарлы бейнесін, бар болмысын, кісілік келбетін, артында қалған баға жеткізгісіз барша рухани мұрасын сабақтап шығу тіпті де мүмкін емес. Бір кезде асылдарымыздан қалған титімдей дүниенің өзін таудай олжа көріп шөкімдеп жинаған Кәрім ағаның өз еңбегі де бүгінде жаныңа шуақ нұрын құятын, есіңе түскенде ет жүрегіңді елжірететін қымбат жәдігерге айналып отыр.
Бар ғұмырында бауырына басқан домбырасын айнымас асыл серігі еткен әнші-сазгер, жампоз журналист, сөз өнерінің сүлейі Кәрім ағаның артында ән сүйетін елі барында, сөз сүйетін жұрты барында мәңгі өлмес мұрасы қалды. Ол – елуге тарта әсем әндері, он шақты күйлері. Сөйтіп, талассыз тамаша дарын иесінің екінші ғұмыры басталды. Бұл ғұмыр – мәңгі өлмес ғұмыр!
Киелі сахнаның көркін келтіретін, тамағына бозторғай ұялаған самал үнді сал аға еске түскенде арқалана аруақтанып, бір орнында байыз тауып тұра алмай, сұлу сезімге берілген Кәрім аға өзі айрықша ардақтайтын ән Меккесінің пайғамбарларының әнін салып тұрғандай болып елестер еді. Үні де бөлек еді ғой. Ал, шынайы шеберліктің шыңына шыққан таланттың тағылымы ше?! Кәрекең ән салғанда беріліп айтатын. Өзі ғана емес, үнін тыңдаған тәмам жұрт та жұмбақ әлемнің жеп-жеңіл шымылдығын жамылып, бұл дүниенің дүбірлі тынысын ұмытқандай күй кешуші еді. Ән құдіреті деген осы екен ғой, шіркін!
Үстіміздегі жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанып жатыр. Қарбалас қарекеттің салдарынан санамыздан өшпесе де, жадымыздан жоғалып бара жатқан кей тұсымызға жан бітіріп, қайта табысып жатырмыз. Олар еш уақытта ұмытылмайтын асылдар. Соның бірі – ел білетін, біз білетін Кәрім аға Ілиясов.

Нұрбек НҰРАЛЫ,
Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры.

P.S. 2018 жылдың 12 қазаны, жұма күні сағат 11.00-де белгілі журналист, әнші-сазгер Кәрім Ілиясов тұрған Көкшетау қаласының Е.Әуелбеков көшесіндегі 151 үйде өнер майталманына ескерткіш тақта ашылады. Жерлес өнерпаздың есімін құрметтеушілердің осы салтанатты шараға келіп қатысуларына болады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар