«Мақсатымыз – мемлекеттік қызметтің сапасы мен жеделдігін және қолжетімділігін арттыру»

Арман Бердалин,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы

Мемлекеттің абырой-беделі, оған деген халықтың сенімі – бәрі мемлекеттік қызметшілердің қызмет сапасына, өздерін адамдармен қарым-қатынаста дұрыс ұстауына байланысты болатыны белгілі. Мемлекеттік қызмет саласындағы қағазбастылық, бюрократтық, жемқорлық сияқты келеңсіздіктер өкінішке орай, жиі көрініс беріп, мұның өзі қарапайым жұртшылық тарапынан орынды реніш туғызып жатады. Мемлекет

басшысының тапсырмасына орай, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселесін шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мұрындық болып, ақпараттық мониторингтік топ құрылған болатын. Қоғамға белгілі азаматтардан құралған осы топтың жұмысы жайында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Арман Бердалин өз ой-пікірімен бөліседі.

–Арман Тілектесұлы, әңгімеңізді мониторингтік топтың қызмет бағыты және атқарып жатқан жұмыстары туралы айтудан бастасаңыз.
–Бұл мониторингтік топтың жетекшісі екі мәрте Мәжіліс депутаты болған Айгүл Соловьева, ал, оның құрамында бұрынғы вице-министр Мұрат Әбенов, экс-депутат Тәңірберген Бердіоңғаров, Қазақстан блогерлері қауымдастығының жетекшісі Ғалым Байтық, бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Төлеутай Рахымбеков сияқты ел-жұртқа танымал азаматтар бар. Қазақ «сырт көз сыншы» дейді ғой. Мемлекеттік қызметтің сапасы мен қазіргі жай-күйі қандай екендігін осы мониторингтік топ жан-жақты анықтап, жай анықтап қана қоймай, құзырлы органдардың назарына ұсынып, сол арқылы олқылықтарды жою шаралары қолданылады. Оның ішінде егер қажет болған жағдайда, заңға өзгерістер енгізу мәселесі де шешімін табады. Яғни, мониторингтік топ еліміздің мемлекеттік қызметінің жай-күйін жан-жақты талдап, олқылықтар мен кемшіліктерден арылтудың жолдары мен тәсілдері туралы өз ұсыныстарын құзырлы органдардың назарына ұсынады, ал олар өз кезегінде кемшіліктерді жоюдың шараларын жасайды.
Жыл басында мониторингтік топ еліміздің барлық өңірлерін бір рет аралап шыққан болатын. Сол сапарда анықталған көптеген олқылықтар мен кемшіліктер жайында құзырлы органдарды толық хабарландырды. Сол кемшіліктерді жоюға арналған нақты шаралар жүзеге асырылуда. Яғни, топтың жұмысы нәтижесіз емес. Таяуда мониторингтік топ еліміздің өңірлеріне екінші қайтара жұмыс сапарын бастады. Ондағы мақсат – әлі де назар аударатын олқы тұстарды анықтау және назардан тыс қалған шалғай аймақтарда болу. Алдымен, Қарағанды облысының Ұлытау сияқты бірқатар шалғай аудандарында болып қайттық.
Жалпы, біздің жұмысымызда алдын ала жергілікті атқарушы билік белгілеп қойған маршруттармен жүру деген жоқ. Біз қай өңірге барамыз, оны өзіміз таңдап, өзіміз шешеміз. Бұл сапарымыздың жұмысының нәтижелілігін арттыра түсетіні анық. Алдын ала да-
йындап, белгілеп қойған аймақтарды емес, ең алдымен, шалғай елді мекендерде болып, атқарылып жатқан жұмыс барысын жан-жақты тексереміз. Біздің міндетіміз, жоғарыда айтқандай олқылықтарды та-
уып, соған жол берген жауапты тұлғаларды жазалау емес, керісінше сол кемшіліктерді бірлесе жоюға күш жұмылдыру.
Қарағандыдан кейін енді Ақмола облысына ат басын бұрдық. Мұнда Степногорск қаласы, Біржан сал, Есіл, Жақсы аудандарында болсақ деген ойымыз бар. Есіл, Жақсы аудандары Елордадан келген басшылардың оншалықты ат ізін сала бермейтін шалғай аудандары ғой.
–Кемшіліктер мен олқылықтарды анықтап, оны құзырлы органдардың назарына ұсындыңыздар, ал, сол олқылықтардың жойылғандығын қалай бақылайсыздар?
–Жоғарыда айтып кеткенімдей, кемшіліктердің біразы заңдағы олқылықтардан туындап жатады. Сондықтан, ондай кемшіліктер Үкімет деңгейінде немесе заңға өзгерістер енгізу арқылы жойылуы керек. Мұндай жағдайда біз тиісті министрліктер мен ведомство басшыларымен кездесіп, орын алған олқылықтар жайында ескертеміз. Ал, олар өз кезегінде орын алған олқылықтарды жою шараларын қолданады. Дегенмен, кейбір олқылықтар жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілердің өздерінің міндеттеріне салдыр-салақ қарауынан немесе кәсіби біліктілігі мен білімінің жетіспеушілігінен туындап жатады. Ондайда әрине, жергілікті құзырлы органдар өз құзыреті шеңберінде заң негізінде шара қолдануы тиіс.
Біздің мониторингтік топ тек республикалық деңгейде емес, өңірлерде де жергілікті аймақтық топтар құрылып, жұмыс жасайды. Яғни, олар жергілікті жердегі анықталған олқылықтардың жойылған-жойылмағандығын бақылап, құзырлы органдардың назарына салып отырады.
–Көп жағдайда қарапайым азаматтардың мемлекетке деген сенімі мемлекеттік қызметшілердің қызмет көрсету сапасымен өлшеніп жататыны жасырын емес. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі қалай шешілуде?
–Елбасының тапсырмасына сай, біздің агенттіктің негізгі міндеті кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Яғни, кәсіби білімі мен біліктілігі жоғары мамандардан құрылған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Қазіргі күні елімізде 90 мыңдай мемлекеттік қызметші халыққа 746 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді екен. Агенттік басшылығы мемлекеттік қызметтің сапасына жете көңіл бөледі. Ең алдымен, мемлекеттік қызметші келген адамдармен сыпайы сөйлесу мәдениетін білуі тиіс. Әкесіндей адамға әкіреңдей сөйлеп, айқайлап келген адамға дөрекі жауап беріп жатса, бұл мемлекеттік қызмет беделін арттырмайды. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметшіден әдепті, сыпайы болып, келген адамдармен дұрыс сөйлесу мәдениетін сақтау талап етіледі.
Содан кейінгі тағы бір мәселе, мемлекеттік қызметшілердің тұрмыс жағдайын жақсартуға көңіл бөлу. «Адамды тұрмыс билейді» деген түсінік бар ғой. Елбасының биылғы Жолдауында да айтылып кетті, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру, оларға тұрмыстық жағдай жасау туралы. Қазіргі күні мемлекеттік қызметшілерге ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Қызметшілердің жалақысы соңғы кезде 2-2,5 еседей өсті. Жалақының өсуімен бірге, мемлекеттік қызметшіге қойылар талап та күшейе түсті. Әрбір маман жыл басында өз жұмыс жоспарын жасап, сол жоспарға сай жұмыс істейді. Жыл соңында мамандардың өз жоспарларын қаншалықты орындағанына мониторинг жасалады. Соған орай, мемлекеттік қызметшіге
4 айлықтан бастап 10 айлық деңгейіне дейін бонус беріледі. Өзіңіз ойлап қараңыз, жалақысы 120 мың теңге болса, маман өз жұмысын жақсы атқарғаны үшін жыл соңында бонус ретінде бірден он айлық мөлшерінде, яғни миллион теңгеден астам ақша алады. Бұл оның өзінің біраз тұрмыстық мәселелерін шешіп алуына жағдай жасайтыны даусыз.
Маңғыстау облысында тұратын бір танысым айтады, бұрын мұнайшылармен бірге банкоматтан ақша алуға ұялатын едік, өйткені, олармен салыстырғанда жалақымыздың деңгейі кісі аярлық дәрежеде болатын, қазір ұялмай ақша аламыз деп. Яғни, қазіргі мемлекеттік қызметшінің жалақы деңгейі кім-кімді де қанағаттандыратын дәрежеде деп айтуға болады. Содан болар, мемлекеттік қызметке деген адамдардың ынтасы артуда. Бұрын конкурста бір орынға екі-үш адамнан аспайтын болса, қазір 20-30 адамнан келеді.
– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы елімізде қолға алынғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Қызмет сапасын арттырудың бір жолы ретінде электрондық нұсқадағы қызмет көрсетуге көшуді айтуға болады. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз қалай?
–Жемқорлыққа жол бермеудің сенімді тәсілдерінің бірі – осы электрондық қызметке көшу екендігі белгілі. Электрондық қызмет жемқорлықты тияды және қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттырады. Қазіргі күні еліміздің мемлекеттік органдары көрсететін қызметтің 60 пайыздан астамы электрондық нұсқада көрсетіледі. Ал, «Азаматтық Үкімет» корпорациясымен бірлесе көрсететін қызметтердің 78 пайызы электрондық нұсқада.
Таяуда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында болдық. Аудан орталығынан 500 шақырымнан асатын қашықтықта жатқан шалғай ауылдар бар екен. Ал, онда тұратын азаматтар бір қағаз алу үшін бес жүз шақырым жол жүріп, аудан орталығына барып жатса, бұл адамдардың реніштерін туғызбай ма. Ендігі уақытта шалғай ауылда тұратындар қажет қағаздарын аудан, облыс орталығына бармай, үйінде отырып-ақ алуына мүмкіндік бар. Мұның өзі қарапайым жұртшылыққа өте қолайлы екендігі анық.
–Мемлекеттік органдар тарапынан халыққа қызмет көрсетудің жаңа оңтайлы тәсілдерін көптеп ұсынып жататынын білеміз. Десе де, көп адамдар содан бейхабар қалып жататыны жасырын емес. Адамдарды ақпараттандыру жағы қалай жүргізілуде?
–Иә, насихат жұмыстарының жетіспей жататыны рас. Соған жете көңіл бөлу қажет. Осы орайда, агенттігіміздің төрағасы бас болып, барынша ашық жұмыс істеуге баса назар аударамыз. Агенттік төрағасының әлеуметтік желілерде өз парақшасы бар. Оған кез-келген адам кіріп, пікірін жаза алады. Ол кісі кейде аппарат отырыстарында әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан түсетін сауалдарға назар аударып жатады. Сонымен бірге, бізде 14-24 жедел телефоны тәулік бойы жұмыс жасайды. Кез-келген адамның оған хабарласып, мемлекеттік қызмет тарапынан жол беріліп жатқан олқылықтар мен кемшіліктер болса, ашып айтуына мүмкіндігі бар.
–Мемлекеттік қызметшінің абыройын түсіретін бір жағымсыз нәрсе – жемқорлық екендігі бәрімізге белгілі. Агенттік тарапынан осы ғасыр кесапаты аталып жүрген қоғамдық кеселмен күрес жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы да айта кетсеңіз.
–Агенттік қызметінің ашықтығы, қоғаммен байланысының жоғарылығы жемқорлық заңсыздықтармен күреске де өзінің оң ықпалын тигізіп жатқандығын атап өтсем, артық болмас. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы жемқорлық қылмыстардың саны 10 пайызға азайған екен. Әзірге жемқорлықтың ең алдыңғы легінде құрылыс, білім беру, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы салалары тұр. Жемқорлық қылмыстар бойынша Қостанай мен Түркістан облыстары көш басынан көрінсе, Солтүстік Қазақстан облысы ең жемқорлығы аз аймақ саналады. Жыл басынан бері 813 адам жемқорлық қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 7,7 миллирд теңге қазынаға қайтарылыпты.
Халықаралық «Трансперент Интернейшнл» деген компанияның сараптамасына сай, біздің еліміз 2016 жылы жемқорлық көрсеткіші бойынша 131-ші орында болса, арада бір жыл өткенде 122 орынға түстік. Бұл нені білдіреді? 131-ші орын деген дабыл қағарлық, яғни, қызыл межеден асып кеткен қауіпті елдер санатында дегенді білдіреді екен. Ал, 122-ші орында асып тұрмағанымен, одан гөрі «шүкір» дейтін деңгейде. Ендігі міндет – бірер жылдың ішінде жемқорлығы төмен жүз елдің санатынан көріну. Шетелдік инвесторлар ақшаларын салғанда ең алдымен, жоғарыда аталғандай халықаралық сараптамашылардың жемқорлыққа қатысты сараптамасына назар аударады. Жемқорлық деңгейі неғұрлым төмен елдерге инвестиция салуға ынталы қалталылар көп болмақ.
Сондай-ақ, біздің агенттігіміз отандық инвесторлық жобаларға белсене қолдау білдіріп отырады. Қазіргі күні агенттік жалпы құны 5 триллион теңгенің 200-ден астам инвестициялық жобасына қолдау білдіріп отыр.
Жемқорлықпен күрескеннен гөрі, заңсыздықтың алдын алған тиімді болатыны кім-кімге де түсінікті жай. Осы орайда, агенттік мектептерде «Адал ұрпақ» жобасын жүзеге асыруда. Ондағы мақсат – жемқорлыққа төзбейтін адал ұрпақты қалыптастыру. Мұндай жоба жоғары оқу орындарында да қолға алынуда.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Қалкөз ЖҮСІП,
«Арқа ажарының» арнаулы тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар