Сала ардагерлері

2015 жылдың 8 қарашасында статистика органдарына 95 жыл толады. Статистика ерте заманнан келе жатқан ғылым.

Ол билік пен халыққа өте қажетті қызмет түрлерінің бірі. Өйткені, статистикалық деректерсіз қоғамдық даму жоқ. Статистика тек  фактілер мен сандар жиынтығы ғана емес, біріншіден, адамдардың еңбегінің нәтижесін көрсететін үлкен бір сала. Ол ыждаһаттылық пен мұқияттылықты талап ететін жауапты жұмыс учаскесі. Ал, мұндай қасиеттерге көбіне-көп әйелдер бейім десек, біздің Ақмола облыстық статистика департаментінде де қызмет атқаратын 80-нен астам  адамның тоқсан  пайызы әйелдер.
Солардың ішінде есімдерін мақтанышпен ауызға алуға болатын еңбекқор әйел заты көп. Бұл орайда,  осы салада 40 жылдан астам еңбек еткен Алтын Қасымова мен Любовь Шульгинаны ерекше атауға болады. Алтын Әуапқызы еңбек жолын осы статис-тика басқармасында аға экономист лауазымынан бастаған. Кейін облыстық басқарма басшысының орынбасары қызметіне  дейін көтерілді. Бұл екі ортада талай жұмыс буынынан өткен тәжірибелі қызметкер өзінің бай тәжірибесін жастардың бойына да сіңіре білді.
Алтын Қасымованың басшылығымен  2005 және 2010 жылдары облысымызда екі ірі халықаралық мульти-индикаторлық кластерлік зерттеулер өткізілді. Бұл зерттеулердің мақсаты – еліміздегі әйел-аналар мен балалардың жағдайын жете зерделей түсу еді. Әдетте, мұндай жұмыстар басшыдан үлкен сабырлылық пен ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді. Осы сыннан сүрінбей өткен білікті басшы 2009 жылы облысымызда ұлттық халық санағын өткізу жұмыстарына да ойдағыдай жетекшілік етті. Осы саладағы көп жылғы жемісті жұмысы үшін Алтын Әуапқызы «Қазақстан Республикасы статистикасының үздігі» құрметті атағына ие болды. Бұл күнде ұлы Асқар мен қызы Әселге өнегелі тәлім-тәрбие беріп, үш немере сүйіп отырған асыл жар, бақытты ана зейнет демалысында болса да, ұжымнан қол үзген емес.
Осындай жылы лебізді Л.П.Шульгинаның атына да білдіруге болады. Ол да аға экономист лауазымынан өсіп,  бұрынғы Көкшетау облыстық статистика басқармасында бөлім меңгерушілігіне дейін көтерілді. Төрт рет бүкілодақтық халық санағының өткізілуіне атсалысқан еңбекқор жан жұмыстағы табыстарына өзінің тапсырылған іске зор жауапкершілігі мен тындырымдылығы арқасында жетті. Біздің жұмысты әсте де оңай деп айтуға болмайды. Қазір зейнет демалысындағы осы Любовь Петровна да үй шаруашылығы кітабын жүргізу және тексеру мақсатында талай рет аудандарға іссапарға шығатын.
Біздің жаңадан жұмысқа келген жас мамандарымыз бүгінде бала-шағаларының ортасында, көп жылғы еңбектерінің зейнетін көріп отырған осындай статис-тика ардагерлерінің іс-тәжірибелері мен өнегелі өмірлерінен үйрене түссе екен дейсің.  95 жылдық мерейтой алдында сала жұмысының ыстық-суығына төзе білген осы бір ұлағатты жандарға зор денсаулық тілеп, статистика органдарының бір ғасырлық тойында да төрімізде отыратын болыңыздар деген игі тілегімізді арнағымыз келеді.

Жанна  САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық статистика департаментінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар