Әр үйдің сәні газет-журнал болса екен!

9 қазан – Дүниежүзілік пошта күніне орай, облыс орталығында жылдағы дәстүр бойынша баспасөзге жазылушылар күні болып өтті.

«Қазпошта» ғимаратына кіріп бара жатып, осы қаладағы белгілі азаматтардың бірі Ғалы Омаровпен жолығып қалдық.
–Міне, «Арқа ажары» газетіне жазылып кетіп барамын,–деп түбіртегін көрсеткенде, жолы болатын адамдай біртүрлі қуанып қалғанымыз анық. Биылғы баспасөзге жазылушылар күні тәуелсіз Қазақстанның пошта қызметінің құрылғанына 25 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Өткен ширек ғасыр бұл салада да әртүрлі оқиғалармен, жемісті жетістіктермен есте қалды. Қызмет аясын кеңейтуден бастап инновациялық жобаларға дейінгі игі жолды «Қазпошта» акционерлік қоғамы да лайықты жүріп өткен жайы бар. Келбеті адам танымастай өзгерген ғимараттың ішіне қарап, мұнда да электрондық коммерция мен цифрландыру қызметінің берік орныққанын аңғарасыз.
Баспасөзге жазылушылар күніне келген қауым алдымен, «Қазпошта» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Мұрат Қазыбековке мерейлі мерекелеріне орай, жүрекжарды лебіздерін арнады. Осы орайда, бірінші болып сөз алған Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова пошта қызметінің қоғамымызда бүгінгі таңда алатын айшықты орнына тоқтала келіп, жылдағы жинақылықпен биыл да сала қызметкерлерінің мерзімдік баспасөзге жазылу науқанын тиісті деңгейде өткізетіндеріне сенім білдірді.
Өткен 25 жыл ішінде жергілікті пошта қызметінде пошта байланысшыларының бір-екі ұрпағы ауысып үлгергені де ақиқат. Қазір мұнда негізінен жандары жаңаға үйірсек жастар жұмыс істейді. Ал, бір кезде Қуанышбек Рымжанов сияқты майталман басшылар басқарған ұжым бүгінгі биік белестерді өміршең етуде, соған жол салуда аз тер төкпегені елге аян. Сол кезеңді еске алып, өткен күндер несібесімен бөліскен бұрынғы басшылардың бірі, еңбек ардагері Анатолий Воронин өзі еңбек еткен құтты орданың бүгінгі аяқ алысына риза екендігін тебірене жеткізді.
Бұл кезде пошта қызметкерлері оқырмандарға өздері жеткізетін газет-журналдарды да сөрелерге әдемілеп жайғастырып, келіп жатқан көпшіліктің олармен жіті танысуына, келесі жылға жаздырып алуына өздерінен талап етілетін жағдайдың бәрін жасап жатты. Осы көрініспен ұштасқан мерекелі сәтте сөз сабақтаған бір топ баспасөз өкілдері: Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, «Акмолинская правда» газеті бас редакторының орынбасары Раушан Өтеулина, қалалық «Көкшетау», «Степной маяк» газеттерінің бас редакторлары Серік Жетпісқалиев және Қарлыға Мұқатаева, тағы басқалары өз басылымдарының бүгінгі тыныс-тіршілігінен мәнді әңгіме өрбітіп, оқырмандарды 2018 жылға баспасөзге жазылу науқанына белсене үн қосуға шақырды. Әрине, бүгін мерекелі күн болған соң, олардың сөздерінде оқырмандармен арада үлкен дәнекерлікке сеп болып келе жатқан «Қазпошта» қызметкерлеріне игі тілектер мен шынайы алғыс сезімі басты орын алды.
Ұжым мүшелерін осы жолы серіктес банктер өкілдері де құттықтай келіпті. Солардың ішінде «Банк Хоум Кредит» акционерлік қоғамы Ақмола филиалынан Естай Исенов және «Альфа банктен» Айдын Қайдаровтың пошта байланысы қызметкерлерінің атына білдірген жылы лебіздері мен сый-сияпаттары да мерейлі ортаны жақсы бір көңіл хошына бөлей түскені анық.
Сонымен биылғы баспасөзге жазылушылар күнінде де газет жанашырларына біраз сөз арналды. Ол сөз әр жүрекке жетіп, күннен-күнге мазмұны жаңарып, өңі жасарып келе жатқан газетіміздің қолдаушылары көп болады деген сенімдеміз. Шара соңында оған қатысқан құрметті қонақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Қазпошта» акционерлік қоғамының 25 жылдығы құрметіне пош-
та ғимараты жанына 25 түп шырша көшетін отырғызды.
Қ.КӘКЕНОВ.
Суреттерде: шарадан көріністер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар