«Ел менікі!» деп еңбек етейік

Елбасының биылғы Жолдауы реформалық сипатты жандандыру тұрғысында емес, осы жылдары бастау алған жаңашылдық идеяларды жүзеге асыру тетіктерін жақсартуға бағытталды. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатын жақсарту әр адамның өз мүддесі үшін құлшына еңбек еткенде ғана қол жеткізетін құндылық екенін айтты. Ол үшін экономикалық әлеуетті жаңаша дамыту қажет екенін атап көрсетті.

Елбасының бір баса назар аударғаны, ол – ішкі нарықты нығайту жайы болды. Осы күнге дейін сырттан бәрін тасыдық. Тіпті, тіс шұқитын шыбықты да өзімізде шығаруға болар еді ғой. Ал, азық-түлік өнімдерін көрші елден әкеліп, сауда орындарымызды самсатып қойғанымыз өз туған Отанымызға жаны ашымастықтың айқын көрінісі.
Енді ет пен сүтті шетелден тасымай-ақ, өзімізде өндіруге болатынын Елбасы жайдан жай айтып отырған жоқ. Үстімізге киетін жейдені де импортқа алып, ақшамызды сыртқа шашудамыз. Көрші Қырғыз елі құрлы жейде-көйлек шығаруға қауқарымыз жетпегені ме?!
Бұл шынымен, ойланатын мәселе. Сыртқы импортқа емеурін танытқанымызбен көшіміз алға озбайды. Ондай мемлекет тәуелсіз ел бола алмайтынын тілге тиек етті. Өз өнімімізді өзіміздің ішкі нарыққа енгізгенде ғана еңсеміз тіктелетінін еске салуының бір сыры осы.
Бизнеске мемлекеттік қолдау жақсы жолға қойылғаны анық. Бұл саланы несиелеудің де өз қайтарымы болуы тиіс. Оңтайлы жолды емес, тиімді бағытты таңдаған кәсіпкер өз мақсатына жете алады. Оның мемлекетке де пайдасы тиеді. Әйтпесе, бизнес тек пайда табудың көзіне айналып бара жатқанын жоққа шығара алмасақ керек. Бұл ретте Елбасы кәсіпкер жеке табысты емес, елдік мүддені бәрінен жоғары қоюы қажет екенін еске салып өтті.
Әрине, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, сот, құқық қорғау жүйесін жаңа заманға лайықтап қайта құру өз алдына, мегаполистік өңірлер әлеуетін арттырудың маңызына да тоқталды. Бұл ауылдардың болашағы жоқ дегенді білдірмесе керек. Керісінше, «Ауыл – елдің бесігі», «Өз жеріңді танып, біл!» жобаларының астарында қазақтың туған жері қашанда асқақ тұруы тиіс екенін тілге тиек етті. Бұл қазіргі рухани жаңғыру бастамасымен де астасып жатқанын аңғарамыз.
Меніңше, елдік мәселе қашанда асқақ тұруы тиіс. Бізге маңайымызға қарайлайтын уақыт туды. Жапатармағай бәрі жақсылық екен деп тықпалаудың да жөні жоқ. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды басты нысана ете отырып, экономиканы да, әлеуметтік саланы да алға бастыруға болады. Ол үшін бұл істен ешкім сырт қалмауы тиіс. Әрбіріміз ел менікі дейтін түйсікте еңбек еткеніміз абзал. Сонда ғана туған Отанымыз – Қазақстанның басқалардан мерейі одан әрі асқақтай түсетін болады.

Бақыт Смағұл,
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар